2022 жылдың 14 желтоқсанында елімізде еңбек адамының мерейін арттыру мақсатында арнайы қаулы қабылданды. Ол бойынша қоғамдағы еңбек құнының идеологиясын насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Еңбек адамының беделі мен мәртебесі туралы Мемлекет басшысының әр жолғы Жолдауында да кеңінен айтылып келеді. Расында да, еңбек – бәрін жеңуші күш. Еңбек еткеннің еңсесі қашан да биік екені сөзсіз. Бүгін ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті еңбектен бақыт тауып, саналы ғұмырын өнегелі еткен жан туралы сараптамақ. Өмірі мен еңбегін қаракөл шаруашылығына арнаған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ерекше тағдыр иесі Хисметолла Ысқақұлы Үкібаев туралы жазбақпыз.
БЕЙНЕТПЕН
ЕСЕЙГЕН
БОЛАШАҚ АКАДЕМИК
Болашақ академик 1937 жылы 10 қазанда Астрахан облысының Байбек ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан еңбек пен бейнетке жақын болған жанның тағдыр жолы оңай болмағанын еңбек адамының өмірбаянына көз жүгіртіп отырып анық аңғардық. Ол өзге қатарластары секілді алаңсыз балалықты сезініп, қара кешке дейін доп та қуаламаған. Отбасының тірегі, асыраушысы болған әкесі соғыста қаза тапқан соң анасы мен бауырларына қарайласу міндеті сол кезде небәрі төртінші сыныпта оқитын Хисметоллаға артылған. Бала болса да, болашағынан зор үміт күттіретін тұңғышына анасы да үлкен адамша арқа сүйейтін. Зор жауапкершілікті сол кездің өзінде сезінген болашақ академик алғашқыда колхоздың егінін күзетсе, кейін сиыр баққан.
Үлкен адамдарша еңбек етіп жүрген Хисметолла мектепті де үздік оқып, білімді еш уақытта екінші орынға қалдырмаған. Сөзімізге дәлелді жетінші сыныптан соң-ақ зерек балаға колхоз есепшісінің көмекшісі қызметін сеніп тапсыруынан айқын аңғарамыз. Тіпті, оған мектеп бітіргеннен кейін ауылда қалып, жақсы қызметке орналасуына да мүмкіндік зор болды. Бірақ, «қайтсем де елге пайда тигізіп, үлкен ғалым боламын» деген асқақ арман мен айқын мақсат бозбаланы жоғары білімге жетеледі де тұрды.
«Сегізінші сыныпты тәмамдаған соң Атырау облысының Сафоновка ауылына аттандым. Онда ата-анасы соғыста қаза тапқан балаларға арналған оқу бар еді. Үкіметтің жасаған жағдайы сол, ондағы балаларды тегін оқу, тамақ, киім, тұратын орынмен түгел қамтамасыз ететін. Бірақ, мен Ресейде туылғандықтан, тек қана жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігін пайдалана алады екенмін. Сонда анам менің білім алуымды барынша қолдап, балалар үшін алатын 72 рубльдің 30 рублін әр ай сайын маған аударып отыра алатынын айтты. Ол кезде бір рубльге 700 грамм қара нан түсетін», – деп еске алады кейіпкеріміз қиын жылдарын.
Алайда, уақытша қиындық болашақ академиктің білім алуға деген құштарлығын қайтара алмас еді. Тек анасының сырқаттануы бозбаланы білімге деген арманынан алыстатқандай болды. Әдеттегідей тіршілік, отбасындағы кішкентайларды асырау… Осылайша, Хисметоллаға жұмысты қайта жалғастыруға тура келеді. Күйбең тіршілік үшін ол есепшінің көмекшісінен бастап кейін есепші, кітапхана меңгерушісі, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, тіпті киномеханик те болған.
Жағдай тұрақталған соң ғана, 1958 жылы Хисметолла Ысқақұлы Саратов мемлекеттік ветеринарлық институтының сырттай бөліміне оқуға түскен. Ол қай кезде де өзінің тәжірибесімен әрі ерекше қабілет-жігерімен көзге түсіп, қатарластарынан оза шабатын.
«Ол қазір 86 жасқа аяқ басса да, әлі күнге ғылымнан бой алыстатқан емес. Таңғы төрттен тұрып, қызу жұмысына кіріседі. Айналасындағылардың бәріне жақсы көңіл-күй сыйлай жүреді. Өз жұмысына деген сүйіспеншілігі сондай, әлі де жаңа дүниелер жасап шығуға барын салады», – дейді академиктің аяулы жары, досы әрі әріптесі Рабиға Шәмекенова.
ҚАРАКӨЛ
ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА
ҚОЛТАҢБАСЫ
ҚАЛҒАН ҒАЛЫМ
Хисметолла Үкібаев «Ердниевский» колхозында комсомолшыларды қой қырқуға жұмылдырған. Ал, өзі механиктің техникасын меңгеріп, шаруашылық жұмысын ширатты. Жұмысқа деген ынтасы жоғары жігітті шаруа қожалығының зоотехнигі, қаракөл өсіру маманы Ф.Мохова байқап қалып, фермаға зоотехник етіп жолдайды. Осылайша, ойламаған жерден Хисметолла Ысқақұлының қаракөл шаруашылығындағы қызметтік жолы басталып кетеді. Бұл бағытта кейіпкеріміз талай жетістікке жетіп, түрлі жаңалық ашқанымен, саланың қызығы мен шыжығы қатар жүрді. Бірақ, мақсаты айқын азамат ғылыми ізденісті бір сәтке де тоқтатқан емес. Керісінше, қиыншылықтан күш алып, ғылыми ізденісті жалғастырған.
Селекционер маман осылайша өз жұмысына қызығушылықпен ден қойып, қаракөл шаруашылығын жандандырды. Терісі жеңіл өнеркәсіп саласында қол жетпестей бағаланатын қойдың жаңа, өзгеше тұқымдарын шығара бастады. Оның ішінде ерекше түстер, алтын, платина түстес, қызғылт, көгілдір реңктер көпшіліктің таңданысын туғызатын. Білікті маман жаңа түрлер шығару үшін әр елден өзі таңдап жүріп қой алып келгенін де ерекше ықыласпен еске алады.
«Менің арманым Қазақстанға келіп, жаңа қой тұқымын шығару болатын. Ол арманыма жеттім де. 1974 жылы қазақтың семіз құйрықты қойлары өсірілетін «Қызыл ту» кеңшарында сыртқы түрі жағынан етті-майлы бағыттағы қойға ұқсас, қозысының өнімділігі жоғары қой түрін өсіру бағытында жұмыс жасадық. Жаңа түрден өзгеше реңк алу да басты мақсат болды», – дейді Хисметолла Ысқақұлы.
Қаракөл елтірісінің жаңа түсін алу бағыты бойынша жұмыстар 1991 жылы аяқталғанын, алынған өнімдер халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде көрсетіліп, білікті мамандар тарапынан жоғары бағаланғанын атап өткен жөн. Көрменің бас комитеті Хисметолла Үкібаевты халықаралық көрменің Үлкен Алтын медалімен марапаттағанын да айта кетейік.
«Реңк алу жұмыстары тоқтағанымен, етті-майлы бағыттағы қой өндіру жұмыстары жалғасты. 1998 жылы ведомствоаралық комиссия сарапшылары табынды сынақтан өткізді. Нәтижесінде, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі етті-майлы бағыттағы құйрықты қойдың Атырау тұқымын жаңа түр ретінде бекітті. Шынымды айтсам, бұл түрді «қазақы тұқым» деп атағанын қалар едім», – дейді Хисметолла Ысқақұлы.
Айтпақшы, авторлар ұжымы осы еңбегі үшін ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Хисметолла Үкібаев қаракөл шаруашылығын жолға қоюға көп уақыт пен күш жұмсады. Оның жетекшілігімен Атырау облысында «Гурьевтік сұр қаракөл қойының көк түсті түрі», «Сұр түсті қазақы тұқым түрі», қазіргі Түркістан облысында «Байырқұм тұқымының күміс түстес түрі», «Сырдариялық сұр қаракөл қойының көгілдір түсі» сияқты түрлер жаңадан қалыптанған.
Хисметолла Ысқақұлының қаракөл шаруашылығы туралы білері көп. Өмірінің көп бөлігін арнаған сала туралы сағаттап айтып беруге бар. Академикпен арқа-жарқа әңгіме құрған адам көп жайттан хабар алары сөзсіз. Әңгімені қызықтыра айтқанда жай ғана тыңдаушы емес, өзіңді осы салада білім алушы секілді сезінесің. Мысалы, африкалық қаракөл қойының Орталық Азиядан шыққанын біреу білсе, бірі білмес.
«МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР…»
Ғылым мен білімнің күн санап қарқын алуы Қазақ КСР-інде қаракөл қойының санын 6,5 млн-ға, елтірінің жыл сайынғы өндірісін 2,5 млн-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Оның үстіне ол кезде қаракөл терісінің құндылығы сондай алтынмен бағаланған. Құны бір теріге – 9 грамм алтын.
Кезінде қаракөл шаруашылығы қарқынды дамып, елімізде қаракөл институты, асыл тұқымды қой шаруашылығы, қаракөл зауыты болғанын да айта кету орынды. Бұл күнде саусақпен санарлық қана қалған шаруашылықтар ел экономикасын дамытуда зор үлес қосқан еді. Қаракөл өндірісі жақсы қарқын алып, экономиканың «алтын қорына» тура және ауыспалы мағынада да үлес салған еді. Бірақ, өкініштісі, КСРО ыдырағаннан кейін қаракөл шаруашылығы да ыдырай бастады. Тіпті, қой атаулыны түгел үлестіру туралы шешім қабылданды. Қаншама жылдарды елдегі қаракөл өндірісін өркендетуге жұмсаған халықтың сол кездегі күйі айтпаса да түсінікті. Содан бері әлі елімізде қаракөл шаруашылығы тұралап тұр. Аталған бағытта жұмыс жүргізіп отырған шаруашылықтар жоқ емес. Бірақ, саусақпен санарлық қана. Яғни, осыдан отыз жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда теңіздің тамшысындай деуге болады. Десек те, қаракөлге деген сұраныс әлем елдерінде тым жоғары.
«Ессентукиде қаракөл терісінен түрлі киім-кешек тігіп шығаратын жеті бірдей фабрика жұмыс жасайды. Біз ол жерді өз көзімізбен де көрдік. Облыста осынша фабрика болғанымен, бірде бір қаракөл шаруашылығы жолға қойылмаған. Теріні Өзбекстан, Ауғанстан сияқты елдерден, түрлі аукционнан сатып алады. Есесіне, өнімдер үлкен сұранысқа ие. Теріден тігілген киімдерді сатып алу үшін шетелдіктер де жиі келеді. Қазақстандықтар да Ессентуки фабрикасының қызметіне жиі жүгінетін көрінеді. Халықтың сұранысына сәйкес мұнда әр түрлі түсті қаракөл терісінен бас киім, тон, костюм секілді сыртқы киімдер тігіледі. Қаракөл терісіне және өнімдеріне деген сұраныс әлі де жоғары. Оның сапасы мен әдемілігі көпшілік айта беретін құндыз ішіктен кем түспейді. Қаракөл өндірісін бір кездегідей деңгейге жеткізуге болар еді. Мысалы, біздің Түркістан қаласы қазірдің өзінде туристік қалаға айналып келеді ғой. Сол ретте біз Түркістанда арнайы көрме ұйымдастыруға ұсыныс жасаған едік. Бірақ, қолдау болмауынан бұл мүмкін болмады. Біздің елдің климаты да қаракөл қойын өсіруге қолайлы. Өндірісті де қолға алуға болады. Кедергілер мен қолдаудың болмауын былай қойғанда, біздегі өнім де сол сырттан сатып алып отырған дүниеден кем түспейді», – дейді Рабиға Шәмекенова.
Осы ретте көршілес Өзбекстан басшысы қаракөл шаруашылығын дамыту шараларын қолға алып, арнайы жарлық та шығарғанын айта кеткіміз келеді. Онымен қоса республикалық «Коракулчилик» бірлестігі жанынан арнайы қор да құрылған. Оның қаржысы мал шаруашылығын біріздендіруге жұмсалады. Сонымен қатар, елдегі бірқатар облыста асыл тұқымды қойдың жоғары элиталық класын өсіруге мамандандырылған ғылыми-селективтік тәжірибе станцияларын құру да қаржыландырылмақ. Ал, біздегі жағдай туралы саналы ғұмырын қаракөл шаруашылығын жандандыруға арнаған академик пікір білдіреді.
«Бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау керек. Қой өсіруге, оны күтіп баптауға деген қызығушылығы бар кәсіпкерлерді тарту қажет. Тері өңдейтін фабрика салу да маңызды атқарылуы тиіс шаруалардың бірі. Қаракөл тұқымын көбейтумен айналысатын шаруашылықтарға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету жөн. Жайылымдық жер, оны бағатын шаруа, терісін өңдейтін фабрика… Жалпы, оңтайлы әрі бірізді жұмыс жүргізу қажет. Қаракөл өндірісін қалыпқа келтірсек, мемлекеттің де қанжығасы майланар еді. Барға қанағат деп қарап отырмай, жан-жақты мүмкіндікті пайдалану жөн», – деп санайды Хисметолла Ысқақұлы.
Әзірше бұл мәселе тек күн тәртібінде қалып, шешім таппай келеді. Қаракөл терісімен еліміз дамып кетпесе де, отыз жыл бұрын түсім қандай болғанын естен шығармаған абзал. Бұл ел экономикасын дамытудың бірден-бір әрі өзімізге таңсық емес жолы деуге болады. Кезінде төрт мезгілін төрт түлік күтіміне арнап, көл-көсір пайдаға кенеліп жатқан халқымыз үшін қой шаруашылығын қалыпқа келтіру қиын болмас. Ата-бабаларымыз «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп бекер айтпаған. Бірақ, бұл жерде мемлекеттің қолдауы да соншалық маңызды, таразының тең басын басып тұр.
Өмірін еңбекке арнап, ғұмырын халық игілігіне жұмсап келе жатқан жандар Хисметолла Үкібаев пен Рабиға Шәмекенова – нағыз тәжірибелі мамандар. Еңбекте қайратты, өмірде де әзіл-қалжыңы жарасқан жұп. Мемлекеттік наградалары мен марапаттары да жетерлік. Бірақ, соның бірін де мақтаныш етіп, кеуде керуді білмейтін жандар отбасының тірегі болып отырған жайы бар. Қос ғалым әлі күнге ғылыми жұмыстарын жалғастырып, қаракөлдің «қайран дәуренінің» қайтып келетінінен үміт үзген емес.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Жаңа Қазақстан» деп жар саламыз, бірақ қайтсек сол жаңашылдыққа жетеміз?! Мемлекет басшысы бұл сұрақтың жауабын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып өтті. Көтерілген мәселелерге орай Жолдау «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген тақырыпты арқау етті. Онда Президент еңбек адамының құрметке ие болуы керектігін атап айтты. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, еңбек еткенге бақыт басын исе, еңбектің кімді де ер атандырары анық. Еңбек еткеннің еңсесі де биік. Айналамыздағы еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіп, оларды насихаттау да кезек күттірмейтін шаруа.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ