Жауынгерлік оқудың жаңа кезеңі басталар алдында мамандық бойынша дайындық болып, оның барысында әскери қызметшілер өздерінің лауазымдық міндеттерін зерделеп, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы меңгерді. Ол аяқталғаннан кейін бақылау сабақтарында алынған білім мен дағдыларды қандай деңгейде меңгергені тексерілді.
Бөлімшелерді (есептоптарды, экипаждарды) даярлау ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда бөлімшелердің далалық машығы мен үйлесімділігін жетілдіру мақсатында жүргізіледі. Мұндай дайындық кезінде дұрыс тактикалық іс-қимыл, қару-жарақты ұрыста шебер және тиімді қолдану, бөлімшелердің атысын басқару және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ерекше назарға алынады.
Бөлімшелер құрамында әскери қызметшілер жалпы әскери ұрыстың динамикалық тұрғыда өзгеретін жағдайына қарай оқу-жауынгерлік міндеттерді шешуге үйренеді. Офицерлер мен сержанттар бөлімшелерді басқару машығын жетілдіріп, іс жүзінде жауынгерлік іс-қимылды моральдық-психологиялық қамтамасыз ету қағидаттарын меңгереді.
Бір ай ішінде бөлімшелер құрамында әскери қызметшілер атыс, тактикалық, арнайы және басқа да жауынгерлік даярлық пәндері бойынша нормативтерді, сондай-ақ әртүрлі ұрыс жағдайында бөлімшелердің іс-қимылының әдіс-тәсілдерін орындау техникасын пысықтайды.
Сабақтар «қарапайымнан күрделіге» қағидаты негізінде ұйымдастырылады. Жеке құрамның бірлік ретінде әрекет ету қабілеті, бір-бірін ишарамен түсіну – дайындық деңгейінің басты көрсеткіші.
Бөлімшелерді даярлаудың соңғы кезеңінде әскери атыс алаңдары мен оқу-тактикалық полигондарда оқытуда қолданылатын қару-жарақтың барлық түрінен жауынгерлік атыстар өтеді.
Бөлімшелердің жауынгерлік атыстары күндіз де, түнде де шабуылда, қорғаныста, басқа да әрекетте бөлімшелердің іс-қимылын көздейтін тактикалық даярлық тақырыптарының бірі бойынша жүргізіледі. Атыстардың кем дегенде 30%-ы түнгі уақытта орындалады.