Қайраткердің қосағы / Мария Шоқай – 135 жыл /

0
1874
Мұстафа және Мария Шоқайлар. Тбилиси. Грузия. 1919 жыл

1917 жылдың соңында өмірге келген Алашорда үкіметін тілге тиек еткенде, бірінші кезекте Әлихан Бөкейхан есімі аталса, Түркістан автономиясы туралы сөз болғанда, еріксіз тілімізге Мұстафа Шоқай есімі оралады. Ол Түркістанды автономиялы мемлекет етіп құрудың басынан аяғына дейін жүрді. Өмірдерегіне көз жүгіртсек, 1914 жылдан бастап өмірінің соңғы 1941 жылдарға дейінгі аралықта түркі әлеміне қатысты маңызды оқиғалардың бел ортасында жүргенін көреміз. Түркі халықтарының бірігуі үшін аянбаған күрес жолында қайраткердің қасынан табылған бірден-бір адам аяулы жары Мария Яковлевна (1888-1969) болатын.

Мұстафа Шоқай өмірінің біраз бөлігін өткізген Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласындағы ескерткіші

АРАЛАРЫНДАҒЫ
ӨЗАРА КӨМЕККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
МАХАББАТҚА ҰЛАСТЫ

Мұстафа Шоқай 1913 жылдың жазында үйленуге әрекет жасаған екен. Ол жағдай былай болған: Шоқай мен оның заң факультетінде бірге оқыған досы Сейілбек Жанайдаров Троицк қаласында тұратын қазақ ақсүйектерінен шыққан, кезінде Қазақ университетін бітірген Жансұлтан Сейдалиннің оқыған бір қызы бар екенін естиді. Екі жігіт қызды көру және ұнатқан жағдайда үйлену мақсатында Троицкіге барады. Олар қызды, ал қыз болса екеуін де ұнатады. Содан қыз қайсысын таңдарын білмей екіұдай ойда қалып, мұның шешімін әкесінің қалауына қалдырады. Әкесі болса студент Мұстафаны емес, сол жылы заң факультетін бітірген Жанайдаровты өзіне күйеу бала болуға лайықты деп шешеді. Міне, Мұстафа Шоқайдың алғашқы үйлену әрекеті осылайша сәтсіз аяқталған. Дегенмен, қайраткер азаматтың өмірлік серігі ұстанған бағытын түсінетін парасатты жан болып жолығады.

Тағдырдың Мұстафа мен Марияны кезіктіруінің өзі кездейсоқтық емес. Мұстафа большевиктердің қолына түспеу үшін бір ауылдан екінші ауылға кетіп, Ферғана тауларында қыстақтар мен ауылдардан өтіп, ақпан айының (1918) соңы немесе наурыз айының бас кезінде Ташкентке келіп аялдайды. Бұл кезде большевиктер әр жерде оны іздеп, басына бір млн рубль ақша тіккен болатын. Сондықтан ол өте сақтықпен әрекет етіп, жанына бір өзбек қорғаушы ертіп, өзбектерше киініп жүрді. Күндіз үйде жасырынып, тек түнде ғана таза ауада тыныстау үшін көшеге шықты. Ол 1916 жылы Керенский басшылығындағы Дума делегациясымен бірге келген кезде танысқан бір орыстың үйінде тұрып жатты. Үй генерал Яникеев тұрған ғимараттағы бір пәтер болатын. Ташкентте Өлкелік соттың мүшесі болып қызмет атқаратын бұл танысы бірнеше ай бұрын музыкант әйелінен ажырасып, жалғыз тұрып жатқан еді.

Ташкентке келгеніне шамамен он күннен кейін, бұл тұрып жатқан үйге бұрынғы күйеуін іздеп әрі қалған кейбір заттарын алу үшін Мария Яковлевна келеді. Екеуі бір-бірімен 1916 жылы Дума делегациясымен бірге Ташкентке келгенде танысқан. Сол жолы Мұстафаның лицей жылдарынан достары болған генерал Яникеевтың екі қызы, бірі Мариямен бірнеше рет бас қосып, әңгімелескен де болатын. Және Мұстафа Ташкенттен жасырын шығып кетуіне жәрдемдесетін сенімді бір адам деп осы Марияны таппай жүрген еді. Екеуі де бұл кездесуге қатты таңырқайды. Өйткені, Мария Қоқандағы Түркістан автономиялық өкіметін большевиктердің құлатқандығын, оның Бас министрі Мұстафа Шоқай өлтірілді деп естіген. Бірақ, оның тірі, өзінің бұрынғы үйінде тұрғанын көргенде тіптен есі қалмады. Мұстафа оған жағдайын айтып, жәрдем сұрайды. Ал, Мария өзі тұрып жатқан үйдің мекенжайын береді.

Өзі болжағандай-ақ Марияның көмегімен Ташкенттің тыныш аудандарының бірінен бақшалы жер үй жалдады. Мария да Мұстафаға қажетті заттарды қаладан әкеліп, үйге жиі келіп тұрды. Араларындағы өзара көмекке негізделген қарым-қатынас уақыт өте келе махаббатқа айналады. Содан 1918 жылдың 18 сәуірі күні бір өзбек имамның алдында некелерін қидырады.

«Көпшілік алдымен дәрет алып, сонан соң бәрі бірдей намазға тұрды. Намаздан кейін еркектер жағы түйелерге қарай беттесе, әйелдер жағы қойлар мен сиырларды саууға кірісті. Мұстафа мені қасына шақырып алды да екеуміз әрі-бері жүріп серуендедік, ол маған бұл жердегілердің бәрі менің орамал тағысыма, қимыл-әрекеттеріме ырза болғанын айтты. «Бұл уақытқа дейін олар орыс әйелі туралы басқаша пікірде болатын. Өз ұлтымның өкіліне үйленбеуім оларда реніш сезімін тудырғанымен, аз уақытта еуропалық әйелге азиялық әдеттерді қабылдата алғаным үшін мені кешіріп, саған құрметпен қарай бастады. Мен имаммен Петербургтағы өмірім туралы көп әңгімелестім. Ол өте ақылды кісі. Үш рет Меккеге барған. Түрлі елдердің адамдарымен танысқан. Өзге елдердегі мұсылмандар туралы айта келіп, маған «Егер сіз бақытты болсаңыз, мен сізбен келісемін, жұбайыңыз өле-өлгенше жолдасыңыз болсын» деді. Көрдің бе, сүйіктім, екеуіміздің қосылуымызды рухани ықпалы күшті адамдар да қостады» деді ағынан жарылған Мұстафа», – деп жазыпты естеліктерінің бірінде қазаққа келін болып, мұсылмандықты қабылдаған Мария Шоқай.

Осы күннен бастап Мария Яковлевна Мұстафа Шоқайдың адал жары және сүйеніші болды.

ЕРІМЕН
БІРДЕЙ ТАУҚЫМЕТТІ
ТАҒДЫР
КЕШКЕН ӘЙЕЛ

Мария Шоқай қосағы өлгеннен кейін атын өшірмеу үшін мұрағаттарын жинауда қыруар еңбек етті. Оның 1958 жылы аяқтаған, 1972 жылы Стамбулда тұңғыш рет басылып шыққан естелігі кейінгі ұрпаққа баға жетпес мағлұматтар береді.

Мария жұбайынан өзіне мұраға қалған жеке құжаттары мен кітаптарының сақталуына да ерекше мән берген. Оларды кейіннен Париждегі Шығыс тілдері және мәдениеттері институтының кітапханасына өткізген. Ең құндысы Мұстафа Шоқайдың рухани мұрасының зерттелуіне зор үлес қосты. Еріне бүкіл өмірін арнаған осынау бір адал, жанқияр әйел 1969 жылы 15 сәуір күні Париждің Ножан ауданында қайтыс болды.

Сөзімізге кері шегініс жасайық. Енді Мұстафа мен Марияға Ташкенттен мейлінше тезірек шығып кету керек еді. Бұл қиындықты да Мария шешті. Ол жоспар бойынша, Мәскеуге ота жасату үшін кетіп бара жатқан адамдай Мұстафаның басы, көзі таңылып тасталып, ауыр жарақаттанған кейіпте пойызға отырады. Ташкенттегі соғыс кезінде медбикелік жұмыс атқарған Марияның қасында жаралы адамның жүруі еш күмән тудырмайды. Сондай-ақ, еріне жалған бір куәлік пен шығу рұқсатын алуды да Мария өз мойнына алады. Ол күйеуін Ташкенттің «тар қапасынан» осындай «айламен» алып шығуға мәжбүр еді.

Одан әрісі екеуін Алашорда мен Түркістан автономияларының одағын құру жолындағы қыруар тірліктер мен тайғақты тар жолдар күтіп тұрған. Мұстафа Шоқайдың соңына шырақ алып түсіп, тіпті өлім жоспарын да құрып қойған бір кезеңде олар екіге бөлінуге мәжбүр болады. Сол сәтте Мұстафа әйеліне мына сөздерді айтады: «Мария Яковлевна, Сіздің тағдырыңыз Сіздің байсалдылығыңыз бен жеке қабілеттеріңізге тәуелді. Біз жоқ кезде Өзіңізді қалай ұстайтыныңызды мен үйретпеймін. Өміріңізде болатын оқиғаларды алдын ала көріп-білу мынадай төңкеріс уақытында өте қиын. Егер тірі болсақ, біз Сізге хабар берерміз, егер тірі болмасақ, оны да еститін боласыз. Сізді бір Аллаға тапсырдық». Бірақ, бұл Мұстафаның жан сауғалап жұбайын тастап кетуі емес, қайта Отан үшін сүйгенін қиып айырылу және Марияның қайсарлығына сенгендігі деп түсінгеніміз абзал.

Міне, 1918 жылдың 24 қараша күні саяси күрес жолында Челябинскіде тастап кетуге мәжбүр болған адал жары Мария жалғыз өзі сапар шегіп, қаншама оқиғаларды бастан өткеріп, 1919 жылы 1 мамыр күні аман-есен Тбилисиге жетеді. Бұл туралы Мария өз естелігінде былай деген: «Менің батылдығыма ағылшындар да таңғалды. Төңкерістік аласапыран кезеңінде жалғыз өзім қазақ шөлдері мен майдандарынан көктей өтіп, Сібірден қашып шығып, ешкімнің қиянатына ұшырамадым. Қазір соған өзім де таңғаламын. Тіпті, тіл де білместен мұндай жолға қалай шыққанмын? Мені Алла сақтап, жаман адамдардың қолына түсірмеді».

Бұл жердегі жалғыз шындық мынау: бір жас әйел жалғыз өзі көк тиынсыз Сібір-Орал далаларын басып өтіп, 1918 жылы 24 желтоқсан күні Челябинскіден жолға шығып, 1919 жылы 20 сәуір күні ағылшындармен бірге жеңіл жүк кемесімен Бакуге барады. Бакуден отарба арқылы Тбилисиге жеткенде Мұстафа Марияны шоқ гүлімен қарсы алып, қауышып, енді қайтып айырылмауға уәде береді.

Марияның өз сөзімен айтар болсақ, бұл уәдесін Мұстафа бір рет те орындамады. Дұрысырақ айтқанда, орындай алмады. Себебі, ол көбінесе жалғыз өзі сапар шегуге мәжбүр болады. Мария болса әрдайым оны үйде оралуын күтті. Ал, Мұстафа жұбайына келесі жолы сапарға бірге шығатындықтарын айтып, уәде беретін. Бірақ, екі адамның жол шығынын көтерерліктей материалдық мүмкіншілік бұл отбасында ешқашан болған емес. Алайда, Мария күйеуіне наразылық танытпаған. Керісінше Мұстафа үшін Мария адал, темірден де төзімді жар бола білді. Түркістанның тәуелсіздігін мұрат еткен идеясына қызмет ететін конференция, семинар, жиналыс секілді саяси жұмыстар өткізу мақсатындағы оның сапарларына ешқашан да тосқауыл болмады. Қайта әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Ендеше, Мұстафа Шоқайдың Түркістанға байланысты жұмыстарының табысқа жетуінде, достарына Париждегі ол тұрған Ножанға «Түркістанның уақытша астанасы» деп айтқызатындай дәрежеде болуында Марияның да зор үлесі болғандығы дау тудырмайды. Ташкент құрсауынан аман-есен шығуына үлкен еңбегі сіңген, тіпті бәлкім тірі қалғандығы үшін қарыздар болған жұбайы Марияға Тбилисиде қауышқан Мұстафа өмірінің бұдан кейінгі бөлігінде де оның жанқиярлық жәрдемін әрдайым көрген.

Бұлар Тбилисиде Мұстафаның газет-журналдарға жазған мақалаларының қаламақысымен күнелтті, бірнеше газетте жұмыс істеп, күнкөріс қамын жасады, Түркістанның саяси жағдайын қалың көпшілікке паш етуге тырысты. Алайда, большевиктердің күн өткен сайын қармағын Грузияға да салып келе жатқандығын байқады. Кейбір орыс демократтары Мұстафаға уақыт өткізбестен Тбилисиден кету керектігін оқтын-оқтын ескертіп отырды. Содан олар Стамбулға жылжиды.

Стамбулда біраз тұрақтап, 1921 жылы Мұстафа мен Мария Францияға виза алып, енді олардың париждік болуы пешенелеріне жазылады. Большевиктер билігінің ұзаққа созылмайтынын, олар биліктен тайғаннан кейін туған елге оралатындығына үмітті еді. Бірақ, олардың бұл үміттері ақталмады. Ресейдегі большевиктер билігінің мерзімі Мұстафа ойлағаннан да әлдеқайда ұзағырақ болды. 1991 жылы бұл өкіметтің құлауын көруге Мұстафа Шоқайдың ғұмыры жетпейтін де еді.

Тағы да кері шегінейік. Парижде Авенью Моцартта ас үйі мен екі бөлмесі бар жеке үйге көшкен кездерінде олардың қуаныштарында шек болмады. Әсіресе, Мария ханым өзін өте бақытты сезінді. Бірақ, бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Бірнеше аптадан соң қолдағы бар ақша таусылды. Мұстафаның жұмыс табуы қажет еді, бірақ Парижге жаңа келген және тіл білмейтін оған жұмыс табылмады. Пәтер ақысын төлей алмай, көшеде қалу қаупі туды.

Мұның амалын тағы да Мария тапты. Ол үйді ресторанға айналдырып, Париждегі бойдақ орыс босқындарына үй тағамдарын жасап сататын болды. Бұл үшін қолда қалған 15 франкпен газетке хабарландыру берді. Хабарландыруда: «Мадам Шоқайдан, 5 франкке үш табақтан (тәрелке) тұратын түскі ас. Алдын ала орын бөлгізіп қою қажет. Түскі ас сағат 12.00 мен 15.00 арасында» делінді. Олардың бұл істері оңға түсті. Ертеңіне алғашқы тапсырысты Ресейдің Ирандағы бұрынғы елшісі берді. Мария ханым бұрынғы елшіден келесі күні үшін 10 франк авансы алып, алғашқы ақылы тамағын дайындады.

Осылайша, Мұстафаның отбасы қыркүйек айынан бастап орыс босқындарына арнап түскі ас бере бастады. Мұстафа да тамақ пісіру ісінде жұбайына жәрдем етті. Бір кездері Бас министр қызметін атқарған ол мұны еш намыс көрмеді. Мұны үйдің күнкөрісін табан ет, маңдай термен қамтамасыз етудің табиғи жолдарының бірі ретінде санады. Тіпті, үйіне келген жолдастарынан мұны жасыруға да тырыспады.

Париждегі алғашқы күндерінде Мұстафаға Мария орасан зор медеу болды. Ол үйде босқындарға тамақ дайындаумен қатар, театрда жұмыс істеп, түстен кейін Малчевский атындағы орыс хорына барып, ән салатын. Хормен бірге Париждің «Альгамбра», «Олимпия» және басқа театр сахналарына шыққан Мария үйіне келе салысымен ертеңгі күннің тамақ әзірліктеріне кірісетін. Мұстафа көкөніс тазалап, үстел мәзірін дайындап, жұбайының ауыр жүгін жеңілдетуге тырысатын. Сонымен қатар, Мұстафаның баспасөзге жазған мақалалары үшін алған қаламақылары да үйдің кірісіне үлес қосатын. Бұл кезде Мұстафа француз тілін де үйренуге күш жұмсайды.

Міне, Мұстафа Шоқайдың отбасы Еуропаның үлкен және қымбат қалаларының бірі болып саналатын Парижде ешкімге және ешқандай ұйымға кіріптар болып алақан жаймастан, өз мүмкіншіліктерімен күн көруге тырысып бақты. Бірақ, мұндай қауырт да ауыр жұмыс ақырында Марияны ауруға душар етті. Үздіксіз жұмыс істеу салдарынан әлсіреген Мария 1923 жылы төсек тартып жатып қалады. Материалдық мүмкіншіліктердің тапшылығы Мұстафаның жұбайын емдету үшін Германияға алып баруына себеп болды. Өйткені, ол кезде Германияда инфляция қарқындап көтеріліп тұрған еді. Сондықтан 100 франкпен Германияда бір пансионда бірнеше ай қалуға болатын. Франкті сатып алу бағасының жоғарылығын пайдаланған олар Германияда алты ай жатты. Мария науқасынан айыққаннан кейін екеуі Францияға қайта оралды.

1923 жылдың қысында Парижге оралғаннан кейін Моцарт көшесіндегі үйлеріне бармай, Париждің бір шетінде орналасқан Ножан ауданынан үй жалдады. Бұған Париждің орталығына қарағанда сырт аудандарында тұрмыстың арзандау болуы себеп болған еді. Олар Ножанда бірнеше үй ауыстырғанымен, өмірлерінің соңына дейін сонда тұрды.

Ножанның аты уақыт өте келе Мұстафа Шоқайдың француз достары арасында ерекше мән-маңызға ие болды. Олар бұл ауданды «Түркістанның уақытша астанасы» деп санады. Өйткені, Мұстафаның үйіндегі әңгімелер көбінесе Түркістан тарихы мен мәдениетіне қатысты еді. Бұл тақырыптағы әңгімелердің бәрі де Марияға бөтен емес-тін. Тілі, діні басқа болғанмен, Мария некелі жарын бұлардың бәрінен де жоғары қойды.

ЕРІНІҢ АРТЫНДА
ҚАЛҒАН МҰРАСЫН КӨЗІНІҢ
ҚАРАШЫҒЫНДАЙ
САҚТАҒАН АДАЛ ЖАР

Мария Мұстафаның өз ажалынан, яғни сүзек ауруынан өлмегендігін, у беріп өлтірілгендігі туралы күдігін өз естеліктерінде де баяндайды. Ол мұндай күдікке итермелеген көптеген себептерді алға тартады. Ерінің мәйітін көруге төрт күннен кейін ғана рұқсат етілгенін, онда да бұл шектеулі рұқсат екендігін, мәйітханаға келгенде мүрдеге жақын жіберілмегенін және емен табын ішінде жатқан мүрдеге әйнек тосқауылдың сыртынан ғана қарай алғанын, неге екені белгісіз Мұстафаның беті қағаз сүлгімен жабулы тұрғанын айтады. Ертеңінде қайтадан мәйітханаға барғысы келсе де, бұл тілегі орындалмаған. 1942 жылы 2 қаңтар күні қабірдің басында өткізілген жаназа рәсімінде қайтадан жұбайының жүзін көруге тырысқанмен, табыттың бетін ашуға рұқсат етілмеген.

Мұстафаның өз ажалынан емес, өлтірілгендігі жөнінде күмәнданған жалғыз Мария емес, оның жанашыры болған бірқатар адам, әсіресе соңғы жылдары бірге жұмыс істеп, жақын қарым-қатынаста болғандардың барлығы бұл мәселеде ортақ пікірде болғанымен, кімнің у бергендігі жөнінде әртүрлі жорамал айтылады.

Мария Мұстафасынан айырылғанмен, 27 жыл бойы ерінің мұраларын күтіп-баптап, мұрағаттарын, кітапханасын көзінің қарашығындай сақтады және Мұстафамен бірге өткізген күндерінен естелік жазып қалдырған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мария бұл баға жетпес материалдарды институтқа өткізбес бұрын Мұстафа Шоқай атын мәңгілік ететін шартын да қабылдатты. Шарт бойынша барлық кітапқа Мұстафа Шоқайдан алынғаны туралы таңба басылды. Сонымен қатар, институтта арнаулы жеке бөлім ашылып, бұл бөлімге өзі мен әкесінің суреттері ілініп, суреттердің астына «Автономиялық Түркістанның алғашқы басшысы Мұстафа Шоқайұлы» деген сөздер жазылды. Осылайша, Париж Шығыс тілдері мен мәдениеттері институтында Мұстафа Шоқай мұрағаты пайда болды. Егер Мария ерінің жеке құжаттары мен кітаптарын институтқа өткізбегенде, ол туралы зерттеулерде көп нәрсе кемшін болар еді.

Автордан: Өлшеулі ғұмырын елінің тәуелсіздігі жолындағы күреске бағыштап, сүйегі шет жұртта қалса да елім деп еңіреген, түркі халықтары бірлігінің жалынды жаршысы болған Мұстафа Шоқай және ерімен бірдей тауқыметті тағдыр кешкен Мария туралы деректер белгілі тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қараның зерттеу еңбектерінен алынғанын оқырман қауымға ескерткіміз келеді.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here