Жеңіске жетелеген жігер

0
1811

Джессика Лонг – бірнеше дүркін Паралимпиада және Әлем чемпионы, 20 әлемдік рекордтың иесі. Америкалық қайсар қыз бар болғаны 12 жасында 2004 жылғы Афина Паралимпиадасында үш алтын медаль алды. Одан кейінгі Бейжің Паралимпиадасында (2008) төрт алтын, бір күміс медаль иеленсе, ал Лондон Паралимпиадасында (2012) бес алтын, екі күміс, бір қола медальды қанжығасына байлады.

Джессиканың азан шақырып қойған есімі – Татьяна. 1992 жылдың 29 ақпанында Ресей Федерациясының Братск қаласында жарық дүниеге мүгедек болып келген. 18 жастағы биологиялық анасы Наталья қос аяғының сүйегі жоқ болып туған сәбиден бірден бас тартып, шақалақты перзентханаға тастап кеткен. Бір жасқа толғанда оны америкалық ерлі-зайыпты Стивен мен Элизабет Лонгтар асырап алған. Бір жарым жаста болғанда сәбидің аяғы кесіліп, ол протезбен жүре бастаған. Қайсар қыз 9 жасында суда балықтай жүзіп, алғашқы жетістіктерге қол жеткізген.

2012 жылы Лондон Олимпиадасынан кейін Джессиканың ұлты орыс екені, Ресейде дүниеге келгені, мүгедек болғандықтан, биологиялық анасының бас тартқаны, содан америкалықтардың асырап алғаны жалпақ жұртқа жария болды.

Джессика Лонг өзінің Ресейде туғанын біліп өседі. Спорттағы жетістігінен кейін ол биологиялық ата-анасын іздейді. Бұл хабарды естіген ресейлік журналистер атақты спортшы қыздың ата-анасын анықтайды. 2012 жылдың 11 қыркүйегінде «Пусть говорят» бағдарламасына спортшының биологиялық анасы Наталья Кириллова қатысып, қыздан бас тарту себебін түсіндірді. Әрине, қыз сол жылдары мүгедек күйінде Ресейде қалғанда бүгінгідей әлемге әйгілі спортшы болмас та еді.

Джессиканың өмір жолы мен жеңіске деген жігері тек спортшыларға ғана емес, жалпы ет пен сүйектен жаралған пенделер үшін де үлгі-өнеге. Әйтпесе, мүгедек болып туған, биологиялық анасы бас тартқан қыз 12 жасында Паралимпиада шыңын бағындырып, 20 жасында 12 дүркін Паралимпиада чемпионы, АҚШ-тың мақтанышына айналатынын кім білген?!

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here