Алматыдағы LRT жыры немесе жеңіл рельсті көліктің ауыр жолы

0
4388
Жеңіл рельсті көлік туралы алғаш әңгіме 2003 жылы қаланың сол кездегі әкімі Виктор Храпунов тұсында айтылса, осы 20 жылда Алматыдағы LRT құрылысы сөз күйінде қалды

LRT немесе жеңіл рельсті көлік десе, әуелі көз алдымызға Елордадағы аяқталмай қалған, қаздай қатар тізілген ұсқынсыз бетондар келеді. Расында, Астана жеңіл метрополитені – еліміздің «сақалды» инфрақұрылым жобаларының бірі. Оның тарихы 2005 жылдан бастау алады. Содан бері бөлінген миллиардтар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені ащы ақиқат. Ауқымды жобаның арты сиырқұйымшақтанып кетіп, ақыры тоқтап қалды. Бүгінде көпшілік бітпеген құрылысты «Жемқорлық ескерткіші» деп те атайды. Ал, Алматыдағы LRT құрылысы да бірнеше жылдан бері сөз күйінде қалып келеді. Жеңіл рельсті көлік туралы алғаш әңгіме 2003 жылы қаланың сол кездегі әкімі Виктор Храпунов тұсында айтыла бастаған еді. Содан бері 20 жыл сырғып өте шықты. Қайын жұртын тонаған әкім шетел асты, қашқын күйеу баладан кейін мегаполисте бес басшы ауысты. Дегенмен, сол әкімдердің ешқайсы істі аяғына дейін жеткізе алмады. Биыл Алматыда LRT құрылысы тақырыбы қайта өзекті бола бастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жеңіл рельсті көліктің ауыр жолына тоқталады.

78 жыл халыққа қызмет еткен Алматы трамвайының жаназасын 2015 жылы сол тұстағы қала әкімі Бауыржан Байбек шығарды

ОҢТҮСТІК
АСТАНАДАҒЫ
ТРАМВАЙДЫҢ ТҮБІНЕ
БАУЫРЖАН
БАЙБЕК ЖЕТТІ МЕ?

Алматыда жастық шағы өткен үлкендерден сұрағанда, қазіргі кептелістерге күйініп, бұл қалада бір кездері трамваймен қатынаған шағын жиі еске алып отырады.

Бұрынғы астанада трамвай жүйесі алғаш рет 1937 жылы ашылды. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан трафик азая бастады, кейбір көшелерде трамвай жолдары біртіндеп бөлшектелді. 1999 жылдан 2015 жылға дейін екі бағыт қана жұмыс істеді, оларға қазіргі Байтұрсынұлы мен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан ең көне орталық деполардың бірі қызмет көрсетті. 2015 жылдың 31 қазанынан бастап қалада трамвай қозғалысы тоқтатылды. Оның түбіне сол тұстағы қала әкімі Бауыржан Байбек жетті. Бұл – талас тудырмас ақиқат.

Трамвай тарихына тоқталсақ. Алматы трамвайын алғаш сынақтан өткізу ісі жұмысшылардың қажырлы еңбегін талап етті. 1937 жылы 7 қарашада мерекелік демонстрациядан кейін трамвай вагондарына жүздеген адам жиналды. Үш күн ішінде Алматы трамвайы кемінде 15 мың тегін жолаушыны тасымалдаған. Бұл қалалық теміржолды сынақтан өткізу үшін керек еді. Трамвай қалыпты пайдалануға берілгенге дейін трамвай вагондарында қала бойынша серуендеу уақытша тоқтатылды. 1-5 желтоқсанға дейін құрылысшылар күн-түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ең алдымен, траншеяларға жоғары вольтты кабельді төсеу керек болды. Соңғы партия трамвай пайдалануға берілгенге дейін үш күн бұрын 27 қарашаға дейін келген жоқ. Инженер-электрик Труновтың басшылығымен кабель үш күнде төселді. 30 қараша күні кешке толық жүктемені тексеру үшін барлық вагондар желіге шығарылды.

Алматыға алғашқы трамвай вагондары 1936 жылы әкелінді. 1938 жылдың басында Алматыда 10 вагон болған, оның жартысы моторлы, жартысы тіркеме вагондар. 1941 жылы трамвай депосы Киров зауытына берілді, трамвайлар Байтұрсынұлы мен Гоголь көшелері қиылысындағы автотұраққа ауыстырылды. Трамвай тресінің басшылығы 1950 жылдарға дейін Мақатаев көшесінде болды. Елуінші жылдардың басында Байтұрсынұлы (бұрынғы Ғарышкерлер) – Гоголь – Масанчи – Әйтеке би көшелерінің алаңында заманауи депо ғимараттары салынды.

Жалпы 1988-1991 жылдарға дейін қаланың ұлғаюымен трамвай желісінің дамуы қарқынды жүріп, қаланың жаңа аудандарына желілер тартылды. Ал, сексенінші жылдары қалада трамвай желілерін ұзарту жобасы іске асырылды. Өкінішке қарай, 1993-1998 жылдары қаланың трамвай шаруашылығы құлдырады. Соның салдарынан жол 29,6 шақырымға дейін қысқарды. Сәтбаев, Шаляпин, Руднев (қазіргі Брусиловский) көшелеріндегі желілер жойылды. Райымбек көшесінің бойымен Қалқаман шағын ауданына баратын жол жабылды. Төле биден Қонаев пен Қайырбеков көшелерінің арасындағы жолдың да көзі құрыды.

2015 жылдың 21 қыркүйегі мен 13 қазанында трамваймен қатысты екі апат орын алды. Қаладағы трамвай қозғалысы мен депоның тоқтатылуына бұл да бір себеп болды.

РЕЛЬСТІ
КӨЛІКТІҢ БАСЫНА
ҚАРА БҰЛТ
ҚАЙ КЕЗДЕ ҮЙІРІЛДІ?

2006-2008 жылдары қалаға шетелдік банктердің түрлі басшылары LRT жобасының құрылысын жүзеге асыру туралы ұсыныстармен келе бастады. Олар жоғары пайызбен несие беру және Үкіметтің мемлекеттік кепілдігі арқылы қаржыландыруға дайын болды. Бұл ұсыныстар бірден қала әкімдігінің басшылығынан қолдау тауып жатты. Осыдан кейін «Алматы қаласын дамытудың 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспары» қолға алынды. Содан «қала бюджеті есебінен барлық трамвай жолдарын күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс» деген қаулы күшін жойды. Соның салдарынан қаланың трамвай шаруашылығын қаржыландыру бірден қысқартылып, тек Еуропадан пайдаланылған вагондар сатып алынды.

2009 жылы LRT жобасының негіздемесін әзірлеу үшін Германия, Нидерланд, Австрия және Сингапур – Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) акционерлерінің құрамына кіретін елдер 900 мың еуро көлемінде өтеусіз грант бөлді. Шетелдік ұйымдар алға тартқан LRT жобасы өте қымбат болып шықты және 2009 жылы 44 млрд теңгені, 2011 жылы 64,2 млрд теңгені құрады. 2011 жылы ЕҚДБ LRT жобасының түйіндемесін шығарды, ол бойынша ілгерілетілетін LRT жобасының жалпы құны 71,4 млрд теңгені құрады, ал жобаның құжаттамасын ілгерілетуге, сүйемелдеуге және дайындауға банк 1,5 млн еуро бөлді. 2013 жылы «БҰҰДБ ҒЭҚ» тапсырысы бойынша «ROM Transportation Engineering» израильдік компаниясы LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындады. Ол бойынша жобаны іске асыру құны 96,3 млрд теңге болды. 2016 жылы жобаның құны 176,8 млрд теңгеге бағаланды.

Естеріңізде болса, 2008 жылы трамвайларға валидаторлар орнатылып, Еуропада есептен шығарылған «Татра Т-4Д» вагондарының кезекті соңғы партиясы сатып алынды. Пайдаланыла бастаған 2-4 жылдан кейін олар белгісіз себептермен есептен шығарылды және метал сынықтарына кесілді, ал ТМД-ның басқа қалаларында бұл вагондар әлі күнге дейін қолданыста жүр.

Осылайша, жергілікті атқамінерлер Алматыда LRT құрылысымен шапқылап жүріп, трамвай шаруашылығына көңіл де, қаржы да бөлуді қойды. Қазір көлік кептелісінен көз ашпай жүрген мегаполисте не трамвай, не LRT жоқ.

ХРАПУНОВ
БАСТАҒАН, ТӨРТ
ӘКІМ АЯҚСЫЗ
ҚАЛДЫРҒАН ЖОБАНЫ
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ
ЖҮЗЕГЕ АСЫРА МА?

Алматыда жалпы ұзындығы 31 шақырым жеңіл рельсті көліктің бірінші кезегі Төле би – Желтоқсан – Райымбек – Құлжа трактісі көшелерімен өтеді. Бұл туралы жыл басында «Алматыгенплан» ҒЗИ бас директоры және Бас жоспарды әзірлеуші Асхат Сәдуов 2040 жылға дейінгі қаланың жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылауда мәлімдеген болатын. LRT бірінші кезеңін 2025-2030 жылдары енгізу жоспарланып отырса керек.

Асхат Кеңесұлының айтуынша, LRT-ның басты артықшылығы метромен салыстырғанда құрылыс мерзімінің қысқа болуы, ал бүкіл қалаға таратқанда жолаушылар ағынының көрсеткіші метромен салыстыруға жақын. Жеңіл рельсті көлік жолаушыларға терезеден қаланы көруге және метро платформасына дейін төмен түсіп, уақытты жоғалтпауға мүмкіндік береді.

«Алматыда жоғары жылдамдықты трамвай дәліздерін құру қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Ұсынылған схемада олар қаланың едәуір бөлігін қамтиды, басқалармен бірге бұрыннан бар сызықтар бойымен өтеді. Бұл бірнеше LRT бағыттарын жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.

Рас, ұзаққа созылған LRT  жобасы туралы биыл да түрлі әңгіме айтылып жүр. Бұл жолы жоспарлар тым ауқымды екен. Шенеуніктер оңтүстік астананың ішіндегі «теміржолды» белсенді түрде дамытып қана қоймай, оны жақын маңдағы Қонаев, Талғар және Қаскелең қалаларындағы рельстермен байланыстыруға ниетті.

Алматыдағы LRT құрылысын іске асыруға тырысқандар аз емес. Бірақ, осы уақытқа дейін ешкім де оны аяғына дейін жеткізбеді. Түрлі банктер техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге миллиондаған қаражат бөлді, алайда қандай да бір себептермен оның да жолы кесілді. Жеңіл рельстер желісі туралы енді қайта айтыла бастады. Жыл басында қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылауда Асхат Сәдуов аталған мерзімде 76 шақырым жол салу жоспарланып отырғанын хабарлады. 2023 жылдың маусымында LRT оңтүстік астанадан тыс шығатыны белгілі болды. Жылдамдық тармақтары Алматы облысы бойынша Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарына созылуы тиіс. Екі негізгі тармақ пайда болуы керек. Бірінші бағыт: Қаскелең – Алматы – Есік – Талғар. Екінші жол Алматы мен Қонаев қалалары арасында болмақ.

Алматы облысы әкімдігінің Баспасөз қызметі биыл Tasyapi Insaat Taahhut San. ve Ticaret A.S. түрік компаниясының Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы бағыты бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кірісетінін хабарлады. Талғар мен Қаскелеңде арнайы автотұрақ пайда болады, онда жолаушылар көліктерін қалдырып, кейін LRT-мен Алматыға дейін қатынай алады.

«Бұл кептелісті азайтады деп күтілуде, өйткені мегаполиске күніне 300 мың адам кіреді. Дегенмен, LRT құрылысы жобасын жүзеге асыруға қажетті инвестиция көлемі әлі белгісіз. Атап айтқанда, шілде айында түрік компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісуді жоспарлап отыр. LRT ұзындығы 80 шақырым, ал екінші кезең құрылысында Алматы мен Қонаевты қосқанда 150 шақырым болмақ», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Жалпы, LRT Алматы мен Талғар немесе Қонаев қаласы арасындағы жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, жолдардағы трафикті жеңілдетеді және көліктен ауаның ластануын азайтады.

LRT жобасы – ең қымбат жобалардың бірі. Оған қыруар қаржы керек екенін жоғарыда жаздық. Ақша жүрген жерде проблема да қатар жүретіні белгілі. Астанадағы LRT жобасының сиырқұйымшақтанып, ақыры жемқорлыққа шатылғаны еріксіз еске түседі. Сабақ алмасқа болмайды. Алматыдағы LRT жобасының басталғанына да ширек ғасырға таяды. Әйтсе де, нәтиже көрінбейді.

Жоғарыда жазғанымыздай, жеңіл рельсті көлік құрылысы көптен бері талқыланып келеді, ол мегаполисті дамытудың Бас жоспарында да бар. Дегенмен, Досаевқа дейінгі бес әкім де нақты іске кіріскен жоқ, бәрі сөз күйінде қалды. Ал, қала әкімдігінің LRT құрылысы туралы әңгімені қайта қозғауы «жығылған жұдырыққа тоймас» дегеннің кері болмаса екен дейсің…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алматыдағы LRT құрылысы туралы сөз болған осы 20 жылда жазғы және қысқы 10 Олимпиада ойындары өтті, Алматының алты әкімі ауысты. Досаевқа дейінгі Алматының бес әкімі LRT құрылысына ақша таппай жүргенде, әлемнің 108 қаласында LRT желісі іске қосылды. Бұл қалалар LRT желісін ақшаларының көптігінен емес, көлік кептелісін азайту, лас ауаны тазарту мақсатында салды. Өкінішке қарай, бұған дейін бәріне табылған қаржының жеңіл рельсті көлікке табылмағаны күрсіндіреді. Оның үстіне ауқымды әлеуметтік жобаға қыруар қаржы құятын инвестордың да оңайлықпен табылмайтыны белгілі. Ал, қаржы тапшылығының желеуімен LRT құрылысын кейінге қалдыра беруден ұтылыс көп.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here