Халықаралық ашық суда жүзу жарысында жеңімпаз атанды

0
1275

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Елдар Шекербек Астананың 25 жылдығына орай, Қапшағай суқоймасының акваториясында өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2023» ашық суда жүзу жарысында жеңімпаз атанды.

Чемпионатқа әлемнің 20 елінен 7 жастан 70 жасқа дейінгі және одан жоғары сегіз санаттағы жүзуші спортшылар қатысты. Елдар Шекербек жүзу шеберлігін көрсеткен Италия, АҚШ, Катар, Испания, Германия, Грузиядан келген көптеген спортшылармен таныс.

«Oceanman Kazakhstan – 2023» жарысында әйелдер мен ерлер арасындағы қазақстандық спортшылар үздік нәтижелер көрсетті және жыл соңында Таиландта өтетін финалға қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Елдар Шекербек Таиландта өткен «Oceanman – 2022» халықаралық байқауында 1-орынға ие болып, Азия чемпионы атанған еді. Әлемнің 36 елінен келген 1200 спортшының ішінде ол 1 сағат 10 минутта ашық теңізде бес шақырым жүзіп, ең жақсы нәтижеге қол жеткізді. Биылғы жарыста спортшылар 800 метр, 1,5 км, 5 км және 10 км қашықтықты еңсерді.

«Oceanman» халықаралық жүзу жарыстары теңізде немесе ашық су айдындарында өткізіледі және салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар арасында жыл сайын танымал болып келеді. Oceanman –  бұл бірнеше рет өткізілетін біріккен чемпионат жарыстары және жыл сайын әлемнің әртүрлі жерлерінде ұйымдастырылады. Біліктілік жүйесінің ережелеріне сәйкес, әр кезеңнен алғашқы 10 әйел мен 10 ер адам автоматты түрде финалға өтеді.

Елдар Шекербекті тағы бір жеңісімен құттықтаймыз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here