Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы билік өкілдері және аграрлық саланың ақсақалдары Алматы облысында келелі кеңес өткізді. «Егінжай күні» деп аталатын дәстүрлі жиынның басты мақсаты – ғылым мен өндірісті бір арнаға тоғыстыру болды. Өйткені, ғалымдардың ғылыми жаңалықтары өндіріске жетпей жатыр. Отандық өндірістің ғылыми өзегі болмағандықтан, тамыр жая алмай отырғаны да рас.
Елімізде ауа райы жылдан жылға өзгеріп, оңтүстік өңірлерде қуаңшылық күшейіп бара жатқаны ащы ақиқат. Осындайда ауыл шаруашылығы тұрақты болуы үшін бір-ақ жол бар. Ол – жерімізге бейімделген сорттарды күшейту. Ал, шетелдік сорттар біздің жер жағдайымызға келмейді. Олар басқа жерде шығарылған интенсивті сорттар. Ғалымдардың айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын ауыл шаруашылығы саласында 70 пайыз отандық, 30 пайыз шетелдік сорттар болатын. Қазір шетелдік сорттардың үлесі артып барады. Әрине, бұл алаңдатарлық мәселе. Содан кейін сорттың өнімділігі де азайып жатыр. Осы 15 жыл ішінде отандық бидайдың өнімділігі 15 пайызға жеткен. Дегенмен, бұл көрсеткіш Ресейде 30 пайызды, Канада мен Аустралияда 40 пайызды құрайды. Міне, жер мен көктей айырмашылық. Сондықтан тұқым шаруашылығына назар аудармасқа болмайды. Екіншіден, ғылым мен ауыл шаруашылығын күшейту керек. Отандық сорттар жоқ емес бар, соны енді өндіріске енгізу басты міндет саналады. Ол үшін субсидия нормасын өзгерту керек болады. Бұрын субсидия отандық сорттарға ғана берілетін. Қазір шетелдік сорттарға да беріледі. Ал, түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында ғалымдардың нақты жоспарлары бар екен.
«Үлкен мәселенің бірі – тұқым шаруашылығы. Біздің селекционерлер сорттар шығарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, әдемі сорттар бар. Енді осыны көбейту керек. Бұл ғалымдардың емес, өндірістің тікелей міндеті. Ең үлкен мақсатымыз – отандық ғалымдардың жетістігін өндіріске енгізу. Өкінішке қарай, қазір елімізде ғылым мен өндірістің сабақтастығы жоқ. Біз ұсыныс беріп отырмыз. Әрбір облыста осы ғылыми институттардың орталығын құрамыз. Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ғылыми зерттеу институты құрылғалы жатыр. Оған институттар қосылады. Солардың әрбір институтта филиалдары болады. Солар арқылы ғалымдардың күнделікті жетістігін жүйелі түрде айтып отырамыз», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Айта кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында отандық ғалымдарға үлкен тапсырма жүктеді. Нақтырақ айтсақ, өнімділігі жоғары әрі қуаңшылыққа шыдамды тұқымдарды ауыл шаруашылығына енгізуді тапсырды. Келелі кеңеске Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарынан 200-ге жуық сала мамандары жиналды. Ғалымдардың айтуынша, бүгінге дейін еліміздің табиғатына бейімделген 500-ден аса ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаңа сорттары жасалған, тек соның 203-і ғана өнідіріске жол тартқан.
«Ғылым мен өндірістің байланысы болмаса, экономикаға тиімділігі болмайды. Мысалы, бүгінгі күні бірқатар зерттеу жұмыстары өндіріске енгізілмеген. Егінжай күнінің басты мақсаты – ұлттық тұқым өндірісін дамыту. Бұл өте маңызды сұрақ. Себебі, отандық тұқымды дамыту және жалпы өндіріске шығару бұл біздің негізгі ұлттық қауіпсіздігіміздің сұрағы болса керек. Бүгінде тұқымдардың 55 пайызын отандық тұқымдар, ал 45 пайызын шетелдік тұқымдар құрайды. Ең бастысы, отандық тұқымды бәсекелестікке төтеп бергізу. Су тапшылығы да өткір мәселелердің бірі. Бізге тіршілік нәрі көбіне көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мен Қытай елдерінен келеді. Сондықтан су тапшылығы байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі су мәселесін шешу үшін тамшылатып суару технологиясын енгізу жобасын 50 пайызға дейін субсидияландырады. Бүгінде елімізде 30 пайыз суармалы жер болса, соның жартысына жуығына тамшылатып суару технологиясы қойылған», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Үкіметтің тұқым шаруашылығына арналған жеңілдетілген несиесі бар. Диқандарға он жыл көлеміне техника, тұқым және тыңайтқыштар алуға қаржы қарастырылған. Субсидия мен несие жұмысын жүйелі жолға қойып, шаруаларға қолжетімді ету қажет. Өйткені, әркім өз күшімен ауқымды іс тындыра алмайтынын айтады салаға жауаптылар.
Индира БІРЖАНСАЛ