Жапондар мұхит ортасында арал-қала салады

0
1944

Жер көлемі біздің Ақтөбе облысынан сәл үлкендеу Жапонияда 125 млн халық тұрады. Күн шығыс елінде бір шаршы шақырымға 336 адамнан келеді. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 23-орында тұр, яғни халқы тығыз орналасқан. Халқы көп, жері аз жапондарға климаттың өзгеруі де жығылғанға жұдырық болды. Сондықтан жапон сәулетшілері қалаларды жобалауға және салуға мүлдем жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр. Бүгінде Жапонияда теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты сәулетшілер нағыз революциялық жобаға кірісті.

Мамандар Догэн атты арал-қаланы салу туралы шешім қабылдады. Жоба авторлары уәде еткендей, мұхитта бой көтерген мұндай қала цунамиге де төтеп бере алады.

Құс ұшар биіктіктен қарағанда Догэн диаметрі 4 километрге жететін және ішінде түрлі нысандар орналасқан шеңбер секілді көрінеді. Оның пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес. Сәулетшілер климатқа төзімді теңіз қаласы болатынын айтады. Болашақтың қаласы саналатын нысан құрылысы 2030 жылы басталады. Қала 10 мың тұрақты тұрғынға есептелген. Сондай-ақ, мұнда бір мезетте 30 мың турист бола алады.

Sputnik.kz порталының дерегінше, қала үш секторға бөлінеді: тұрғын үй сақинасы, өңдеу орталығы және автономды қалқымалы архитектура.

Қайық пішіні ішкі шығанақты табиғи апаттардан қорғауға арналған.

Тұрғын үй сақинасы тұрғын үй инфрақұрылымы ретінде қызмет етеді және ол қоғамдық үйлерді қамтиды.

Деректерді өңдеу орталығы қала шаруашылығын басқарудың операциялық жүйелері мен медициналық деректерді талдау сияқты қызметтерді ұсынады.

Автономды қалқымалы архитектура қала функцияларын икемді қайта конфигурациялауға мүмкіндік береді және ішкі шығанақ бойымен еркін қозғалады.

Айта кетейік, Сингапурда жағдай тіпті күрделі. Қала-мемлекетте  бір шаршы шақырымға 8 570 адамнан келеді. Бұл жер жоқ деген сөз. Сондықтан жасанды арал сала бастады. Айталық, 1990 жылдарға дейін Семакау шағын аралында балықшылар ауылы болған. Барлық тұрғындарын қалаға қоныс аудартқан Сингапур билігі ауылдың жерін өз меншігіне алып, шағын аралда заманауи қоқыс үйіндісін жасауды шешті. Осылайша, қоқыс полигонына айналған аралда 1999 жылы мелиорациялық жұмыстар басталды. Шағын аралдың көлемін ұлғайтып, жасанды арал жасау мақсат болды. Алдымен тасты көтерме тұрғызды, болашақ үлкен аралдың көлемі бойынша ағаш дуал тұрғызылды. Күлдер (қоқыстар) арнайы пластик ұяшықтарға тасталды. Ол күлдер тығыз мембранамен жабылды. Ұяшықтың үстіне өсімдіктер отырғызу үшін топырақ төгілді. 60 млн текше метрден аса қоқыс төгілген аралдың ауданы 350 гектарға дейін өсті. Сингапур билігі бұл жобаны жүзеге асыруға 400 млн доллар жұмсады. Дегенмен, қыруар қаржы желге ұшқан жоқ. Билік «бір оқпен екі қоянды ата» білді. Біріншіден, қоқыс мәселесін жүйелі жолға қойды. Екіншіден, қоқыстың үстіне жасалған «жасанды арал» экологиялық жұмаққа айналды. Бір кездері балықшылардың, кейін қоқыс полигонына айналған Семакау аралы 2010 жылдан бері туристер қабылдайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here