ҚР Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері 16194 әскери бөлімінің өрт сөндіру есептобы шұғыл түрде өртті ауыздықтады.
Өрт әскери қалашықтағы гараждарда болды. Қызыл жалынды патруль құрамында әскери бөлімнің аумағын айналып өткен ефрейтор Альтаир Мұхамедсалимов байқады. Әскери қызметші бірден кезекшіге баяндап, кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер есептобы келіп жетті.
Сержант Бақытжан Қалидолдаевтың басшылығымен құрамында 10 адамы бар өрт сөндірушілер тобы жарты сағат ішінде жалынды ауыздықтады. Орын алған оқиғаны желдің екпіні қиындатты, соның салдарынан өрт көрші ғимараттарға да таралуы мүмкін еді.
– Негізінен бұл гараждарды әскери қалашық тұрғындары қойма ретінде пайдаланады. Біз өрт тұрғын үйлерге немесе әскери бөлімге таралмас үшін тез әрекет еттік. Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ, – дейді сержант Бақытжан Қалидолдаев.
Өртті сөндіру кезінде есептоп әскери бөлімде үнемі өткізілетін сабақтарда алған барлық білім мен дағдыларын пайдаланды. Жедел және батыл әрекеттерінің арқасында оқиға нәтижелі аяқталып, жеке құрамға әскери қалашық тұрғындары алғысын айтып, әскери бөлім командирі полковник Қали Тықыровтың мақтауына ие болды.