Медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған халықаралық форум

0
1822

Бүгін Қазақстандағы туризм, медиа, PR, синтетикалық медиа тақырыбына арналған І Халықаралық туризм және медиа форумының екінші күні. Кеше әлемнің 15 елінен, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге жуық журналистер Алматы облысындағы Көлсай көлдері мен Шарын шатқалына баспасөз турына барды. 

АЙМАҚ
БАСШЫСЫ ТУРИЗМДІ
ДАМЫТУДА
БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ
ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ
МАҢЫЗЫ ЗОР ЕКЕНІН АЙТТЫ

Форумда алғашқы сөзді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, туризмді дамытуда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін, бүгін Қонаевта ауқымды екі шара өтіп жатқанын айтты.

«Екі күн өңірімізге деген назар ерекше болып тұр. Қонаев қаласында қос бірдей халықаралық деңгейдегі шара – Медиа және туризмнің халықаралық форумы және Әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Әлемнің 15-ке жуық мемлекетінің және еліміздің көптеген өңірлерінің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырған медиа форумның маңызы зор. Бұл ірі екі шара өңіріміз туралы ақпараттық кеңістікте оң пікір қалыптастырады деген сенімдеміз. Себебі, Алматы облысы үшін туризмді дамыту – бұл маңызды экономикалық фактор», – деді Марат Елеусізұлы.

Өңір басшысының айтуынша, туризм индустриясы бұқаралық ақпарат құралдарымен, ал қазіргі заманда жаңа медиалар – әлеуметтік желілермен тығыз байланысты.

«Желіге туристік нысан туралы көп ақпарат тараса, сонша көп адам көріп, туристік орындарға келеді деген сөз. Сондықтан туризмді дамытуға сеп болатын медиа құралдарды дамыту маңызды», – деген Марат Елеусізұлы туризмдегі инфрақұрылым, қызмет сапасын көтеру сынды мәселелерге де тоқталды.

Облыс әкімінің сөзінше, өңірде туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымды жақсарту, қызмет сапасын көтеру бағытында Үкіметтің көрсетіп жатқан қолдауы да аз емес.

«Алматы облысында кәсіпкерлер туристік нысандарды салса, шығындарының 10 пайызын, жол бойындағы сервистік нысандарды салса 10 пайызын, туристік автобустар алса 25 пайызын қайтару механизмі қарастырылған. Аталған және өзге де көптеген мәселелерді шешу қазіргі күні әзірленіп жатқан өңірімізде туризмді дамытудың Мастер-жоспарының аясында қарастырылмақ», – деп сөзін түйіндеді Марат Елеусізұлы.

МИНИСТР
ЖУРНАЛИСТЕРДІ
ТУҒАН ЖЕРДІҢ
ТАБИҒАТЫН КӨБІРЕК
НАСИХАТТАУҒА ШАҚЫРДЫ

Қонаев қаласындағы халықаралық медиа форумға қатысу үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астанадан арнайы келді.

«Баршаңызды Жетісу жерінде Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырып отырған форумның ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы – Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру – тарихи әділеттілік болды. Облысқа алғаш рет келіп отырғандықтан, өңір басшылығын осы тарихи шешіммен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, ел арасында «тарих Шумерден басталады» деген сөз бар, ал біздің тарихымыз Іле өзенінен басталады. Тіпті, көне түрік күнтізбелік мүшел жыл санауы Іле өзенімен байланысты. Қонаев құрылғалы бері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі айтып кеткендей, туризмді дамыту үшін бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық насихаты маңызы ерекше. Сондықтан медиа саласы мен туризмді бір арнаға тоғыстырған бүгінгі форум осы тарихи кеңістіктің мүмкіндіктерін одан сайын айшықтап, жалпақ жаһанға таныстыруда терең мәнге ие деп ойлаймыз», – деді Дархан Қуандықұлы.

Министр журналистерді туған жердің табиғатын көбірек насихаттауға шақырды.

«Біздің бай даламызда асқар тау, асау өзендер де, жыныс орман да, айнадай көлдер де, құмды шөлдер де жетерлік. Осы Алматы облысының өзінде жұртқа таныс Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамаларынан өзге Айғайқұм, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы, Ақбұлақ, Ойқарағай, Табаған, түркі дәуірінің бірегей ескерткіші Тамғалы тас қатарлы қаншама ғажап жерлер бар. Біз осы сан қырлы табиғатымызды қаншалықты насихаттап жүрміз?! Біз осы сұлу жерімізді көрсетіп, әр жердің өзгеше табиғатын, өз ерекшелігін түсіріп, насихаттаған жөн деп ойлаймыз. Осыған байланысты арнайы деректі фильмдер желісін түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, экологиялық сауаттылық, демалыс мәдениеті, экожүйемен үйлесім мәселелерін де үнемі назарда ұстаған абзал. Біз қазір сериалдарымызда осы туралы көбірек көрсетіп, мүмкіндігінше еліміздің бай табиғатын ретімен насихаттауға тырысып келеміз. Қысқасы, БАҚ саласы ел туризмінің де бағына айналуға тиіс деп санаймыз», – деді Дархан Қуандықұлы.

Сөз соңында министр осы игі шараны ұйымдастырушыларға және меймандарды қонақжайлылықпен қарсы алған Алматы облысының әкімі  Марат Сұлтанғазиевқа ризашылығын білдірді.

ҚОР
ПРЕЗИДЕНТІ ІШКІ
ТУРИЗМДІ
НАСИХАТТАУҒА ҮНДЕДІ

Халықаралық деңгейдегі ауқымды шараның ұйымдастырушысы – Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы өз сөзінде әлемдік туризмнің пандемиядан кейін дамығанын тілге тиек етіп, былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларына жеткені жөнінде мәлімет айтты.

«Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Әрине, шетелге шығу жақсы, бірақ Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын», – деді отандық журналистиканың дамуына бір кісідей үлес қосып жүрген Нәзия Жоямергенқызы.

Жиын соңында журналистер өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, министрмен, облыс әкімімен пікір алмасты.

Айта кетейік, Қонаев қаласындағы форум Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр, Түркие, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден келген 200 медиа маманның басын қосты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here