БҰҰ мен шетелдік дипломатия корпустарының өкілдері қатысқан дөңгелек үстел

0
1291

2023 жылдың 25 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында офлайн/онлайн форматта «ҚазҰАЗУ агрокәсіпкерлігіндегі MBA бағдарламасы: сын қатерлер мен келешегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, мемлекеттің агрокәсіпкерлік қызметті дамыту мақсаттары және кәсіпкерлікті дамытудың негізгі әдістері мен тәсілдерін оқытуға арналған білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі, БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық кеңсесінің директоры Властимил Самек, БҰҰ Қызметтерді қорғау және қауіпсіздік департаментінің директоры Джастин Рашид, Еуропалық Қайта құру және даму банкінің директоры, доктор Хусейн Ожан (Қазақстан), Түрік Республикасының Алматы қаласындағы Консулдығының білім жөніндегі атташесі Кираз Мехмет,  Қазақстандағы АҚШ, Франция, Германия Консулдығының өкілдері,  Coca-Cola, Efes Kazakhstan компаниялары мен бизнез құрылымдарының, ЖОО басшылары қатысты.

Агро білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларына арналған дөңгелек үстелге қатысушылар –мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мақсаттарын ғана емес, сонымен қатар, инновациялық технологияларды тарту және жастарды ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа әдістері мен әдістемелеріне, оның ішінде агробизнесті және агрокәсіпкерлікті дамыту арқылы оқыту мәселелерін талқылады.

Іс-шараны аша отырып, ҚР ҰҒА Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректор Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орнының ғалымдары мен жас зерттеушілері азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық проблемаларын зерделеу және Қазақстан Республикасындағы орнықты даму мен климаттық өзгерістер, азық-түлік қауіпсіздігінің сын-қатерлерін шешу үшін инновациялар мен инновациялық агротехнологияларды пайдалану перспективаларын талдау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Модератордың айтуынша, ҚазҰАЗУ ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым құрып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, Агротехнологиялық Хаб АӨК-те үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімді іздеу, тарту және беру бойынша жүйелі жұмыс істейді. ЖОО құрамындағы 7 ҒЗИ, 8 инновациялық орталық, 31 зерттеу зертханасы 100-ге жуық зерттеу, енгізу және халықаралық жобаларды орындайды.

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы аграрлық жетекші жоғары оқу орнының басшысы ретінде мен агроөнеркәсіптік кешен үшін кадрлар даярлаудың стратегиялық маңыздылығын атап өткім келеді. Біз қазақстандық студенттерді де, әлемнің көптеген елдерінен келген білім алушыларды да қазіргі заманның ең күрделі мәселелері мен сын-қатерлерін шеше алатын мамандар етіп дайындаймыз. Бұл тұрғыда халықаралық ынтымақтастықты дамыту біздің әлемдік жаңа агротехнологиялар мен білім беру бағдарламаларын тарту жөніндегі қызметімізде маңызды рөл атқарады. Білім беру бағдарламаларын іске асыру саласында біз 140 жетекші университетпен және ғылыми орталықтарымен жұмыс істейміз. Университет 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ Академиялық ықпал ету Бағдарламасының (UNAI) мүшесі болып табылады», – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.

Соңғы уақытта ҚазҰАЗУ зертханалары мен ҒЗИ орталықтары АҚШ, Германия, Франция, Түркия, ҚХР және т.б. елдердің жетекші университеттермен және ғылыми-білім беру мекемелерімен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді жұмыс істеуде.

Мысалы, Қытай аграрлық университетімен (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университетімен байланыс орнатты. Нәтижесінде ҚазҰАЗУ базасында Қазақ-Қытай Су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі орталығын және Агроөнеркәсіпті цифрландыру орталығы құру жөніндегі келісім жасалды.

ҚазҰАЗУ базасында экожүйе мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан-Германия институты құрылды  және «KaGEB» арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Жаңа оқу жылында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалын ашу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай «Су шаруашылығы және мелиорация» бакалавриат, «Су ресурстарын кешенді пайдалану және басқару» магистратура және «Мелиорация және суармалы егіншілік» докторантура деңгейінде бірлескен жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленуде.

2022-2023 оқу жылында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алғашқы түлектері «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің базасында Польша, Нидерланды, АҚШ, Түркия және т.б. елдердің халықаралық дәрежедегі білікті оқытушыларының қатысумен МВА/ЕМВА бағдарламасы бойынша ағылшын тілінде оқып, сәтті бітіріп шықты. ЖОО базасында алдағы уақытта білім алушылар қатарын көбейту жоспарлануда.

Халықаралық экономика, бизнес, мемелекеттік басқару саласында бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда ЕМВА, МВА бағдарламасы бойынша мамандар даярлау үрдісі үлкен сұранысқа ие. Master of Business Administration – Іскерлік Әкімшілік басқару магистрі (МВА) – бұл академиялық дәреже, ол кәсіби басқару саласында жоғары білім алған, дипломы бар білікті мамандарға беріледі.

Оқыту шеңберінде оқушылар үшін агробизнес саласында жеке тағылымдамалар ұйымдастырылды, Еуропа елдерінен үздік оқытушылар шақырылды. Агробизнес бойынша ЕМВА бағдарламасының түлектері мынадай маңызды бағыттар бойынша зерттеулер жүргізді:

– Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық және білім алмасу;

 – Бірлескен зерттеулер мен жобаларды жүргізу;

 – Жастар арасында агробизнес саласында дағдыларды дамыту;

 – Білім беру процесінің цифрлық трансформациясын меңгеру.

«Халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі басты мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарындағы білім мен ғылымның озық тәжірибелерін қолдану арқылы жаңа Қазақстан үшін бәсекеге қабілетті білікті кадрлары даярлау болып табылады. «Іскерлік әкімшілікті» меңгеру, ЕМВА, МВА жаңа инновациялық білім беру бағдарламасын іске асыру – адами капитал сапасының бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіштерінің бірі және үлгісі болып табылады», – деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев. 

Жиынды қорытындылай келе, модератор ҚазҰАЗУ шетелдік университеттермен, жергілікті және халықаралық компаниялармен, аграрлық холдингтермен және ірі және шағын бизнес өкілдерімен ынтымақтастыққа әрқашан дайын екендігін жеткізді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар күн тәртібіндегі «ҚазҰАЗУ агрокәсіпкерлігіндегі MBA бағдарламасы: сын қатерлер  мен келешегі» атты мәселені  талқылау бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Бүгінгі таңда білімнің тез ескіретінін ескерген сөз сөйлеушілер жаңа форматтағы мамандарды даярлауда білім, ғылым және өндірістің интеграциясын жеделдету проблемаларын кешенді шешуді қозғады; озық инновацияларды білім беру процесіне интеграциялау мен АӨК саласына жаңа бағыттар бойынша мамандар даярлауды бүкіл қоғам болып қолдауды ұсынды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар жаһандық талаптар мен кәсіби құзыреттерге жауап бере алатын, ҚазҰАЗУ-ды бітіруші жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын атап өтті.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here