ХІХ ғасырда Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған бұл тұжырымы уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше мән-мағынасы артып келеді. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгі заманда өркениетті елдер ғылымға аса көңіл бөледі. Өйткені, ғылым дамымай елдің бәсекеге қабілеттілігі артпайды, экономикалық өсімі болмайды. Сондықтан еліміз де соңғы жылдары күрделі салаға көп көңіл бөле бастады. Жақында Семей қаласында 10-сынып ұстаздармен оқушылар көпсалалы Ecobike деп аталатын жоба ойлап тапты.
Меруерт Күнісова ұстаздары бастаған Жанерке Ысқақова, Жәния Әлімғазина, Жанерке Зәкірова және Әйгерім Ержанқызы құрастырған велосипед бір уақытта бірнеше қызмет атқарады. Нақтырақ айтсақ, құрылғыны тренажер ретінде пайдаланып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға болады. Ecobike дөңгелектері іске қосылғанда құрылғыдағы генератор қосылып, электр энергиясы өндіріледі. Әрмен электро энергиясын тұрақты қуатқа айналдыру құралының көмегімен 220 вольтқа дейінгі кернеуге жеткізіп, ұялы телефон немесе планшетті қуаттауға болады. Яғни, электр энергиясын алуға болады. Одан бөлек, велосипедке қосымша кескіш-ұсақтағышы бар қоқыс жәшігін орнатқан. Осы арқылы пластик, қағаз түріндегі және басқа да қоқысты ұсақтау арқылы көп орын алмайтындай етіп көлемін азайтуға болады. Әрмен қарай арнайы өндіріс арқылы іске жарамды етіп қайта өңдеп, балқытып, әр түрлі пішіндегі кәдесыйлар, бұйымдар жасауға да болады.
Өнертапқыш оқушылар болашақта осындай велосипедтің бес түрін жасауды жоспарлап отыр. Мектеп оқушыларының жас мөлшеріне қарай бастауыш сынып, орта буын және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп қызметкерлеріне арнап көлемі әртүрлі бірнеше велосипед жасамақ ойлары бар.
«Ол үшін істен шыққан велосипед бөлшектерін алып, кез келген дизайнда безендіріп жасауға болады. 12 вольтқа дейінгі генератор керек. Генератордан шыққан электр тоғын жинақтап, айнымалы тоқтан тұрақты тоққа айналдыратын құрал арқылы аккумуляторға жинақтап, 12 вольттан 220 вольтқа дейін көтердік. Ұялы телефонды, кескіш құралды да қуаттауға болады. Құрылғыға арнайы орнатылған бағдарлама қоқыс жәшігі толған кезде телефон немесе планшетке датчик арқылы хабарлама береді. Хабарлама келгеннен кейін жәшікті босатып, қайта қоқыс жинауға болады», – дейді велосипед авторлары.
Талантты жастардың өнертабысына мектеп оқушылары қызығушылық танытып, сабақ арасындағы қоңырауда тренажер ретінде пайдаланып жүр. Жобаны табыс көзіне де айналдырып, білім беру мекемелерінде ғана емес, кез келген қоғамдық орындарда пайдалануға болады. Әрі денсаулыққа пайдалы, тегін электр энергия көзі, сондай-ақ пластик қоқыстарды қайта өңдеу үшін таптырмайтын өнім. Тың жоба ұсынған оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Қанапиянова, физика және информатика пәндерінің мұғалімі Меруерт Күнісова, сызу пәні мұғалімі Берік Ысқақов, информатика пәні мұғалімі Самал Сәрсембекова жетекшілік жасаған.
«Бұл идея менің «Ғылым ғажайыптары» атты үйірмеме мүше балалармен ақылдаса келе қазіргі таңда әлемдік деңгейде көтеріліп жүрген экологиялық мәселелердің бірі – қоқыстан қалай арыламыз, сондай-ақ қазіргі қолданыстағы энергия ресурстарын қорғау, үнемдеу мақсатында альтернативті энергия көзін табуды іздеуден басталды. Осы ойлар тұрғысынан бір тиімді жоба жасасақ деген шешімге келдік», – дейді физика және информатика пәндерінің мұғалімі Меруерт Күнісова.
Айта кетейік, мектеп ұжымы оқушылардың Ecobike жобасын ІТ хакатон сайысына ұсынып, І-орын иеленген. Енді кезекті ІТ чемпионатқа қатысуға әзірлеп отыр. Ұстаздармен оқушыларға шығармашылық шабыт табыстар тілеп, еліміздің өркендеу жолында тек биіктерден көріне берсін деп тілек айтамыз.
Индира БІРЖАНСАЛ