Осы жұрт Бопай ханымды біле ме?

0
528

Атадан Аршылан туған Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Бахадүр хан Қажысұлтанұлының, ханның адал жары – Ел анасы Бопай ханым Сүйіндікқызы апамыздың есімі елеусіз қалып кетсе де, ересен ерліктері ел есінен ешқашан өшпек емес. Светқали НҰРЖАН

Ақтөбе қаласындағы Баишев жоғары медициналық колледжінің атын Бопай ханымға берді. Ата-бабамызды сан ғасырлар бойы ізгілікке тәрбиелеген ұлттық дәстүріміз келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болмақ. Алайда, жоғалғанымыз көбеймесін десек, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген ұлттық ұстанымды берік ұстайық деген мақсатта Баишев жоғары медициналық колледжінің атын Бопай ханым деп өзгертуінде үлкен мән жатыр.

Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің студенттері мен оқытушылары Жұма сайын қазақ ұлттық киімдерін киіп жүруді қолға алды. Бопай ханым қазақ халқының болашағы үшін табанды түрде ұлы істер жасаған. Бұл асыл жаннан бүгінгі ұрпақ сабақ алу керек. Бопай ханым жасаған әрбір істе «Елім, ұлтым» деген биік рух көрінеді. Ұлт руханиятын ғасыр биігіне көтеретін отаншылдық қасиет пен Бопай ханым идеялары тығыз байланысып, әлі сабақтасып жатыр. Қазақтың ұлы даласында, қазақ қоғамында өзіндік тарихи орны бар, зор тұлға Бопай ханым жөнінде студенттер білгісі келеді. Сондықтан да, қазақ жастарын Бопай ханыммен жақын таныстыру үшін осы мақаланы жазып отырмын.

Кіші жүздің ұлы ханы, сұңғыла саясаткер, көреген, мәмілегер Әбілқайыр хандай біртуар тұлғаның ұлылығын айдай әлемге паш етіп тұрған екі тарихи дәлел бар: біріншісі Әбілқайыр ханның өз беделі мен батырлығының арқасында бірауыздан жоңғарға қарсы соғыста үш жүздің әскеріне бас қолбасшы болып тағайындалуы мен осы қызметін ақырына дейін абыроймен алып шығуы, екіншісі көршілес Ресей елімен одақ құруға алғашқы қадам жасауы және туындаған кедергілерге қарамастан өз ойын іске асыра білуі еді.

Ұлтымыз Кіші жүзді 38 жыл басқарған баһадүр Әбілқайыр ханның, кейін Бопай (Бәтима Сүйіндікқызы) ханымның қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты жарияланған мәліметтер, мақалалар, ақпаратты белді тарихшы ғалымдардың ізденістерімен толықтыра жалғастыруы, оған ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді де қоса беруі тарих сүйер қауымды жаңа ізденістерге бағыттайды.

Бәтиманы әкесі еркелетіп борпылдақтау жүрісіне қарап Ботай деп атаған. Алла тағала Бопайға артық бір дарын берген, ол емшілік қасиет. Бопай бала күнінен ойыншықтарын байлап ойнайтын болған, 7-8 жасында аяғы сынған қозы-лақтарды емдеумен айналысқан, өсе келе адамдарды емдеген. Қазақ елі ежелден ұл-қыздарын ержүрек батыр қылып тәрбиелеген. Көкірегіне отан сезімін ұялатуды бесіктен бастаған. Бесіктен отан ұғымы құлағына сіңген Бопай ханым ең алдымен ерен отаншылдығымен көрінеді.

Бір күні Кiшi жүздегi əйгiлi батыры Жəнiбек пен Әбiлқайыр сұлтан жолда келе жатып кеш түсе бiр ауылға кез болады. Ауыл иесi аса бай, жасы үлкен кiсi, бiр батырдың ауылы екен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлқайыр бірден ғашық болады. Жəнiбек батыр жас төренің бұл мінезіне таңғалады.

Келесi күнi жолға аттанар алдында Әбiлқайыр күтпеген өнер шығарып, сол ауылда қалатынын айтады, Жəнiбек батырға ары қарай өз жөнiмен жалғыз кетеді. Қызға ессіз ғашық болан Әбілқайыр «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» деп оған ермей қалып қойған.

Қыз ауылына қайтып келген Әбiлқайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып, Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт iшiнде ауыл адамдары арасында сенімге ие бола бастайды.

Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да ұнатып қалады, осылай екі жастың арасындағы сезім ұлғая түсіп, Әбілқайыр Бопай сұлудың əкесiнен рұқсат сұрауға бел буады.

Мұндай жағдайды күтпеген қыздың әкесi қызының бағасын білгендіктен, өзіне жылқышы кедей жігітті тең көрмейді де ол қызын Әбілқайырға берместің амалын іздестіріп, «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 боз ат әкелесiң, әйтпесе қызымды бермеймiн», – деп шарт қояды.

Аталған шарт жас батырға ауыр тиеді. Дегенмен, көзсіз ғашық болған Әбілқайыр қыз әкесінің шартын орындауға жолға аттанады. Ал, Бопай сұлудың әкесі «Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас», – деп үмiттенеді. «Тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын», – деп серт берген Әбiлқайыр әлгi айтқан жылқыны ағайындарынан, ел-жұрттан сұрайды, алайда ешқандай нәтиже шықпайды.

Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген Жәнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған әрi келешегiне сенген Жәнiбек батыр Әбiлқайырға керектi 150 жылқыны өз үлесінен шығарып, санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың әкесiне қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бойынша құда түседі. Сөйтiп, əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек екi ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасаған екен. Қалай болғанда да Әбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай секілді әйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мəнiнде өмiрдегi ең үлкен бақыты едi.

1711 жылы олардың тұңғыш баласы Нұралы дүниеге келді. Бопай төре ұрпағының шаңырағына құтты келін болды. Ол келiн болып түскелi Қажысұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады. Әбілқайыр ханның 3 ұлы, 9 немересі, 5 шөбересі халық сыйлайтын дәрежеге көтерілді. Қай елдің де айбынын асырып, айдынын тасытатын басты белгісі – ұлтына ұран, ұрпаққа мұра болатын ұлы тұлғалар болмақ.

Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ондаған ұрпақтары қазақ даласында хан, сұлтан болып, қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген, тағы да соншалықты ұрпағы қазақ мәдениеті мен өнері, ғылым саласында өшпес із қалдырған. Бопай ханым үш ұлының хан сайлануына қол жеткізген, халқы «Бара бәйбіше» мәртебелі атағын сыйлаған, Ресей басшыларымен терезесі тең саналған. Қазақ хандарының жұбайлары, ханымдар ері алдында ешқашан бүркеншектеу дегенді білмей, орынды жерінде ақыл қосып, шаруасын қашанда оңға бастырып отырған.

Көп ұзамай Әбiлқайырды Кіші жүздің билері, игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады. Бопай сұлудың өз басы да қазақ әйелiне тән кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол секілді қасиеттерiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн әрi жақсы жұбайы атанды.

Ханым болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi. Бопай ханымның аса беделдi болғаны соншалық Әбiлқайыр ханның көптеген саяси iстерiн ақылмен шешуге көмектескен. Батыр атанған Әбілқайыр ханның қилы мінездеріне тоқтау айтып,с абырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен.

Бопай ханым Әбілқайыр ханның ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Құрылтайларда Бопай өзі құқық білгірлері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан. Бопай ханым өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен әсер еткен. Бопай ханым хан зайыбы бола тұра дүниеге беріліп, нәпсінің жетегінде кетпей, қазақ халқының бақыты үшін өмір сүрген ел анасы.

Ханмен кеңесе отырып, саяси мәселеге белсене араласып, келешек ұрпақтың сауатты болуына қатты көңіл бөлген жан. Бопай ханымның көрегендігінде сөз жоқ, «Ата-ананың балаға қалдыратын ең үлкен мұрасы – ол дұрыс тәрбие» дегенді санасына терең сіңірген, сондықтан да ұрпағының бақыты үшін, қазақ халқының болашағы үшін өмір сүрген ана. Бопай ханым артына өшпез із қалдырған, жақсы ұрпақ тәрбиелеу үшін аналық мейірімін төккен жан.

От жүректі Бопай ханым Қазақ елі үшін, қазақ халқын ұлт ретінде сақтау үшін, қазақ ұлттық мемлекетіміздің тарихындағы қиын кезеңнің мәселелерін шешу үшін, қазақ ұлттық құндылықтары мен бабалар өсиетін сақтау үшін, ұрпақтың жарқын болашағы үшін күресті. Отаншылдық кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады. Бопай ханым ең алдымен халықтың бейбіт өмірі, жақсы тұрмысы туралы ойлады. Сол заманда қазақтардың орыстардан көпке артта қалғанын түсінген соң, біліммен халықты оятуды армандады. Қазақтың қызы Бопай ханым – Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан ару, өте парасатты, ержүрек қайраткер, аузы (сөзі) дуалы мәмілегер, алғыр, сауатты, сұлулығы мен ақылдылығы ерекше саясаткер болған. Бопай ханымда қазақ Анасында болатын ізет, иба, кішіліктің бәрі бар, қайтсе де ерінің атын оздыруға деген құлшынысты, талапты да бойына жинаған.

Заманында Ресей басшылары Анна Ионанновна, Елизавета Петровналармен, сондай-ақ орыс қоғамының Уфа, Орынбор тәріздес шекаралық аймақтары жергілікті билік басшыларымен ресми келіссөздер жүргізіп, өзара хат алысқан Бопай ханым Сүйіндікқызының қазақ қоғамында атқарған қызметі шын мәнінде ұшан теңіз. Әбілқайыр ханның ордасына келген Ресей патшасының өкілдері мен елшілері келгенде Әбілқайыр ханның қасында әр кез Бопай ханым да болғанын көреміз. Бопай ханым өзінің көрегендігімен, шешендігімен екі жақтың да есінде қалған. Әбілқайыр ханмен бірге би ру басылармен келіс сөз жүргізіп, олардың ойына қозғау салып, көздерін жеткізіп, айналып келгенде олардың хан жағынан табылуында Бопай ханым зор еңбек сіңірген.

Бопай ханым өзінің ерекше сезімтал ақылдылығы, адамдармен сөйлесе алу қабілеті арқасында күйеуі Әбілқайыр ханның қасында жүріп ел ішінде, қазақ халқының би ру басылар арасында ғана емес, сонымен бірге шет ел қоғамына да белгілі, абыройлы жан болды. Жұбайының елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізуде ақылшы ғана емес, дарынды көмекшісі де бола алатындығына әбден көзі жеткен Әбілқайыр хан да, реті келсе, жұбайын өзімен бірге алып жүруге тырысқан. Бопай ханым Әбілқайыр ханның ұстанған саясатын әрі қарай жалғастыра білген, мемлекетаралық дәрежеде өзінің мәмілегерлік тамаша талантымен тарихта есімі мәңгілік қалған, көзі тірісінде «Хан Ана» атанып, қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген бірегей тұлға. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін де артында қалған Қазақ елінің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, халықты өз айналасына топтастыра білді.

Бопай ханым ханның меймандарына қошемет көрсете отырып, олардың халық тағдырын қозғаған пікірлеріне де құлақ түріп, арасында ой сабақтап, ел басқаруға да атсалысып отырған өз заманының зерделі де зерек, ақылды да алғыр адамы болған. Ханмен де, қарамен де, жатпен де, жақсымен де, жастармен де, үлкендермен де тіл табысып кететін ханымның осы мінезін қазақ халқы қадір тұтып, ұдайы құрметтеген. Сол арқылы ханның беделін биіктетіп, абыройын асырып отырған.

Бопай ханымның ерлермен бірге елінің азаттығы үшін толарсақтан саз кешіп, жасанған жаумен арыстанша айқасуы, қазақ тарихында аққан жұлдыздай із қалдырған елді ақылмен басқарғаны әсте ұмытылмайды, ерлігі ұлт есінде. Соның нәтижесінде қазақ халқы әлемге үлгілі ұлт болды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен Бопай ханым елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Қонақ күту, ас мәзірін дайындауда да жетік болған. Жайықтың жағасында – Оралда, Хан тоғайында өтетін жиындарда көпшіліктің батасын алыпты. Орыс патшасын да отбасымен қонаққа шақырып бекіре балықпен дастарқан жайған.

Бопай ханымды ел есіндегі ескірмес мәңгілік бейнесін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа лайықты түрде табыстау – бүгінгі біздердің қасиетті міндетіміз болып қала береді. Бопай ханым арнайы басқосуда, ресми келіссөздер кезінде киінетін салтанатты ұлттық киімдері және өз отбасының жанында, бала-шағасымен бірге, үйішілік киімдерінің өзі қазақ ұлттық киім үлгісінің ерекше туындысынан тұрған. Бопай ханымның суретіне қарап тік отырған отырысының өзінен бір келісті кербездік, тектілік пен өр мінезділік, ханымдарда ұшыраса бермейтін қайсарлық пен қаттылық тәріздес қасиеттерді байқауға болады. Айқастыра алдына қойған қолдары бір-бірін қысып ұстамаған, сүйріктей саусақтары еркін де әдемі қалыпта айқасып, мынау тіршілік-жаратылысқа әбден риза ішкі көңіл күйінен сыр ақтарғандай әсер қалдырады.

Бопай ханымның байыпты да ойлы жанары бірауық сізге назар тоқтатып, бар сырыңызды біліп отырғандай әсер қалдырады. Тұңғиық та таза жанарларда терең ақылдылық та, жарасымды тәкәппарлық та үйлесім тауып, ханымның бүкіл болмысын көз алдыңызда биіктетіп, алдыңыздағы Қазақ Елінің Ел анасының ерекше жаратылысын сіздің санаңызға сәулендіріп әкелгендей болады. Сіз соны бар санаңызбен, ынта-ықыласыңызбен қабылдайсыз, өйткені ол Бопай ханымның халқымен қайта қауышқан ұлы тұлғасы, ұрпақ санасында мәңгілікке орын алар жарқын бейнесі. Сондықтан да, Бопай ханым бейнесі қай заманда да жастар сүйіспеншілігіне бөленіп, жүректерін жылытып қазақ ұлттық құндылықтары мен бабалар өсиетіне бет бұра беретіндігіне сенімдеміз.

Бопай ханым 1693 жылы Елек өзенінің бойында дүниеге келіп, 1780 жылы қайтыс болған, Елек өзеніне құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымға жерленген.

Ақтөбе қаласы, облыстық әкімшілік ғимаратының алдына Әбілқайыр хан ескерткішін орнатып, ең үлкен даңғыл атын берген Ақтөбе облысының сол жылдардағы әкімі Асылан Есболайұлыға және Баишев жоғары медициналық колледжінің атын Бопай ханымға берген Сақтаған Бәйішев білім корпорациясының президенті, философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ақанұлына көп-көп рахмет!

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ, Ақтөбе облысының бас биі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here