2024 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды 1 қаңтардағы жағдай бойынша заңды тұлғаның басшысы, құрылтайшысы, жеке кәсіпкер және олардың жұбайы ұсынуға тиіс. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.
Декларацияның ресми атауы – «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 форма». Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы кәсіпкерлер оның орнына «Кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00-форманы» тапсыруы керек.
Декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары мұндай декларацияны тапсыруға міндеттелмейді.
«Бұл талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. Сондықтан болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлерге жыл соңына дейін жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлікті жабуды ұсынамыз. Ал заңды тұлғалардың жыл соңына дейін таратуға уақыты болмайды, сондықтан олар міндетті түрде декларация тапсыруға мәжбүр болады», – деді «Атамекен» ҰКП өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғалар және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті басқармасының басшысы Дина Құсайынова.
Маман бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жататынын айтты. Ал мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады.
Кәсіпкерлер декларацияны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап екі жолмен тапсыруға болады:
Қағаз жүзінде декларацияны 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей ХҚКО арқылы не жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберу;
Электрон түрде 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жолдау.
Еске салсақ, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді:
I кезең шеңберінде мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайларының (579 мың адам) мүлкі декларациялауға жатады;
II кезеңде квазимемлекеттік сектор субъектілері, мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (2,1 млн адам);
III кезең – кәсіпорын басшылары, құрылтайшылар заңды тұлға, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (3,9 млн адам);
IV кезең – жеке тұлғалардың қалған санаты (6,4 млн адам).
Осылайша 2025 жылға қарай 13 миллионнан аса адам декларация ұсынады.