Сенаторлар әлеуметтік қорғау туралы заңды мақұлдады

0
463

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге және еңбек жағдайлары зиянды орындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге арналған. Атап айтқанда, мұндай кәсіпорындардың қызметкерлеріне 55 жасқа толған кезде арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол үшін жиынтығында кемінде 84 ай зейнетақы жарналарының болуы және еңбек қызметін тоқтату маңызды шарттар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қалаған жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарын 55 жаста немесе 63 жаста өз беттерінше ала алады.

Сонымен қатар аталған заңның нормаларына сәйкес, енді қоғамдық бірлестік құру үшін үш адамнан тұратын топ жеткілікті болады. Одан бөлек, республикалық маңызы бар қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің мәртебесін айқындау, қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық регламенттеу және басқа да өзгерістер бойынша қолданыстағы заңнама нормаларын сәйкестендіру көзделіп отыр.

«Заңда ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында қосымша кепілдіктер қарастырылған. Осылайша, Президентіміздің бастамасымен көптен бері елдің көкейінде жүрген мәселелердің бірі өз шешімін тауып отыр. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардан сақтандыру жағдайларын реттейтін нормалар да жетілдірілді. Мақұлданған заң зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтарымыздың мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қараған сенаторлар оны концептуалды тұрғыдан қолдап, бірқатар түзетулер енгізді. Осыған байланысты заңды жаңа редакциясымен және жекелеген баптармен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Аталған түзетулер мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру тәртібін айқындау жөніндегі құзыретті белгілейтін қайталама норманы алып тастауды көздейді. Сондай-ақ заңда ел азаматтарына ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу туралы және басқа да бірқатар жаңашылдықтарға қатысты нормалар бар.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Закиржан Кузиев «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ жұмысындағы бұзушылықтарға назар аударды. Сенатор компанияның жұмысы Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемінің төмендеуіне әкелетінін және көрші елдерді баламалы бағыттар іздеуге мәжбүр етуі мүмкін екенін айтты.

Бекбол Орынбасаров көпқабатты үйлерде газ баллондарының жарылуы мен жолаушылар лифтілерінің құлауына қатысты проблеманы көтерді.

Бибігүл Жексенбай Қазақстанда балалар арасында қызылша ауруының көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, вакцинация деңгейі туралы ұсынылған есептердің дұрыстығына күмән келтірді.

Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі жөніндегі проблемаға назар аударды. Мұндай мәселеге стратегиялық жоспарлау мен медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы себеп болы отыр.

Арман Өтеғұлов елдегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына және ветеринария саласында кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты мәселе бойынша сауал жолдады.

Жанна Асанова такси парктеріне арналған субсидиялардың жойылуы автокөлікті жалға алу тарифтерінің көтерілуіне және жүргізушілердің жұмыс жағдайының нашарлауына әкеп соқтыратынын айтты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here