Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының басшылығымен кездесу өткізді. Шара заң білімінің сапасын арттыру және одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі ғылыми-практикалық конференцияға дайындық аясында өтті.
Сенат комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров кездесуді аша келіп, жүргізіліп жатқан сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, ұлттық заңнаманы дамыту жағдайында елімізге заманауи талаптарға сай келетін білікті заң кадрлары қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыруға баса назар аударған болатын. Бағдарламалық құжат – Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында заңгерлік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігі атап көрсетілді. Сенат пен комитет осы мәселеге ерекше басымдық беріп отыр, осыған байланысты бірқатар тақырыптық шаралар өткізілгенін айта кеткен жөн», – дедіп Нұрлан Бекназаров.
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының ректоры Марат Сексембаев өз кезегінде сенаторларға оқу орнының қызметі мен болашаққа жоспары туралы айтып берді.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев пен академияның оқытушылар құрамы қатысты.