Абай университеті туралы студенттер білуі тиіс маңызды деректер

0
939

95 жылдық тарихы бар еліміздегі тұңғыш білім ордасы болып табылатын оқу орнында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздық еткенін білесің бе? Мұнан бөлек, көптеген ұлт мақтаныштарының институт қабырғасына еңбегі сіңіп, шәкірт тәрбиелеуге атсалысқан.

Қазақ даласындағы сауатсыздықты жою мақсатында Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 23 наурыздағы шешімімен сол жылдың қазан айында Университеттің ресми ашылуы өтті. Педагогикамен қатар университетте медицина және ауыл шаруашылық факультеттері ашылуға тиіс еді. Алайда, ұлт жанашырларының, бәрінен бұрын білім беру саласын кезек күттірмей қолға алып, қарқынды түрде педагог мамандарды дайындау керек деген ұсынысын комиссия мүшелері де қос қолдап қолдайды. Алғашқыда университет ретінде құрылғанмен, 1930 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып өзгертіліп, 1935 жылы ұлы Абайдың есімі берілді. Ал, ЖОО-ның «Университет» мәртебесін қайта алуы, Қазақстанның егемендігімен тұспа-тұс келді. 1992 жылдың 24 қарашасында ҚазПИ – Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті болып өзгертілсін деген шешім шығарылды. Университеттің «ұлттық» мәртебені иеленіп, ҚазҰПУ болып аталуы –  2003 жылғы 26 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаевтың №1201 Жарлығымен жүзеге асты. Сөйтіп, қазақ ұстаздар қауымының қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып аты қайта жаңғырды.

Сәл кейінге шегініс жасайық. Бүгінде еліміздегі ТОП-5 университеттің қатарына кіретін, әлемдегі ең үздік оқу орындары арасында өз рейтингін бір деңгейде құлатпай келе жатқан білім ордасын құру, оны қиын кезеңнен алып шығып қалыптастыру оңай болған жоқ. Сапалы, лайықты білім беру үшін ең мықты мамандар тартылды. Күн тәртібіндегі ең маңызды, күрделі мәселе осы еді – маман даярлау ісінде білікті оқытушы-профессорлар, ғалымдарды жасақтау ісіне аса мән берілді. Ал, Мәскеу мен Ленинград университеттерінің көмегі – кітапхана қорындағы оқу-әдістемелік құралдар, зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етілгенде анық байқалды. Қазақ педагогика институтында жұмыс істеу үшін Мәскеуден әдебиетші, физика, биология ғылымдарының докторлары, эмбриолог мамандар келді. Қазақ ғалымдары ұлт болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың мақтаныштары осы кезде институт қабырғасында білім беріп, шәкірт тәрбиелеуге барынша атсалысты. Қазақстандағы тұңғыш білім ордасындағы білімді деген оқытушылар арасында сол кездегі көкірегі ояу, көзі ашық, ғалым-ағартушы Мұхтар Әуезов те болды.

Тағы бір қызықты дерек, сауатсыздық жайлаған қазақ сахарасын біліммен сусындату үшін ашылған ЖОО алғаш есігін айқара ашқанда небәрі 9 оқытушы  жұмыс істесе, «үйренемін, оқимын» деген 124 студент білім алған. 1939 жылы Мұхтар Әуезовтың ҚазПИ жайында жарияланған «Білімнің тұңғыш ордасы» атты мақаласында 124 оқушының 76-сы қазақ екенін, одан кейін 1933 жылы 515 студент, 1939 жылы 501 студент, оның 228-і қазақ болғанын, қазақтың қаракөз қыздарының ең көп оқитын ЖОО-ның бірі – ҚазПИ екенін, онда 1938 жылы – 32, 1939 жылы 46 қазақ қызы оқығанын айтады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында да «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерді. Майданда көрсеткен ерліктері үшін институт оқытушылары мен студенттері көптеген марапаттарға ие болса да, сынақтың аты – сынақ. Азапты да азалы күндер көптеген білім іздеген жандардың жүрегіне жара салды. Ал, соғыстан кейін мұғалімдерге деген сұраныс күрт артып, институтқа сырттай оқуға түсушілер саны көбейді. Олардың бәрі ауылдан келген қарадомалақтар еді, білім деңгейлерін көтеруге талпынған қазақ жастары болатын. Соғыс жылдарынан кейін Абай атындағы ҚазПИ-дің қызметінің барлық салалары сапалы өзгерістерге ұшырады. 1946 жылы 1 курстың күндізгі бөліміне 362 студент қабылданса, 1956 жылы оның саны 567-ге дейін өсті.

Абай атындағы педагогикалық институт өзінен кейін елімізде ашылған барлық ЖОО-на педагог кадрлар дайындауға мұрындық болып келеді. ҚазПИ-ден шыққан түлектер халық комиссарынан бастап, облыстық партия комитетінің басшысы, обком комсомолының хатшысы сияқты қызметтерде жүріп, мемлекеттік басшы лауазымдарына дейін жоғарылағанын жоғарыда аты атылған ұстаздар қауымы өз еңбектерінде баян еткен. Олар аз емес. Бүгінде Қазақстанның әр түкпірінде, ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ардақты азаматтар – кешегі Әуезов сынды алып академиктердің алдын көрген шәкірттердің шәкірті.

Алғашында бастауыш және орта мектептерге білікті маман даярлап шығара бастаған институт, кейіннен «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Қоғамдық ғылымдар», «Бизнес, менеджмент және құқық» және т.б. кадрларды даярлауды қолға алды. Университет болып қалыптасқалы, білім беру бағыттары бойынша 7 институт жұмыс істеп келеді: Педагогика және психология; Математика, физика және информатика; Филология; Өнер, мәдениет және спорт; Жаратылыстану және география; Тарих және құқық; Сорбонна-Қазақстан. Осы орайда айта кетер елеулі оқиғаның бірі – 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити университетінің филиалы Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан «Сорбонна-Қазақстан» институтынының ашылуы.

Болмысы биік білім ордасының бар жетістігі – көз алдымызда. Өзінен кейін ашылған мүйізі қарағайдай алып оқу орындарының барлығына дерлік қара шаңырақ болып қалыптасқан университетте бүгінгі таңда 34 кафедра бар, оның ішінде үш университет кафедрасы (Әскери кафедра, ЮНЕСКО-ның педагогика бөлімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы) жұмыс істейді. Университетте жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын 5 жайлы жатақхана жұмыс істесе, оқу үрдісі жалпы ауданы 55 мың шаршы метрді құрайтын 12 оқу ғимаратында жүргізіледі. Сондай-ақ, 15 диссертациялық кеңес, жас ғалымдар кеңесі, ғылыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы бар. Біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталығы, студенттерге цифрлық қызмет көрсететін «Шапағат» орталығы, Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы құрылған. Кітапхана қоры 1 700 000 данадан асады. Бүгінде университет ең үздік оқу әдістемелері мен бағдарламалары негізінде заманауи талапқа сай, ХХI ғасырдың білімді ұстаздарын тәрбиелеп шығарып отыр.

Қазақ топырағында шаңырақ көтерген алғашқы жоғары оқу орнында қазіргі таңда педагог маманы боламын деген 16 000-нан аса студент ағартушылық саланың қыр-сырын меңгеруде.

Мөлдір РӘСІЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here