Лукашенко режиміне басын имеген оппозиционер әйел

0
3008

69 жастағы Александр Лукашенко 1994 жылдан бері Беларусь елін басқарып келеді. Әрине, барлық құндылықтар демократияға негізделген қарт құрлық үшін бұл тым ұзақ уақыт. Сондықтан Беларусь басшысын жұрт «Еуропаның соңғы диктаторы» деп санайды.

Осыдан бес жыл бұрын «креслоны қолы қалтырағанша ұстап отыру ойында жоқ» екенін айтқан президент әдеттегідей сөзінен тайқып шыға келді. Александр Лукашенко 2020 жылы алтыншы рет президент қызметіне «сайланып» алды. Бұл жолы мыңдаған халық авторитар басшының кезекті «көз қысты, бармақ басты» әрекетіне қарсылық білдіріп, жаппай көшеге шықты. Дегенмен, жүздеген мың адам қатысқан наразылық шерулерді Лукашенко режимі қатыгездікпен басып тастады. Оппозиция жақтастары мен кандидаттардың артына шам алып түсіп, қуғын-сүргінге ұшыратты, түрмеге тоғытты.

Сайлау кезінде кандидат болған Виктор Бабарико штабының жетекшісі Мария Колесникованы Лукашенко режимі «билікті басып алу мақсатында астыртын сөз байласты, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ұрандар көтерді, экстремистік топ құрды» деп айыптап, былтыр оппозиционерді «Беларусь президенті сайлауының ресми нәтижесіне қарсы наразылық ұйымдастырғаны үшін» 11 жылға соттады. Оны құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп таныды.

Лукашенкоға басын имеген, оның алдында тізесін бүкпеген Колесникованың түрмедегі жағдайы белгісіз. Татьяна Хомич бес айдан бері 41 жастағы оппозиционер әпкесінен ешқандай хабар жоқтығын айтып, дабыл қақты.

«Марияның түрмеден жазған соңғы хаты 15 ақпанда келді. Содан бері хат-хабар жоқ. Әкесіне қызымен көрісуге де рұқсат бермей отыр. Біздің ресми сұрауларымызға «ол ешкіммен сөйлескісі келмейтіні» туралы түрмеден жауап келеді», – деп көз жасына ерік берді Татьяна Хомич.

Қазір Беларусьте 1 482 адам саяси тұтқын ретінде танылған. Жүз мың адамға шаққанда бұл көрсеткіш бойынша Еуропаның шығысындағы ел әлемде 6-орында тұр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here