Таяу Шығыстағы шырғалаң немесе ғасырға жуық созылған қақтығыс

0
1238

Таяу Шығыс тағы да дүрлікті. Адамзат тарихындағы ұзаққа созылған қанды қырғын одан әрмен үдемесе, кемитін сыңай танытпайды. Палестина мен Израиль арасындағы текетірес әлемдік өркениеттің алтын бесігі, дәстүрлі діндердің бастау бұлағы саналатын өзгеше өңірдің өңін қашырып, тыныштығын бұзып келе жатқанына ғасырға жуықтады. 1948 жылдан бері үздіксіз соғыс ошағына айналған аймақта өткен жылғы күзде жанжал өрті қайта тұтанды. Бұл жолғы шиеленістің зардабы ауыр, залалы көп. Айналасы үш жарым ай ішінде Газа секторындағы қарулы қақтығыстарда қаза тапқандар саны 30 мыңнан асып жығылса, жараланғандардың ұзын-ырғасы 60 мыңға жуықтаған. Опат болғандардың 17 мыңға жетеғабылы әйелдер мен балалар.

Израиль мен палестиналықтар неге қақтығыса береді? Аймақтағы алауыздықтың басты себебі не? Текетірес қандай жағдайда тоқтайды? Осы сауалдарға жауап іздейміз.

ҚАСІРЕТТІҢ БАСЫ ЖАЗУШЫНЫҢ КІТАБЫ

Әлемдік тарихтың тереңіне үңілер болсақ, Палестинадағы арабтар мен еврейлер Ислам халифаты кезеңінде және Осман империясы құрамында сан ғасырлар бойы бейбіт ғұмыр кешкенін пайымдаймыз. Алайда, XIX ғасырдың соңында дүние жүзінің әр қиырындағы еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы пайда болады. Осы кезеңде журналист және жазушы Теодор Герцль құрастырған сионизм доктринасы олар үшін басты әрі негізгі идеологиялық қозғалтқыш күшке айналды. Ал оның «The Jewish State» атты кітабы жер-жиһанның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған еврейдің Палестинаға жаппай ағылып келуіне түрткі болды. «Саяси сионизмнің әкесі» саналатын журналист өз еңбегінде Таяу Шығыста Израиль мемлекетін құрылуы тиістігін сионистік идея жетегіндегі еврейлердің санасына сіңіреді. Аймақта еврей «ұлттық ошағын» құруға сол кезеңдегі Британия билігі де мүдделілік танытып, ерекше қолдау көрсетті.

Әу бастан-ақ Иерусалимнің байырғы тұрғындары мен еврей иммигранттары арасында Палестинаның жері мен суына қожалық етуге талас-тартыстар жиі орын алып, үдей түскен. Кейіннен еврей қоныстанушылары әлемдік сионистік ұйымдардың қаржылай қолдауымен тұрғылықты халықтың жерлерін тиімді бағамен көптеп сатып ала бастайды. Нәтижесінде еврейлер аймақтың басым бөлігіндегі жерлердің қожайыны атанып шыға келеді. Палестиналықтар олардың түпкі мақсаттарын кеш аңғарып, орны толмас олқылыққа жол бергенін түйсінеді.

1947 жылы БҰҰ-ның 181-қарарымен Палестина жері екіге бөлініп,  Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылданды. Әлемдік қауымдастықтың бұл саяси қадамына Араб елдерінің жоғары кеңесі үзілді-кесілді қарсылық танытты. Соңын ала Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады.

1948 жылғы мамырда Израиль өз тәуелсіздігін жариялады. Ізін ала Сауд Арабиясы, Иордания, Ирак, Йемен, Сирия, Ливан сынды араб елдері тізе қосып, Израильге қарсы соғыс жариялады. Десе де арабтар АҚШ-тың қолдауына сүйенген еврейлерді біржола жеңе алмады. Есесіне Палестина 78 пайыз территориясынан айырылып қалды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы алты күндік қиян-кескі соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, мемлекеттің астанасы деп жариялады.

ГАЗА СЕКТОРЫ ҮШІН ТАЙТАЛАС

Газа секторы – Израиль мен Египеттің ортасында орналасқан жалпы аумағы 360 шаршы шақырымды құрайтын аумақ. Ұзындығы 41 шақырым, ені 10 шақырым болатын алақандай анклав. Тұрғындарының саны 2 жарым миллионға жуық. Олардың басым бөлігі 1947-1949 жылдары Израиль – Палестина соғысы кезінде елден кеткен босқындар. 1920-1948 жылдары аталған аймақ Британияның бақылауындағы палестиналық мандат болды.

1967-1994 жылдары бұл аумаққа Израиль иелік етті. Ал 1994 жылы Израиль және Палестинаны босату ұйымы Осло келісіміне қол қойды. Құжатқа сәйкес Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауының бір бөлігінде Палестина әкімшілігі құрылды. Бүгінде Газа секторы Палестинаның меншігіндегі территория болып саналады.

2005 жылы Газа секторында жаппай халық толқуы орын алды. Бүлік соңы Газа секторынан Израиль әскері мен еврейлердің ығыстырылуымен аяқталды. Келесі жылы «ХАМАС» тобы Палестинадағы парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, секторды толықтай өз бақылауына алды. Исламдық қозғалыс аймаққа шариғат заңдарын енгізуге тырыспады. Бірақ, олар саяси қарсыластарын қудалап, наразы топтарды күшпен үздіксіз басып-жаншып отырды.

«ХАМАС» ұйымы Газа секторын бақылауға алған соң Израиль мен Египет бұл аумаққа блокада қойды. Басты себеп – заңсыз қару-жарақ тасымалына тосқауыл қою. Бүгінде аймақтың әуе кеңістігі Израиль бақылауында. Бұдан бөлек, онда кіргізілетін барлық тауар түрлері де ерекше назарда. Территорияның жабылуы және «ХАМАС» пен Палестина билігінің арасындағы текетірес салдарынан Газа экономикасы айтарлықтай құлдырады. Аймақ тұрғындарының 60 пайызы жұмыссыз, 80 пайызы халықаралық гуманитарлық көмекке мұқтаж. Тұрмыстық ахуал титықтаған территорияда электр энергиясы жиі өшіп қалады, ауыз су өте лас.

Анклавты өз уысында ұстап отырған «ХАМАС» былтыр 30 қыркүйекте Израильге қарсы «Әл-Ақса дауылы» әскери операциясын бастап, әскери қимылдың алғашқы жиырма минутында Израиль тарапына бес мыңға жуық зымыран атқылады. Сарапшылар шабуылдың жан-жақты әрі тыңғылықты дайындықпен ұйымдастырылғанын айтады. Әуеден, теңізден және жаяу әскердің шабуылы түрінде жасалған соққыдан Израиль тарапы айтарлықтай зардап шеккен. Бүгінде Израиль құрсауда қалғандай. Оңтүстігінен «ХАМАС»-тың шабуылы күшейсе, солтүстіктен Ливанның «Хезболла» ұйымы зымырандармен атқылауда. Сонымен қатар, бірқатар мемлекет басшылары палестиналық жауынгерлерді қолдайтынын, Израиль басқыншылығын айыптайтынын мәлімдеді. Мәселен, Иран президенті Ибрагим Раиси Израильдің Газаға шабуылын сұмдық қылмысқа теңесе, Иордания патшасы Абдолла ибн Хусейн II Газадағы қырғынға көз жұмып, үнсіз қарап отыра алмайтындығын жеткізді. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз жерін қорғап жатқан «ХАМАС»-ты басқыншы санау қателік екендігін және үнемі адам құқығы жайлы айтатын Батыс елдерінің Палестина қырғынына көз жұма қарауын санаға сыймайтындығын айтты.

Кейбір дереккөздер Иранның барлау агенттіктері «ХАМАС»-тың Израильге шабуылын алдын ала жоспарлауға көмектескендігін растайды. Алайда сарапшылар оның одақтастар мен демеушілерсіз де әрекет ете алатынын жоққа шығармайды.

«ХАМАС»: МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАДАМ

«ХАМАС» ұйымы – ірі палестиналық қозғалыстың бірі. Ислам қарсылық қозғалысы деп ат қойып, айдар таққан ұйым 1987 жылы шейх Ахмед Ясиннің басшылығымен құрылған.

Ұйым идеологиясы Израиль мемлекеттілігін мойындамауға және 1948 жылға дейін палестиналықтар иеленген тарихи аймақта дербес Палестина мемлекетін құруға негізделген. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне сүйенсек, 2011 жылға дейін «ХАМАС»-тың басты қолдаушысы Иран болған. Қазіргі күнде ұйымның демеушілері туралы толыққанды ақпарат жоқ. Құрылған уақыттан бері «ХАМАС» Израиль аумағында 1 100-ден астам террористік әрекет ұйымдастырған. Осы ретте айта кетерлігі, бүгінде Палестинада қос бірдей саяси қозғалыс бар. Бірі «ХАМАС» болса, екіншісі – «ФАТХ». Кезінде қос ұйым арасында бірнеше рет текетірес орын алған. Десе де қазіргі таңда қос тарап өзара ымыраластыққа келіп, билік тұтқасын ұстап отыр. Бір қызығы, АҚШ пен Еуропа елдері «ХАМАС»-ты террорлық ұйым деп ресми түрде мойындаса, «ФАТХ»-ты заңды деп таныған.

«ИЗРАИЛЬ ҚҰРДЫМҒА КЕТІП БАРАДЫ!»

Үш айдан астам уақыттан бері Израиль қорғаныс күштері Газада «Темір қылыш» операциясын жүргізуде. Бұл жолы ресми Тель-Авивтің қаһары қатты. «ХАМАС»-тың басшылық кеңесінің мүшесі Усама Хамданның мәліметінше, 2023 жылдың қазан айынан бері Газа секторында опат болғандардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Ал жарақат алғандар 60 мыңға жуықтаса, 7 мың тұрғын із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа үндеу жолдап, елдің соғыс жағдайында екенін мәлімдеді. Израиль ұшақтары мен жаяу әскері Газа секторына басып кіріп, күйрете соққы беруде. Шетелдік сарапшылар Израиль тарапы қарымта шабуылға жеткілікті жауап бермесе, ауыр саяси дағдарысқа тап болуы мүмкін екендігін айтады. Сонымен қатар, мамандар бұл жолғы қақтығыс ұзаққа созылатынын әрі одан әрмен күшейе түсетіндігін растайды. Қырғынның соңы ірі халықаралық алпауыттардың делдалдығы арқылы тоқтауы мүмкін.

Биньямин Нетаньяху жергілікті телеарналарға берген сұхбатында соғыстың «ХАМАС» түбегейлі жойылғанға дейін жалғасатынын мәлімдеді.

«Олардың сыбайластарының да көзін жоямыз. Бізді тоқтайды деп ойлайтын адам қателеседі. Алға қойған барлық мақсатқа жеткенше соғыс қимылдарын тоқтатпаймыз. Біз Газа секторының аймағына аямастан шабуыл жасаймыз», – деді Израиль Премьер-министрі.

Алайда Израильдің астанасы мен өзге де қалаларында соғысқа қарсы халықтық бас көтерулер өтті. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, мыңдаған израильдік бұқаралық жаппай наразылықтар арқылы Премьер-министрді биліктен аластауды талап етуде. Тұрғындар Нетаньяху израильдік солдаттарды мағынасыз соғысқа айдап салып отыр деп бағамдайды және оны ел тізгінін ұстауға лайықсыз деп санайды.

«Нетаньяху – оспадар адам. Оның саяси түсінігі саяз. Тек қара басының қамын ғана күйіттейтін ол Израильді апат құрдымына тартып бара жатыр. Нетаньяхудың көксеген мақсаты – мәңгілік соғыс», – дейді көтеріліс белсенділері.

ТҮЙІН СӨЗ

Жаһан жұртшылығы Палестинаны қолдайды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Израиль билігінің саясатына қарсы шерулер өтуде. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбританияда мыңдаған адам наразылық білдіріп, Газаға қарсы соғысты айыптады. Олар Палестина халқын қынадай қырып жатқан сионистік режимге санкция салып, режим басшыларын соттауды талап етті. Өзге мемлекетте мекендейтін еврейлер арасында да қатігездікке наразыларының қарасы көп. Әлемдік ақпарат құралдары атысты тоқтатуға қатысты Израильге АҚШ тарапынан қысымның арта бастағанын хабарлауда. Десе де Израиль қорғаныс әскерінің ресми өкілі Даниэль Хагари Газа секторындағы әскери іс-қимылдар 2024 жылы да жалғасатынын айтты. Биылдан бастап соғыстың жаңа кезеңі іске қосылмақ және ол ұзаққа созылуы мүмкін.

P.S.: Жуырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінде Қазақстандағы Палестина елшісі Монтасер Абу Зейд Израильдің қанды агрессиясына ұшыраған қорғансыз Палестина халқына халықаралық қорғауды қамтамасыз етуді сұрайтындығын атап өтті. Елші Израильдің 1948 жылдан бастап күні бүгінге дейін халықаралық заңдылық пен құқықтың қарарларын орындаудан бас тартып отырғанын алға тартты.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here