«Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл

0
1086

Қазақ әдебиетінің қарлығаш болған «Қазақ әдебиеті» газетіне биыл 90 жыл толды. 1934 жылдан бастап жарық көріп келе жатқан басылым ұлт руханиятының үні іспетті. Апталық газетте әдебиет пен мәдениет, елдің көкейіндегі мәселелер де жарық көріп келеді. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағына айналған газет ұжымын еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтап келді. Министр басылымның ұлт тәрбиесіндегі орны орасан, еңбегі зор екенін тілге тиек етті. Артынша Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.

«Құрметті «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы! Қадірлі қауым! Сіздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі. Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәденниетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуі­не өлшеусіз үлес қосып келеді. Газет бетінде әрдайым елдік мәселелер көтеріліп, ұлт болашағына қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады. Төл әдебиетіміздің алтын дәуірін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін. Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс, бақ-береке тілеймін!» делінген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

«Қазақ әдебиетінде» ұзақ жыл еңбек еткен ақсақалдарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі тағылды. Оған қоса, мерзімді баспасөздің қазанында қайнап жүрген қызметкерлер Алғыс хатпен және «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталды. Газетке арналған басты сыйлықтың бірі – су жаңа автокөлік.

Басылымның бас редакторы Дәурен Қуат тарихы терең газет қазір заман талабына сай түрленіп жатқанын айтады.

«Қазір «Қазақ әдебиетінің» сайты бар. Бірақ, енді үлкен портал ашылады. Мынау газеттегі бай контентті, бай мазмұнды енді біз порталдан көрсеткіміз келеді. Сол сияқты телеграм каналдары бар, фейсбуктағы парақшасы бар. Енді сіздермен әріптес болып, тіпті ютуб ашу ойымызда бар. Болашақта үлкен сұхбаттар, әңгімелер, «Қазақ әдебиетіне» жарияланған дүниелер осы ютуб каналымызда ары қарай жалғасын тауып, талқыланып жататын болады», – деді Дәурен Қуат.

Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Мұхамеджан Қаратаев сынды арыстарымыз негізін қалаған «Қазақ әдебиетінде» біртуар тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бас редактор болған кезеңде көптеген журналистер осы басылымда шыңдалып, соның арқасында қазақ қаламгерлері арасында «Шерханның шекпенінен шыққандар» деп аталып жүрген толқын дүниеге келді. 90 жылдық тарихы «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here