Бүгін елордада Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бұл бастамасына Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдау білдіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Қоғамдық жоба барысында қатысушыларға қазақстандық және шетелдік белгілі сарапшылар да дәріс оқиды.
Мектептің үшінші кезеңіне қатысушылармен кездескен Сенат Спикері бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас мамандардың аналитикалық қабілетін жетілдіруді көздейтінін атап өтті.
Жаңа кезеңдегі оқыту бағдарламасы Қазақстанның орнықты дамуы тақырыбына арналып отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз ісіне шебер кәсіби мамандардың жаңа шоғырын қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Осыған орай біз «Талдау мектебі» жобасы арқылы аталған стратегиялық міндетті іске асыруға өз үлесімізді қосуды ұйғардық. Қазіргі таңда елімізде аналитикалық қабілеті жоғары, білікті мамандар даярлайтын арнайы жүйе жоқ. Көбіне, бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп, тиісті деңгейде тиімділігін көрсете алмай келеді. Сондықтан біз кәсіби сарапшыларды шақырып, оларға жас әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісуіне мүмкіндік беретін алаң құрдық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы үшінші кезеңге қатысуға ниет білдірген 400-ден астам өтінім келіп түсті. Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау нәтижесінде 60 адамды іріктеп алды. Олар – аналитикалық құрылымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, ғылыми-зерттеу институттарында және басқа да түрлі салаларда тәжірибесі бар, сондай-ақ, PhD ғылыми дәрежесіне ие мамандар.
Сенат Төрағасының дәрісі «Мемлекеттік басқарудағы орнықты дамуды көздейтін аналитика» тақырыбына арналды. Спикер өз сөзінде бүгінде мемлекеттік, діни, саяси сияқты түрлі институттардың ықпалы мен беделінің төмендеу үрдісіне назар аударды. Мәулен Әшімбаев оның орнына бүкіл әлемде популистік қозғалыстардың ықпалы артып, олар көбіне күн тәртібін қалыптастыратын негізгі факторларға айналғанын да атап өтті. Осындай жағдайда, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде дұрыс шешім қабылдау үшін аналитикалық зерттеулердің маңызы зор екені анық.
«Қазіргі экономикалық және саяси процестердің жалпы қай бағытта өрбіп жатқанын, оның астарын түсіну аса маңызды. Әлемнің жарқын болашағы көбіне халықаралық қауіпсіздік және жаһандық мәселелерді ұжымдасып шешудің жаңа салиқалы жүйесін қалыптастырумен байланысты. Осылайша, біз белгісіздік белең алған, айқын бағдары жоқ, алдағы оқиғалар мен олардың салдары құбылмалы әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бәрі тез өзгеретін мұндай әлемде ескі тәсілдер мен үлгілер бойынша әрекет етудің келешегі жоқ және ол мүмкін де емес. Сондықтан қазір аналитикалық дағдылар, сыни ойлау, болып жатқан оқиғаларға жүйелі және байсалды көзқарасы бар мамандар сұранысқа ие», – деген Мәулен Әшімбаев зерттеулер жүргізу, талдау қабілетін жетілдіру бойынша өз тәжірибесіндегі кейстермен бөлісті.
Сонымен қатар Палата Төрағасы командамен тиімді және үйлесімді жұмыстың маңыздылығын тілге тиек етті. Сондықтан қатысушылар Орнықты даму мақсаттары бойынша бірлескен жобалар дайындау үшін топтарға бөлінді. Олардың әрқайсысына салалық сарапшылар, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми және халықаралық ұйымдардың өкілдері ментор ретінде бекітілді.
Оқудың алғашқы күні «Курсив» басылымының және «Qalam» мультимедиялық жобасының бас директоры Эльмар Муртазаев пен «Eurasian Center for People Management» бас директоры, дағдарыс және стратегиялық коммуникациялар мәселелері жөніндегі сарапшы Ербол Исмаилов дәріс оқыды.
Алдағы сегіз апталық оқу барысында ММУ профессоры Наталья Зубаревичтің, Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Яакоб Ибрагимнің және «Пиши, сокращай» кітабының авторы Максим Ильяховтың дәрістері де жоспарланған.
Сондай-ақ қазақстандық тарихшы, белгілі саясаттанушы және шығыстанушы Сұлтан Әкімбеков, Қазақстан Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов және тағы басқа спикерлер дәріс оқиды.