Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2024 жылдың негізгі шараларын белгілеп, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толатынын тілге тиек етті. Соған байланысты Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы қалай аталып өтетінін айтты.
АСТАНАДА ЖӘНЕ АҚКӨЛДЕ ЕСКЕРТКІШ АШЫЛАДЫ
Астана қаласының әкімдігі Елордада 100 жылдығына орай Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішін дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақмола облысының әкімдігі Ақкөл қаласында генералдың туған жерінде Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңды салу және оны абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.
Қорғаныс министрлігі Ақкөл қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға ескерткіштің тұғырын орнатты. Аталған ескерткішті 2024 жылдың 25 мамырына дейін орнату жоспарланып отыр. Оның биіктігі шамамен 5 метр, мәрмәр тұғырлы, қола ескерткіш. Авторы – әйгілі мүсінші Айдос Бүркітбаев.
ТЕЛЕСЕРИАЛ ТҮСІРІЛЕДІ
Жақында курсанттардың өмірі мен олардың бойындағы патриоттық рухты паш етуге арналған «Әскери ант» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Сериалдың тұсаукесері отандық телеарна эфирінде 2024 жылдың мамыр мейрамдары кезінде өтеді деп жоспарланған.
Телехикая негізіне Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты курсанттарының күнделікті өмірі мен оқу процесі арқау болған. Бұдан басқа сериалда Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың Қарулы күштердің құрылу тарихындағы рөлі мен әскери борыштың маңызы ашылады.
Сериалға түскен актерлік құрам – Ғани Құлжанов, Ербол Садырбаев, Аян Батырбек, Бексұлтан Әкімжан, Дархан Сағындықов, Сұлтан Алтынбай, Нарқыз Тамабай, Шыңғыс Бейбітұлы, Кенже Жорабаева және т.б.
Сериал «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы балаларының ант қабылдау рәсімімен аяқталады. «Жас сарбаз» тәрбиеленушісінің рөлін 3-сынып оқушысы Жарас Адия ойнады. Аталмыш сериал ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды.
Бұдан басқа, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен генерал Нұрмағамбетовтың өмірі туралы деректі-өмірбаяндық фильм республикалық телеарналарда көрсету үшін дайындалу үстінде.
ПОШТА МАРКАСЫН ШЫҒАРАДЫ
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Қазпошта» пошта маркасы әзірленіп, бекітілді. Шығарылым 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
«ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАҺАРМАН» АТТЫ КӨШПЕЛІ КӨРМЕ
ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын мерекелеу аясында Алматы қаласының орталық мемлекеттік музейінде «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрменің ашылуын жоспарлап отыр. Бұл іс-шара Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрін құрметтеуге, оның ерлік жолын ұрпаққа насихаттай отырып әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің имиджін арттыруға, мұражай ісін насихаттауға және одан әрі дамытуға бағытталған.
Көрме 2024 жылы Қазақстанның 10-нан астам қаласында көрсетіледі. Аталмыш көрме үш кезеңді қамтиды, атап айтсақ, соғысқа дейінгі (батырдың өмірбаяны), Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі кезең, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі кезеңіндегі батырдың өмірі.
Көрмеге Сағадат Қожахметұлының жеке заттары, бұрын жарияланбаған фотосуреттері, құжаттары және басқа да экспонаттар («Халық қаһарманы» медалі, далалық қалпақ, офицерлік белбеуі бар қапшық, гимнастерка, шинель, офицерлік етік, генерал погондары, майор погондары, былғары қолғаптар және т.б.) қойылады.
Көрме биылғы жылдың 17-31 қаңтар аралығында өтеді.
«АЙБЫН» ЖИЫНЫ БАТЫРҒА АРНАЛАДЫ
Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына жүз жыл толуына орай биыл жыл сайынғы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Жиын 2024 жылғы 17-23 маусым аралығында Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында өтеді.
Шара Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) елдері командаларының, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан шақырылған командалардың қатысуымен халықаралық деңгейде жоспарланып отыр.
ҚР Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметі