«Қазақ» газетінің 2006 жылдан бергі Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Серік Шайманның алаштың үніне айналған ата басылымның 110 жылдығына орай 2 ақпанда Алматыдағы Ұлттық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» атты республикалық конференцияда сөйлеген сөзін төменде жариялап отырмыз. Сол күні Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Ысқақов 76 жастағы Серік Әбішұлының кеудесіне «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Серік Шайманның «Қазақ» газетіндегі 17 жылдық еңбегінің осылай бағаланғаны қуантады.
РЕДАКЦИЯ
Осыдан 110 жыл бұрын Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» деп Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлы мақала жазғандай, қазақтың бас газеті – «Қазақ» екені қазір мойындала бастағандай әсер қалдырады. Шүкір! Бүгінгі 110 жылдық мерейтойға Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Жұмабайұлы, белгілі алаштанушылар, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдерінің қатынасуы оған дәлел болса керек. Министр мен оның орынбасарлары қолға түсе бермейді ғой. Осы сәтті пайдаланып, «Қазақ» газеті туралы, жалпы журналистика жайлы қысқаша пікір білдіруді жөн көріп отырмын.
Әуелі бір ауыз сөзбен өзімді таныстыра кетейін. Мен кешегі кеңес заманында ақпарат құралының отымен кіріп, күлімен шыққан екі аудандық, бір облыстық газеттің бас редакторы, екі облыстық телекомпанияның төрағасы болған байырғы журналиспін. Қазіргі «Қазақ» газетімен байланысым 2006 жылдан басталады. Қоғабай ағамның өзі қол қойған «Қазақстанның солтүстік облыстар бойынша меншікті тілшісі» деген куәлігім бар.
Жазушы, журналист, баспагер Қоғабай Сәрсекеев Алаш идеясын әбден бойына сіңірген санаулы қазақтың бірі болатын. Содан азаптанып жүріп, 2006 жылы «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін қайта шығара бастады. Бұл қазақ журналистикасы саласына қосылған теңдессіз үлес, ұлтын сүйген ерлік, азаматтық іс еді. Қоғабай Сәрсекеевтің осы еңбегі үшін есімін мәңгі есте қалдыру шараларын қолға алу керек. Ұлттық университеттің журналистика факультетінде Сәрсекеев аудиториясын ашса, Сәрсекеев атындағы журналистік жүлде тағайындалса, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылса, Алматыда бір көшенің аты берілсе, артық болмас еді.
Жалпы мен ойлаймын, отандық журналистиканың беделі көтеріліп келе жатыр. Сондықтан оның Одағын қайта құрып, бөлек ғимарат беріп, есігінің алдына Әлихан, Ахмет, Міржақып бюстін тұрғызса, «Қазақ» газетінің логотипімен екі кезеңдегі бірінші нөмірлерінің көшірмесі қойылса, толымды тірлік іске асқан болар еді. Өйткені, бұл үш арыс – ұлт көсемдері ғана емес, олар ұлттық журналистиканың негізін қалаған, қазақтың санасын оятқан, ұлттық, қоғамдық-саяси газет шығарған тұлғалар.
Қазір кейбіреулері «Ой, «Қазақ» жекеменшік газет, мемлекеттік емес» деп қарсы уәж айтуы мүмкін. Жоқ, «Қазақ» мемлекеттің де, ұлттың да газеті. Оны одан әрі қарай мемлекеттік ету Ақпарат министрлігінің қолында. Қанат Жұмабайұлы, Дархан Қуандықұлына дұғай сәлем айтыңыз. Бұл ойласатын мәселе! Бұл – бір. Екіншіден, «Егемен Қазақстан» – аға газет болса, «Қазақ» – ата газет. Ол – бұлақтың көзі, Алаш арыстарының үні. Мұны елемеу – әділетсіздік болады. Ағаны аялап, атаны елеусіз қалдыру – салтымызда жоқ нәрсе!
Енді бүгінгі «Қазақтың» жайына келер болсам, әңгіме былай. Кезінде Қоғабай ағамыз халық арасында «Қарға бойлы Қазтуған» атанып кеткен айтулы жорық жырауы сияқты Жасұланды жүздеген журналистер арасынан тегін таңдамаған екен. Ол Ақаң, Әлекең, Жақаң, бертінде Қоқаң ұстаған «Қазақ» туын жықпай тік ұстап, қаптаған ақпараттар арасынан өз жолын тауып, оқшау шауып келеді. Газет мазмұнды, саясат та, экономика мен тарих та, тәлім мен тәрбие тақырыбы да мұнда бар. Полиграфиялық безендірілуі ерекше, көтеретін тақырыптары сан алуан. Уақыт үнін дөп басатын сергек, сапалы басылым.
Құрметті қауым, осы жерде тағы бір ақиқатты айтпай кетуге болмайды. Қоғабай Сәрсекеев дүниеден өткеннен кейін мынау «Қазақтың» басына қара бұлт үйірілді. Қиын күндер болды. Үміт еткен кейбір азаматтардың бұған қолын созуға ниеті болмады. Сол шақта намысқа шауып, азаматтық жасап, оны қамқорлыққа алған Махмұд бауырымызға мың да бір алғыс! Өркені өссін!
Серік ШАЙМАН,
«Қазақтың» Қостанайдағы меншікті тілшісі,
Еңбек ардагері,
Қазақстанның Құрметті журналисі