Абай университетінде «Psycho Express» іс-шарасы өтті

0
474

Кеше, 31 қаңтарда Абай университеті Психологиялық қолдау қызметінің ұйымдастыруымен ҚР «Қауіпсіз орта» үйлестіру кеңесінің жобасы аясында «Psycho Express» психологиялық экспресс консультация іс-шарасы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студенттер арасында психологиялық жайлы орта қалыптастыру, студенттерге психологиялық қолдау көрсету және әлеуетін арттыру болды.

Іс-шараға Алматы қаласы жоғары оқу орындарының, оның ішінде ҚБТУ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Алматы Менеджмент университеті, Нархоз университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Құрманғазы атындағы ҚҰК, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, АЭжБУ, АТУ, Л.Б. Гончаров атындағы ҚазАДИ, Азаматтық Авиация академиясы, Логистика және көлік академиясы және С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институттарының жетекші психологтары қатысып, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері үшін психологиялық экспресс консультация жүргізді.

«Psycho Express» іс-шарасында психологтар студенттерді нейрографика, арт-терапия, метафоралық ассоциативті карталар, экзистенциалды талдау және логотерапия, рилив-терапиясы, проективті әдістер және жеке кеңес беру сияқты психология салаларымен таныстырып, практикалық жұмыс жүргізді.

Аталмыш іс-шараға университеттің 300-ге жуық студенті қатысып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарының жауабын және жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей әдістемелерді алды. Консультация соңында студенттерге Психологиялық қолдау қызметінің визиткасы берілді.

«Psycho express» іс-шарасы психологиялық қолдау қызметінің және психологияның танымал болуына ықпал етіп, оның маңыздылығын әрбір білім алушылар үшін пайдалылығын көрсетеді. Бұл форматтың ерекшелігі аз уақыттың ішінде көп студенттерді қамтуға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында Алматы қаласы жоғары оқу орындарының психологтарына алғыс хаттар табыс етілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here