Мәжіліс депутаттары Премьер-министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.
Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.
Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-сі оның кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.
Іле-шала Мемлекет басшысының Олжас Абайұлы Бектеновты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі етіп тағайындау жөніндегі жарлығы шықты. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Бұған дейін Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасы ұсынылған еді. Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновты тағайындау үшін депутаттардың келісім беруін сұрады.