Қазақ әдебиетінің Хантәңірі шыңындай биік тұлғасы, қымбатты жерлесіміз Мұқағали Мақатаев тірі болса, дәл бүгін 93 жасына толатын еді. Небары қырықтың бесеуінде мынау жарық дүниеден ғайып болып кете барған мәңгілік жыр ғұмырының жалғасып келе жатқанына ғасырға жуықтап барады. Туған Отанын, ыстық мекенін, елі мен жерін жанындай жақсы көріп кеткен ақын ғұмырының тым келте болғанына шын мәнінде жанымыз ауырады.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, – деп жырлаған ақын қалың қазағының жүрегінде. Жырын қастерлеп, өлеңін пір тұтқан оқырманы тауындай тұлғалы, даласындай кең, бұлақтарындай тұнық, гүлдеріндей көркем мінезді ақынын жадынан шығарған жоқ. «Мұқағали – ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны», – деп белгілі ақын, халық жазушысы Әбділда Тәжібаев көзі тірісінде шынайы бағасын берген ақынның өлмес жырлары көгімізде қалықтап жүр. Мұқағалидің талантын бағалаған, ақындық құдіретін мойындаған қалың оқырманының жүрегінде өлеңдері бірге жасасып келеді. Осынау қасиетті Қарасаз топырағында дүниеге келіп, өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақ Мұқағалидай ақын аталарының жырымен сусындап, өлеңінен қуат алып, қалыптасқан азаматтар болып үлкен өмірге қанаттанып жатыр. Қастерлі топырақтан ақын жырын жатқа айта алмайтын бірді-бір балапанды кезіктіре алмайсың. Тіпті, Қарасазды айтпағанның өзінде ауданның аумағында, Жетісудің жерінде, республика көлемінде ақын жырын жатқа білетін, өлеңді сүйетін, өнерді қадір тұтқан жастарымыз жетіп-артылады. Біз бұған шын көңілімізбен қуанып, жұбанамыз. Небары қырық бес жасында өмірден өткен ақын аз ғұмырының өзінде артындағы елі-жеріне мол мұрасын қалдырып кетті. Ақынның кез келген тақырыпта жазған өлеңдері жүректің төріне бірден ұялап жатады. Мынау жарық ғаламды түрлі сезімдер құшағында жүрген жандар ақын жырымен тілдесіп, ақынның үнімен үндесіп, сырласып, мұңдасып жатады. Мұқағали жырларынан жанына жұбаныш іздейтін, жарық күннің шуағындай сәуле іздейтіндер көп. Мұның бәрі ақын өлеңдерінің шынайылығы, жүрекпен, сезіммен жазылған жырларының құдіреті деп білеміз.
Мұқағали Мақатаев – ұлтымыздан шыққан ұлы тұлға, аяулы ақын, қазақ әдебиетіндегі поэзия өлкесінің мәңгілік жарқырап тұрар шолпан жұлдызы. Сұрапыл соғыс жылдары балалық шағын ұрлаған ақын туған елі-жерін, Отанын жан-жүрегімен сүйді, ұлтымыздың тілін, дінін, бар жақсылығын құрметтеді. Елдігіміз бен ерлік қасиеттерімізді ту етті. Жүрегінен жазылған жауһар жырларын көзін ашқаннан көрген жылы мекеніне, сүйікті Отанына, халқына арнады. Биыл ақынның 93 жылдығының тұспа-түс келуі әбден жарасып тұр. Ұлтын, Отанын сүйген бірден-бір адам болса, Мұқағалидай болсын!
Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай! – деп жырлаған ақынның осы бір шумақ өлең жолдарынан-ақ туған Отанына, елі-жеріне деген жүрегінің үлпілін естігендей боласың. Өлмес махаббатын шынай түсінесің. Ұлтымыздың бірегей ұлын, дара перзентін аялаған, құрметтеген, ел көшін бастаған азаматтардан айналайық!
Мұқағалидің табаны талай тиген анау Қарасуға, Елшенбүйрекке тебіренбей қарау мүмкін емес. Қарасаз өңіріндегі әйгілі Шәлкөде, Есекартқан, Айғайтас, Шәкрамбал, Тұзкөл секілді қарағайлары сап түзеп, орман-тоғайы көзді тартқан, ақ бұлақтары сыңғыр қаққан сұлу мекен тағы бір көз алдымызға келіп, осындай атамекеніміздің барына жанымыз жұбанып, қуанып отырғандай ғажайып күй кешесің.
…Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен! – деп ақын тебіренсе, дәл осы сөзді әркім өзі туып-өскен жеріне айтары, Мұқағалидің тілімен тілдесіп, жүрегімен үндесіп толқып кетері шындық. Ақын құдіреті осында, ақын өлеңінің өлмес өміршеңдігі осында. «Қайран, Қарасазым-ай, Үйрек ұшып, қаз қонған» деп жанары жұмылғанша ет-жүрегін елжірете, сағынышты сезімін мөлдірете жырлап кеткен қастерлі де сондайлық қымбатты Қарасазына бара бергің келеді. Дәл осы топыраққа аяғымыз тигенде ақын мұражайын бір аралап, көріп кетпесек, көңіліміз тыншымайтындай. Әр бұрышы, әр тұсынан ақынның тау тұлғалы алып бейнесі көз алдыға келіп, әлеуетті үні мен өлмес жыры жамырай тіл қататындай мұражайда болу – бір бақыт. Ақынға деген сарытап сағыныш. Жырына деген іңкәрлік пен құштарлық. Поэзия көгінде Шолпан жұлдыздай мәңгі жарқырап тұрған өлеңіне деген құрмет. Ақын мұражайынан шыққанда бір жеңілдеп сала бересің. Бір қуанышқа бөленгендей күй кешесің. Мөп-мөлдір сезімнің құшағына енесің. Көз алдыңа аяулы ақын бейнесі қайта-қайта келе береді. Қазақ поэзиясы жаңарған жаңа толқынымен жаңа ғасырда көрікті көшін түзеп келеді. Өлең өлкесінің асқақ Хантәңірі шыңындай Мұқағалидің жырын тұмар етіп түйген жыр көші көгілдір толқындардай көз тартады. Соған қуанамыз. Соған жұбанамыз. Қазақтың аяулы ұлы ақынын топырағында жаратқан Қарасаз Мұқағалидің мерейлі тойлары тұсында әрдайым бір толқып, бір толғанып, жадырап, жайнап, жаңғырып жатады.
Хантәңірі шыңындай асқақтай түскен ақиық ақын ұлының арқасында жыл сайын көркіне көрік қосып, гүлденіп, түрленіп келеді. Қарасазда жаратылған балапандардың барлығының ақын жырымен үндесіп, тілдесіп өсіп-өніп, ер жетіп келе жатқаны сүйініш. Мұқағалидің өзі «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын, Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» деп болжап кеткеніндей, ұлы ақын болашаққа, Мәңгілікке бет алып барады.
Индира БІРЖАНСАЛ