Оқушылар арасындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін әр білім ордасына ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілді. Кәмелетке толмағандар тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов айтты.
Басқарма басшысы балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында полиция әрекеттерінің қадамдық алгоритмі әзірленгенін хабарлады.
«Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік органдармен бірлесіп зорлық-зомбылыққа, қорқытуға (буллингке), кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді. Өңірлердің әкімдіктері жанынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және оған ден қою үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды. Оларға бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары кіреді», – деді басқарма басшысы.