ҚазҰУ-да Digital Farabi II халықаралық форумы өтті

0
940

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған Digital Farabi II халықаралық форумы өтті. Шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, бизнес өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

 Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеп, форум жұмысының өзектілігін атап өтті. Министр өз сөзінде жасанды интеллектінің кәсіби қызметке сандық және сапалық әсерін талдайтын «ЖИ басқаратын автоматтандырылған әлемдегі кеңейтілген жұмыс» бойынша IBM есебінің деректерін ұсынды. 

«Соңғы бес жылда 27 ел жасанды интеллектіні дамытудың өзіндік тұжырымдамасын әзірледі. Ел Президенті осы бағытқа басымдық беруді тапсырды. Есептің екі негізгі қорытындысы: біріншісі – жасанды интеллект төңкерісі болды, екіншісі – алгоритмдер адамдарды тікелей алмастыра алмайды. Жасанды интеллектіні, жаңа технологияларды игерген мамандар  ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндіктері мен ресурстары жоқ адамдарды еңбек нарығынан ығыстыра бастайды», – деді министр.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев: «Әлем қазірдің өзінде жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, алдымызға қойылған негізгі міндеттер – «цифрлық теңсіздікті» барынша азайту және «цифрлық агломерацияны» ілгерілету. Бұл әсіресе географиялық жағынан ірі  мемлекет болып отырған Қазақстанда аса өзекті. Экономика мен қауіпсіздік, медицина, білім, өмірдің барлық салаларына жаңа технологияларды енгізіп дамыту мен интеграциялау кезінде осыны ескеру маңызды», – деп атап өтті.

Форум аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, ҚазҰУ-дың ғалымдары мен студенттері және «Stem» орталықтарындағы оқушылар өздерінің ғылыми әзірлемелері мен стартаптарын ұсынды.

Шараның мақсаты – жас ғалымдардың инновациялық жобаларын іске асыруға қолдау көрсету және нарыққа шығуына жәрдемдесу.

Келушілер назарына 20-дан астам инновациялық жоба ұсынылды.

Солардың қатарында университет ғалымы Диана Рахимова сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған қазақ тіліндегі мобильді қосымшаны таныстырды. Жобаның мақсаты – жасанды интеллектіні пайдалана отырып,  оқу және жазу әдісі арқылы балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіру және дамыту. Ғалым дайындаған ғылыми жобаның арқасында балалар тез сөйлеуді және ақпараттарды жедел қабылдауды үйренеді. Алдағы уақытта жоба авторлары мобильді қосымшаға логопедтердің видеодәрістерін енгізуді жоспарлап отыр. Болашақта мобильді қосымша толық біткеннен кейін ата-аналар тегін пайдалана алады.  

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ұсынған жобаның бірі – «Интеллектуалды автоматтандырылған ақылды жылыжай». Бұл ақылды жылыжай  дақылдарды өсіру процесін жеңілдетіп қана қоймай, адамдардың жұмысын барынша азайтады. Яғни өсімдіктерді қажетті кезде ғана суару үшін және ауа температурасын қадағалау мақсатында арнайы датчиктер орнатылған. Аталған датчиктер арқылы жылыжайдағы жұмыстар заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асады.  Жобаны жетілдіру барысында студенттер жан-жақты ізденіп, энергия көзін күн панельдерінен алған.  ҚазҰУ-дың 3-курс студенті,  жоба авторларының бірі Гүлнұр Құдайбергенованың сөзінше, мұндай ғылыми жоба әлемдік практикада бар көрінеді. Ал Қазақстанда ақылды жылыжайдың баламалары болғанымен, олар толық жүзеге асырылмаған.

 Оқу ордасында ұйымдастырылған көрменің арқасында келушілер жас ғалымдардың ғылыми-инновациялық жобаларымен толығырақ танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ форум аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге барлығы 35-тен астам ірі компаниялар мен ұйымдар қатысты. Жұмыс берушілер студенттерге әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарының кең таңдауын ұсынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here