2024 жылдың 27 ақпанында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының атқарған жұмыстарының есебі және жарық көрген 12 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Академия қазіргі таңға дейін арнайы сериялармен 84 ғылыми-танымдық кітап дайындап, жарыққа шығаруының өзі, ғылыми-зерттеу институтының тарапынан атқарылған ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады.
2023 жылы Академия Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» атты жобаны іске асырды. Жобаны іске асыруға университет ғалымдарымен бірге, еліміздегі белгілі абайтанушылар, зерттеушілер, жас ізденушілер қатысқан.
«Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Е.Сыдықов абайтанушы ғалымдарды құттықтай отырып: «Абай академиясы» абайтанудың көп қырлы аспектісінде жан-жақты ғылыми, талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуде. Ақынның рухани мұрасын зерделеуге арналған 80-нен астам кітап жарық көрді. Абайдың ойлары мен терең философиясында жалпы адамзаттық құндылықтар сабақтасқан. Олар қазіргі қоғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылуда, – деп ерекше атап өтті.
2023 жылы «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың «Толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің мәселелері», «Абай мұрасы контекстінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру», «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» т.б. арнайы серияларымен 12 ғылыми-танымдық еңбек жарық көрді. Жыл бойы жүргізілген талдамалық және әлеуметанулық зерттеулердің қорытындысы аясында 9 арнайы сериямен шыққан еліміздің белгілі абайтанушы ғалымдары мен зерттеушілерінің осы ғылыми-танымдық еңбектері абайтану саласындағы сүбелі және құнды зерттеулер болары анық.
Абайдың терең оймен айшықталған дүниетанымы зерделенген кітаптардың авторлары: ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Е.Сыдықов – «Абай әулетінің тарихы»; ф.ғ.д, профессор Т.Жұртбай – «…Бір кемел»; ф.ғ.д., профессор Ж.Дәдебаев – «Абай ілімі»; ф.ғ.д., профессор Д.Ысқақұлы – «Абай – дала данышпаны»; ф.ғ.д., профессор А.Салқынбай – «Абайдың даналық әлемі»; ф.ғ.к., доцент Е.Тілешов – «Ынталы жүрек сезген сөз…»; ф.ғ.к., доцент Т.Қыдыр – «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау»); ф.ғ.к., доцент Ж.Әубәкір – «Абай және ұлттық болмыс»; Анкара Қажы Байрам Вели Университетінің қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Г.Құрманғалиева-Ерджиласун – «Батыс елдерiндегі жəне Түркиядағы абайтану»; Гуманитарлық ғылымдардың магистрі Б.Тұрсынбайұлы – «Абайдан қалған арман»); ф.ғ.к., қауымд. профессор Қ.Кемеңгер – «Абай мұрасы: 1891-1896»); т.ғ.к., доцент Ұ.Үмітқалиев – «Абай және оның заманы тарихи-этнографиялық мұра».
Бүгінгі таңда маңызды және өзекті міндеттердің бірі Абай мұрасын ұлттың мәдени капиталы ретінде насихаттау болып табылады. «Абай Құнанбайұлының мұрасы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» бағытында алыс-жақын шетелдегі және республикалық БАҚ-та 50-ге жуық танымдық мақалалар жарияланған.
«Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы» бағытында ақын шығармалары бойынша түрік, орыс, және ағылшын тілдеріндегі субтитрлерімен 22 әлеуметтік-танымдық кейс дайындалды.
Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына талдау жүргізу арқылы жаһандану дәуіріндегі қоғамның даму үрдісімен бірлікте заманауи мультимедиялық технологияларды қолдана отырып «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.
Іс-шараға абайтанушы ғалымдар, зерттеу кітаптарының авторлары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.