Цифрлық электронды кітапхана

0
2397

Қазақстанда ақпараттандыру процесі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қолға алынды. Яғни, республикамызда компьютерлік техниканың саны артып, біршама мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, кәсіпорындар мен ғылым, білім мекемелерінде жұмыс процесі автоматтандырыла бастады. Ал, 1996 жылдан бастап елімізде интернет жүйесі мен тұтынушылар саны артты.

XXI ғасыр ғылым және ақпараттық технологиялардың дәуіріне қадам басса, мұның ішінде электронды мәліметтер базасы елімізде 2000 жылы құрылды деуге болады. Сондай-ақ, CD-DVD-дегі аудиовизуальдық мәліметтер кітапханалардағы видео бөлім  мен  музыкалық  қорларда  ерекше  кітаптар мен оқулықтар келе бастады. 

Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында да 2000 жылдан бастап электронды басылымдар қорының электронды мәліметтер базасы қалыптаса бастады. Электронды оқу залы ашылды. Желтоқсан айынан бастап электронды оқу залы Интернет жүйесіне қосылды. 2003 жылы Республикалық автоматтандырылған кітапхана жүйесі (РАБИС) бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіліп, бір ізге түсті.

Электронды каталог

Ақпарат  кеңістігінде  кітапхана  каталогтары  қорды  пайдаланудың  ізденісі  мен  ақпарат  көздерімен  қамтамасыз  етуші  негізгі  құрал болып  саналады. XIX ғасырда  қалыптасқан  дәстүрлі  каталогтар  жүйесінің  негізгі  типтері белгілі бір тәртіппен ұйымдастырылған құжаттардың қысқаша сипаттамасы мен оның сөредегі сақталу орнынан тұрады.

Жалпы  автоматтандыру  жұмысының   негізгі  мақсаты  –  кітапханаға  келген  оқырман  талабын,  сұранысын  сапалы  қанағаттандыру  барысында  сервистік  қызмет  көрсету дәрежесін  көтеру. Ұшан-теңіз ақпарат пен білім көздерін жүйелі арнаға тоғыстырып талдауда, іздеуде, табуда алдымен  көмекке келетін автоматтандырылған ақпарат көзі. 

Мұндағы электронды каталог – кітапхана ісін автоматтандыру  жұмысының алғашқы баспалдағы болып табылады.

Оқырмандардың ақпаратқа деген қызығушылықтың өсуі, сұранысты  қанағаттандыру жолының көбеюі, ақпараттар жүйелерінің қарқынды дамуы қазіргі кітапханаларға нақты өзгерістер мен жаңа технологиялық   процестерді  енгізуге, заман  ағымына ілесіп, жан-жақты дамуға зор әсерін  тигізуде. Осы уақытқа дейін кітапхана әлеуметтік институт ретінде ақпаратты жинақтап, жүйелеп, оны сақтай отырып ақпаратты оқырмандарға    жеткізетін негізгі әрі бірегей орын болып табылады. 

Қазіргі таңда электронды технологияның дамуы, электронды  басылымдардың әлемде көптеп таралуы, Internet-тің пайда  болуы кітапхана  әлеміне де үлкен өзгерістер әкеліп, электронды ортадағы басты мақсаттары   мен атқаратын қызметтеріне көз жүгіртіп, сараптауға түрткі болуда. Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электронды қызмет, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, қорды сақтау – уақыт талабы. Бүгінде оқырман талабы да өзгерді. Үйден шықпай-ақ, ғаламтор арқылы іздегенін тапқысы келеді. Осы орайда, кітапхана жұмысы да түрлене түскенін алға тартар едік.

Құжаттық мұраларды цифрлау жобасы

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы цифрлық жүйедегі технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, заман талабына сай қызмет көрсетіп келеді. Заманауи ақпараттық технологиялар кітапхана ресурстары мен қызметтерін жетілдіріп, ақпарат орталығы ретінде қызмет көрсетіп отыр.

Кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімі 2000 жылы құрылды. Бөлім кітапхана қызметіне ақпараттық технологияларды енгізу, кітапхананың web-ресурстарын, электронды өнімдер каталогын, тақырыптық электронды базасын құру, толықтыру, қолданыстағы ақпараттық жүйені, бағдарламалық кешенді жаңарту, оны қолдау жұмысымен айналысады.

Сыр бойының құжаттық мұраларын сақтау және сандық жүйеге өткізу мақсатында кітапхана қорындағы сирек кездесетін кітаптар сандық жүйеге өкізілуде. Өлкетану қорын Интернет жүйесі арқылы кең көлемде қолдануға мүмкіндік беруін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты  «Сырдария» электронды кітапханасы  құрылды. Бұл электронды кітапханаға жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармаларын толықтай қамтитын «Сырдария» баспасының 200 томдығы енгізілді. Ақпараттық телекоммуникациялық қызметтің сан алуан жолдары арқылы оқырманға сапалы қызмет көрсету кітапхана жұмысының күнделікті тыныс-тіршілігіне айналған. 

Заманауи кітапханалардың талаптары өзгеріп келеді, сондықтан да кітапхана кітап қоры ретінде ғана емес, әлеуметтік сипаты басым рухани орталық. Қазіргі таңда кітапханада Web-РАБИС бағдарламасының 5 модулі де, яғни «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» жүйелері көпшілікке қызмет көрсетуде.

Бөлімге қарасты «Шаңырақ» интеллект және Коворкинг орталықтары бар. «Шаңырақ» интеллект орталығында жұмыссыз жастар компьютерлік білімдерін жетілдіреді. Курсқа жұмыссыз жастар, зейнеткерлер, кітапханашылар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар түрлі компьютерлік бағдарламалары бойынша сабақ оқиды. Ал Коворкинг орталық – жұмыс істеуге, іскерлік кездесу мен түрлі іс-шаралар үшін ұсынылатын жабдықталған орын. Орталықта түрлі іс-шаралар мен кездесулер өтеді. Жоғары және орта оқу орындарының студенттері ғылыми және шығармашылық жолындағы бас қосатын орталыққа айналды.

Қолғанат ҚЫСТАУБАЕВ,
Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының
кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here