Адамзат дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Цифрлы һәм диджитал дәуір жаһандық өркениеттің өрістеуіне тың серпін беруде. Цифрлық трансформация әлемдік экономиканың сан саласы мен өнеркәсіпті оңтайландыруға, инфрақұрылым мен мемлекетаралық қатынастарды ілгерілетуге түбегейлі өзгерістер әкелуде. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект өнімдері күнделікті тіршілігімізге дендеп еніп, уақытты ұтымды пайдалануымызға да елеулі үлесін қосуда. Заманауи технологияларды кәдеге жарату елімізде қалай жүзеге асырылуда? Тұрмысты түзеп, сананы сілкіндіруге септігін тигізетін цифрландырудың қарқыны қандай деңгейде? Әккі хакерлердің шабуылына тойтарыс беруге қауқарымыз жете ме? Киберқауіпсіздікті қаншалықты қамтамасыз ете алдық? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.
ЦИФРЛАНДЫРУ СЕРПІЛІСКЕ БАСТАЙДЫ
Бір ғана 2023 жылы әлем бойынша экономиканың маңызды салаларын цифрландыруға жұмсалған қаржы көлемі 4,66 трлн долларды құраған. Қомақты қаражат құйғандардың қатарында алпауыт мемлекеттер көш бастап тұр. Бұл – ірі державалардың ақпараттық технологияларға айрықша назар аударып, жете мән беріп отырғанын айғақтайды. Көрсеткіштер көлемінің алдағы жылдары да арта беретініне күмән жоқ. Мамандардың пайымдауынша, әлемдегі цифрлы нарық таяу жылдары 6,8 трлн долларға өсіп, 50 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Қазақстанда да соңғы жылдар белесінде цифрландыруға айтарлықтай назар аударылып, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, бірнеше маңызды сала цифрландыруға толыққанды көшірілуде. Бұл тарапта қол жеткен нәтиже де жоқ емес. Атап айтқанда, әлемдік цифрлық интеллект индексінің соңғы қорытындысына сүйенсек еліміз IT-саланың даму қарқыны бойынша үздік жиырма мемлекеттің санатына енді. Осылайша, Қазақстан цифрлық ортаны ілгерілету жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кірді. Әрине, бұл тарапта тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана тоқмейілсімей, сапаға да мән беру қажеттігі белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы маңызды миссияларды белгілеп берді.
«Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр – Қазақстанды IT елге айналдыру. Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз. Түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру. Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек», – деп атап өтті Президент.
Мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда цифрландыру саласы 12 пайызға артқан. Әсіресе, халықаралық нарықта отандық цифрлық өнімдерге деген сұраныс өскендігі байқалады. Атап айтқанда, IT қызметтер мен өнімдер экспорты бірнеше есе ұлғайып, 300 млн доллардан астам соманы құраған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті жарты миллиард долларға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан таяу жылдары электронды үкімет пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту көрсеткіштері бойынша әлемнің үздік елдерінің санатына енуді жоспарлауда. Мамандардың айтуынша, Қазақстанның өңірдегі транзиттік, экономикалық және өндірістік әлеуетінің жоғары болуы – IT нарықтың дамуына оң қарқын береді. Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы да еліміздегі цифрландыру үдерісінің жылдамдауына өз ықпалын тигізді. Індет кезінде енгізілген шектеулер көптеген салаларда, әсіресе бизнес және бөлшек сауда саласында онлайн платформалар арқылы қызмет көрсету мүмкіндігін арттырған.
Өңірдегі геосаяси шиеленіс жаһандық экономикаға едәуір өзгерістер алып келгені рас. Аймақтағы ахуал бұған дейін қалыптасқан ойын ережесін өзгертті, тың бағыттарға бастады. Сондай-ақ, бұл өзгерістер транзиттік әлеуеті жоғары, экспорттық қуаты мығым Қазақстанның нарықта басты ойыншыға айналуына өз ықпалын тигізгені белгілі. Десе де, ол жаңа стратегиялық маңызды істерді еңсеруді қажет етеді. Осыған орай Үкіметтің алдына 2026 жылға қарай ІТ-қызметтердің экспортын бір миллиард долларға жеткізу туралы жаңа міндет қойылып отыр. Бұдан бөлек, елімізде БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы құрылмақ. Орталық Азияның орнықты дамуы бағытында қызмет көрсететін орталық еліміздің диджитал нарықтағы беделінің артуына ықпал етеді және мол мүмкіндіктерге жол ашады деп күтілуде.
ХАКЕРЛЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Мемлекет үшін маңызды салалардың жаппай цифрландырылуы ондағы деректер базасын жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін тудырады. Ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, дерекқорларды кибершабуылдардан қорғау мақсатында ел билігі бірқатар кешенді жұмыстар жүргізуде. Бұған себеп те жоқ емес. Былтырдың өзінде Қазақстанға шетелдік хакерлер тарапынан 223 млн-нан астам шабуыл жасалған. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ақпараттық жүйелерді бұзып, деректерді қолды еткендердің қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Польша және Украина хакерлерінің қарасы басым. Кибершабуылдардан жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелер мен байланыс операторларының деректер базасы зардап шеккен.
Жалпы алғанда, киберқауіпсіздік мәселесі әлемде де өзекті күйінде қалып отыр. Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде жаһандық ұйымдар мен мекемелердің 76 пайызы хакерлердің шабуылына тап болған. Сарапшылар өткен жылы киберқылмыскерлердің әккі әрекетінен әсіресе өнеркәсіп пен логистика және автокөлік өндірісі айтарлықтай зардап шеккенін растайды. Мамандар болашақта әлемдік экономикадағы кибершабуылдар шығыны жүздеген миллиард долларға жетуі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.
Хакерлерге тосқауыл қою мақсатында бірқатар мемлекеттер қажетті шаралар қабылдап, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуда. Мәселен, АҚШ билігі келер жылы энергетикалық сектордың киберқауіпсіздігіне 10 млрд доллар жұмсауды көздеп отыр. Атап айтқанда, IT сала мамандарының санын арттырып, азаматтардың білімін жетілдіруге күш салмақ. Ал, Австралияда арнайы мемлекеттік агенттік құрылатын болады. Әрбір 7 минут сайын бір киберқылмыстың орын алуы, елдің шығынға шаш етектен батуы ресми Канберраны осындай қадамға баруға мәжбүрлеп отыр. Канада киберқылмысты ұлттық стратегия қабылдау арқылы ауыздықтамақ. Бұл құжат хакерлермен күресті қарқындатып, азаматтарды түрлі интернет шабуылдарынан сақтандыруға септеспек. Британия билігі болса қытайлық Тик-Ток-ты қолдануды шектеуді қарастыруда. «Аспан асты елінің» әлеуметтік желісі астыртын ақпарат жинауы мүмкін деген қауіп бар. Бұдан бөлек, бірқатар Еуроодақ елдері де аталған желіні қолдануға тосқауыл қоюға мүдделілік танытып отыр. Сарапшылар ChatGPT ботын кең көлемде қолдану да қаскөйлердің тұзағына түсудің оңай жолы екенін алға тартады. Хакерлер жасанды интеллектінің көмегімен құрылғыға жалған мәліметтер жіберіп, өздерінің айла-тәсілдерін іске асыруға машықтанған.
«КИБЕРҚАЛҚАН-2.0» ҚАТЕРГЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУҚАРЛЫ?
Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейтуге арналған арнайы бағдарлама даярланып, ол кезең-кезеңімен іске асырылуда. 2017 жылы қабылданған «Қазақстанның киберқалқаны» Тұжырымдамасы осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар мен өзге де интернет пайдаланушылардың қауіпсіздігін белгілі бір деңгейде қамтамасыз етті. Екі кезең бойынша жүзеге асырылған бағдарлама осы жылдар ішінде оң нәтижесін беріп те үлгерді. Еліміз әлемдік киберқауіпсіздік рейтингісінде алғашқы отыздықтың сапына енді. Сапалы қызметтер жүйесі құрылып, азаматтардың киберқауіпсіздік мәдениеті артты. Өткен жылы осы тараптағы қауіпсіздікті одан әрмен нығайту мақсатында «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы іске қосылды.
Бұл бағдарламаның мақсаты – биік, межесі – жоғары. Жаңа нұсқадағы тұжырымдама елімізді әлемдік киберқауіпсіздік индексіндегі үздік 20 елдің санатына енуді мақсат тұтады. Сондай-ақ, «электронды үкіметті» кибершабуылдардан 100 пайыз қорғауды қамтамасыз етіп, дербес деректердің қолды болуына тосқауыл қоймақ. Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты талаптар қатарында.
Бұған дейінгі тұжырымдамада мемлекеттік ұйымдар мен жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігіне басымдық берілсе, жаңа бағдарламада жекелеген азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға жете назар аударылған. Бұл турасында Президент те атап өткен болатын.
«Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Бірақ, цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор. Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде елімізде ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлауға да жүйелі назар аударыла бастады. Кадрлар даярлауға бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, 2021-2022 оқу жылында бөлінген білім грантының саны 2 632 болса, 2023-2024 оқу жылындағы мемлекеттік тапсырыс көлемі 3 090-ды құраған.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ҰЛТТЫҚ ПЛАТФОРМА ӘЗІРЛЕНЕДІ
Соңғы жылдары Қазақстан жасанды интеллектінің бірнеше бағыттарын дамытып, таңсық технологияларды күнделікті қолданысқа енгізуді жүзеге асыра бастады. Қазіргі күнде ЖИ технологиялары цифрлық банкинг, ұялы байланыс қосымшалары мен сауда-саттықта пайдаланылады.
Осы тараптағы басым бағыттарды ілгерілету мақсатында биыл Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылады. Smart Data Ukimet базасында құрылатын платформа мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етпек. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, аталған жүйе елімізге қатысты барлық ақпарат пен жеке деректердің таралып кетуіне жол бермейді және сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, жуырда жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілмек. Құжаттың жобасы жарияланып, көпшілікке таныстырылды. Оған сәйкес 2025 жылы елімізде суперкомпьютерлер іске қосылып, ЖИ технологияларын пайдалана отырып ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің үлесі артады. Сондай-ақ, қазақ тілінде сөйлейтін ChatGPT ботының отандық аналогы пайда болып, жасанды интеллект «электронды үкімет» порталына енгізілмек.
Бүгінде 24 отандық жоғары оқу орны мен ғылыми орталықтар жасанды интеллектіні дамыту, ғалымдардың осы бағыттағы қанатқақты жобаларын өндіріске енгізу бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, былтырдан бастап 14 университетте арнайы курстар ұйымдастырылуда. Жоғары білім және ғылым министрлігі мен Google компаниясының бірлесуімен жүзеге асып жатқан жоба алдағы уақытта еліміздің өзге де білім ордаларында жалғасын таппақ. Осы ретте атап өткен ләзім, Президент 2023 жылғы Жолдауында жасанды интеллект саласындағы мәселені көтерді. Мемлекет басшысы келешекте кемінде үш жоғары оқу орны ЖИ саласына қажетті кадр даярлаумен айналысатындығын мәлімдеді. Нақты тапсырма берілді. Нәтижесі көп күттіре қоймас.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Биылғы наурызда «Zaimer.kz» микроқаржы ұйымы хакерлік шабуылға ұшырап, салдарынан 2 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегі әлеуметтік желіде тарап кетті. Іле-шала Цифрлық даму министрлігі арнайы тексеру жүргізіп, заңнама талаптарының өрескел бұзылғандығын анықтады. Ал ақпанда қытайлық хакерлік топ екі жылдан астам уақыт Қазақстан азаматтарын бақылап отырғандығы мәлім болды. Атап айтқанда, киберқылмыскерлер ұялы байланыс қоңырауларына, хат алмасулар мен қоңыраулардың есепшотына толық қол жеткізген. Сондай-ақ, қытайлық тыңшылар Бірыңғай Ұлттық зейнетақы қоры, Қорғаныс министрлігі мен отандық авиатасымалдаушы туралы да мәліметтерге ие болған. Жаңадан іске қосылған «Киберқалқан-2.0» бағдарламасы ұлттық қауіпсіздікке орасан зор нұқсан келтіретін осындай жағымсыз жайттардың алдын алуға сеп болады деп топшылаймыз. Бұдан бөлек, былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздік туралы Заңға қол қойды. Құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеудегі құқықтық олқылықты жоюға бағытталған. Ең бастысы, бұл бастамалар айдың-күннің аманында азаматтарды интернет иірімдеріндегі алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақтаса – құба-құп.
Жандар ТҰРАРҰЛЫ