Дәстүрлі құндылықтарымыздан ажырамайық!

0
745

Ерте кезде бабаларымыз жорыққа аттанарда артта қалған қарттар мен бала-шағаны әйел – аналарға аманаттап, «артта сіздер бекем болсаңыздар, біздің де көңіліміз тоқ, жолымыз ашық» деп нәзік жандарға сеніп тапсыратын болған.

Әрине, заман өзгеріп, қоғам алға жылжыған сайын осындай дәстүрлі құндылықтарымыздан бір мысқал ажырамауымыз тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты жиі орын алатын зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату заманның талабы мен  сұраныстарына сәйкес туындап отырғанын ұмытпауымыз қажет. 

Аталған мәселе қоғамда қызу талқыланып, осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігі айқындалды. Барлық сарапшылардың, қоғамдық белсенділердің пікірі қабылданатын заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылуы тиіс деген ортақ мүддеде тоғысты.

Осыған орай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі болып табылады. Мемлекет басшысы ұсынған «заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді білдіреді.

Бұл принциптің өзара байланысты екі қыры бар. Біріншісі – «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі – «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Осылайша, жасалған қылмыс үшін қолданылатын жаза ғана маңызды емес, сондай-ақ, қылмыстың алдын алу да маңызды.

Ел Президенті осы жылдың қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», – деді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті қатаңдатуға,  зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған. отбасы институтын нығайтуды және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Құжат Мемлекет басшысының әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Заң шығарушы орган қоғамның сұранысына сәйкес жаза түрлерін анықтады. Қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі.

Қылмыстардың алдын алуға отбасы институтын нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасын қолдау орталықтарын құруға, отбасы мәселелері бойынша «111» байланыс орталығының жұмыс істеуіне, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық жаңалықтар бар.

Осылайша, заңда, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені көзделген. Жалпы, Заңның негізгі мақсаты жазалаушы емес, алдын алу сипатына ие.

Сонымен қатар, енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Кәмелетке толмағандарды қорқыту және киббербулинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Айта кету керек, кәмелетке толмағандар арасында буллинг жиі кездеседі. Осыған байланысты білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы буллингке қарсы тұрудың заңды тетіктері болған жоқ. Олар тек профилактикалық сөйлесумен және мектепішілік есепке алумен шектелуге мәжбүр болды.

Заңнамалық новеллалар кәмелетке толмағандарды буллинг үшін жауапкершілігін қарастырмайды, бірақ ата-аналарға балаларының әрекеттері үшін нақты жаза тағайындайды, бұл тежеу механизмі болуы керек. Мәселен, егер бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады. Мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, бүкіл қоғамға бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді.

Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:

  • денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
  • неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
  • отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
  • өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
  • кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
  • білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
  • 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here