Алдағы күзде Молдова тағдыршешті шешім қабылдайды

0
1086

Қоңыр күздің бел ортасында, яғни 20 қазанда Молдова екі тағдыршешті шешім қабылдайды. 2,6 млн халқы бар Оңтүстік-шығыс Еуропадағы Румыния мен Украинаның ортасында орналасқан мемлекет алдымен Еуропалық Одаққа мүшелікке енуді референдумда шешеді және президентті сайлайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Кишинев қызу дайындалып жатқан осы екі ауқымды шараға тоқталады.

МОЛДОВА БИЛІГІ БАРЛЫҚ КҮШТЕРДІ НЕГЕ БІРІГУГЕ ШАҚЫРДЫ?

Алдағы күзде Молдова Республикасында Еуропалық Одаққа мүшелікке ену туралы референдум өткізуге дайындық аяқталып, ол ел президентін сайлаумен біріктірілетін болды. Парламент жақын арада қажетті заң жобасын қабылдайды, содан кейін плебисцитке (халықтың тағдыршешті шешімі, – ред.) дайындық басталады. Егер сайлаушылардың көпшілігі еуроинтеграцияны қолдаса, Еуропалық Одаққа мүшелікке енуі Конституцияда бекітіледі. Соған байланысты ел билігі барлық партияларды еуропалық болашақтың айналасына топтасуға шақырды. Дегенмен, Кремльдің қас-қабағына қашаннен бері қарайтын Молдова оппозициясы плебисцитке қарсы шығып, халықтың ерік-жігерінің объективтілігіне күмән келтіреді.

«Конституцияда Молдованың Еуропалық Одақ отбасындағы орны туралы нақты тайға таңба басқандай етіп көрсететін уақыт келді. Біз – еуропалықпыз, тарихымыз біздің еуропалықтар екенімізді көрсетеді және біз басшылыққа алатын құндылықтар молдовалықтардың еуропалық екенін растайды. Біз Еуропалық Одақ елдерінде өмір сүруге, құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың бірдей болуына лайықпыз», – деп мәлімдеді 19 сәуір күні Молдова парламентінің спикері, «Әрекет және ынтымақтастық» билік партиясының жетекшісі Игорь Гросу.

51 жастағы спикер алдағы айда 52 жасқа толатын президент Майя Сандудың осы күзде елде Еуропалық Одаққа мүшелікке ену мәселесі бойынша референдум өткізу туралы бастамасына түсініктеме берді. Аталған бастама заңнамалық рәсімдеудің соңғы сатысында тұр. 16 сәуірде елдің конституциялық соты бұл мәселе бойынша оң пікір білдірді және 18 сәуірде Парламентке тиісті заң жобасы енгізілді. Оны депутаттар бекіткеннен кейін (бұл таяу арада болатынына күмән жоқ) Орталық сайлау комиссиясы референдумға дайындықты бастайды.

«Мен барлық партияларды, ұйымдарды, жергілікті халық пен диаспора өкілдерін Молдова Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелікке енуіне жәрдемдесуге шақырамын. Молдованы еуропалық отбасына қосу саяси және партиялық мүдделерден жоғары мақсат болып табылады», – деді Игорь Гросу.

Оған дейін Майя Санду да осыған ұқсас үндеу жасаған. 16 сәуір күні Конституциялық соттың шешіміне түсініктеме берген президент: «Бізге ауызбіршілік ауадай қажет. Өйткені, бірлігіміз бекем болмаса, бәрі бекер. Сондықтан молдовалықтардың бейбітшілігі мен әл-ауқатына кепілдік беру үшін бізге әр партияның, қоғамдық ұйымның, азаматтық қоғамның бұл референдумға қатысуы керек. Еуропалық Молдова үшін бірігіп, біз бейбітшілік пен абыройда өмір сүрудің ортақ мақсатына жетеміз», – деп ойын ашық жеткізді.

Сонымен, биліктің көптен күткен референдумы 20 қазанға белгіленді. Сол күні республикада президенттік сайлау өтеді. Елдің 2020 жылдан бергі президенті Майя Санду екінші мерзімге қайта сайлануға ниетті және оның табысқа жету мүмкіндігі өте жоғары. Президент бастаған референдум халықты дауыс беруге қатысуға жұмылдырады. Неге десеңіз, Майя Санду еуроинтеграциямен тығыз байланысты және ең танымал саясаткер болғандықтан, референдумға келгендер бюллетеньдерде оны белгілейтіні сөзсіз.

РЕФЕРЕНДУМҒА ОППОЗИЦИЯ МЕН РЕСЕЙ НЕГЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ?

Сіз Молдова Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелікке енуін қолдайсыз ба? Міне, күздегі референдумда осы сұрақ қойылады. Егер қатысушылардың көпшілігі жақтап дауыс берсе, онда Молдова Конституциясында еуропалық интеграция тайға таңба басқандай анық жазылады. Сөйтіп, Кишиневке Еуропалық Одаққа жол ашылады.

Рас, Молдованың Еуропалық Одаққа мүшелікке енуі оңай болмайды. Оған Ресейдің айтқанына көніп, айдауымен жүретін мойындалмаған Приднестровье Молдова Республикасы және Кремльдің сөзін сөйлейтін оппозиция өкілдері кедергі келтіріп бағады.

Енді Кішкентай Молдованың үлкен мәселесіне қысқаша тоқталайық. Молдова жерінің 12 пайызына тең Приднестровье Молдова Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған 1992 жылдан бері Мәскеуден экономикалық, саяси және әскери қолдау көріп келеді. Приднестровьеде Ресей Федерациясының 1,2 мыңдай әскери қызметкері орналасқан. 500 мыңға жетер-жетпес халқының 31 пайызын молдовандар, 30 пайызын орыстар, 28 пайызын украиндар құрайды. Мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 816 шақырым. Оның Молдова Республикасымен шектесетін тұсы – 411 шақырым. Астанасы Тирасполь қаласында 125 мың халық тұрады. Дегенмен, Молдова Конституциясы бойынша Приднестровье – Молдова Республикасы аумағының ажырамас бөлігі. Даулы аймақта 2006 жылы арнайы референдум өткізіліп, халықтың 97 пайызы Ресей Федерациясына қосылуды қолдаған. Тіпті, 2013 жылы Приднестровье аймағының билігі елде Ресейдің федералдық заңдарын мойындау туралы конституциялық заң қабылдады. Аймақ тұрғындары 2017 жылы Ресей Федерациясының құрамына субъект түрінде енуге тағы да үндеу тастады. Қырымдағыдай референдум да өткізбекші болды. Алайда, Мәскеуге дәл қазір ондай шешім қажет емес. Әрине, Тираспольдің мұндай бағыттағы кез келген шешімдерімен Кишинев келіспейді, бірақ Молдованың көл тартылғанда шалшықтың арасында қалып қойған шортандай қанша туласа да, Мәскеудің қолдауына ие Приднестровье аймағына билік жүргізуге дәрмені қалмай барады. Дегенмен, Кишинев Приднестровьеден ешқашан бас тартпайды.

Оппозиция да референдум идеясын сынады. Молдованың 2016-2020 жылдардағы президенті Игорь Додон басқаратын Социалистік партия барлық саяси күштерді біріктіріп, бірауыздан референдумға қарсы тұруға шақырады. 49 жастағы экс-президент алдағы сайлауда өз кандидатурасын ұсынуы мүмкін. «Алдағы референдумның жалғыз мақсаты – Майя Сандуға билікте қалуға көмектесу», – деп санайды ол. Бірақ, Молдованың оппозициясы Игорь Додонның айналасына біріге алмауы ықтимал.

Мәскеу де алдағы референдумды қатты сынайды. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі дауыс беру нәтижелеріне алдын-ала күмән келтіреді.

«Референдум өткізу күдігімізді тудырады. Саясаттанушылардың атап өткеніндей, дәл қазіргі елдегі тәртіпсіздік жағдайында Молдова халқының ерік-жігерінің объективтілігіне сүйенудің қажеті жоқ», – деп түсіндірді 18 сәуірде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

19 сәуір күні РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, «Батыс елдерін ешқандай әдептілікті мойындамай, Молдовада агрессивті жұмыс істеді. Майя Сандуды НАТО-ға тікелей немесе Румыниямен байланыс арқылы Молдованы сүйрейтін адамға айналдырады», – деп айыптады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір Еуропалық Одаққа Германия, Франция, Италия сынды 27 ел мүше және тағы 9 мемлекет мүшелікке енуден дәмелі. Соның ішінде Молдова мен Украина 2022 жылы, Грузия былтыр Еуропалық Одақ мүшелігіне кандидат атанды. Егер Молдова алдағы күзде референдум арқылы Еуропалық Одаққа енуді жақтап дауыс берсе, онда бұл арманына бір табан жақындай түседі.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here