Киелі кесененің күйреуі

0
2425

ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектенов мырзаның назарына!

Түркістанның орта ғасырдан бергі тарихы ғұлама ғалым Қожа Ахмет Ясауи есімімен сабақтас. Киелі өңірдің өткен күндердегі даңқы мен бүгінгі қасиеті, ұлы бабамыздың асыл қазынасымен терең тамырласып келеді. Түркі әлемінің мақтанышы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ұлттық мұрамыздың іргетасы іспеттес. Сондықтан да ол халқымыздың рухани әрі мәдени тұрғыдан қайта қалыптасуының аса қадірлі қайнар көзіне айналып отыр. Сан ғасырдың жүгін арқалап тұрған алып құрылыстың табиғи күштер әсерінен түрлі өзгерістерге ұшырауы заңды құбылыс. Қасиетті жәдігеріміз де уақыт ықпалында екеніне және заман өткен сайын қажетті жөндеуді талап етері түсінікті.

Кеңестік дәуірде атеистік көзқарастың зардабынан киелі кесене біраз уақыт қараусыз қалды. 70-жылдары шетелдік туристер келгеннен бастап мұнда кейбір жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Ал, ата-бабаларымыз аңсап кеткен егемендікке жетіп, жалпы ұлттық идеологиямыз өзгергеннен кейін Түркістан қайта өркендеу жолына түсті. Сонымен қатар, кесенеде күрделі реставрация жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылданды.

Ендігі басты мәселе – осынау көне тарихи ескерткішімізді қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты дұрыс жобаланып, сапалы реставрация жүргізілгендігінде болып тұр. Атақты Мәулен Садыр ұста басшылығымен ғажайып құрылысты  көтерген орта ғасыр шеберлерінің озық ойы мен тапқырлығының қыр-сырын қазіргі мамандардың қаншалықты түсінуінде. Соңғы жылдары кесенеде атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Алайда, олардың Әмір Темір жобасының талаптарына, ғылыми-практикалық тұрғыдан  құрылыстық  әрі реставрациялық ережелерге сай емес екендігі мамандардың ғана емес, қарапайым тұрғындардың да үлкен күмәнін тудыруда. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөндеу жұмыстары ғылыми тұрғыдан талғамсыз, жоспар жүйесіз жүргізіліп және Әмір Темір жобасының талаптары орындалмай, өрескел бұзылып жатқандығы жанымызға қатты батады. Мұндай жөнсіз-жүйесіз жүргізілген жұмыстар ғимараттың келешегіне, сондай-ақ кесененің үстіндегі үлкен күмбездің құлап түсуіне қауіп туғызуы әбден мүмкін. Ең қатерлісі, қазандық төбесіндегі үлкен күмбезді көк шыны түсті қышпен қаптап, демтартқыш тесіктерді тығындап бекітіп және кесененің жан-жағындағы тор көз терезелерді (панжарларды) қышпен қалап, тығындап тастаған. Осының салдарынан күмбездің ішіндегі қалыпты температуралық режимінің бұзылуына, содан ағаш ұстындардың шіруіне, гипс құймаларының ылғалданып салмағы бірнеше рет көбейіп кетуіне, тіпті опырылып түсуіне әкеліп соқтыруда. 1982 жылы төбедегі бірнеше әсем оюлар (сталактиттер) құлады.

1993-2000 жылдары кесенеге реставрация жұмыстарын «Вакиф Иншаат» түрік фирмасы жүргізіп, олар Әмір Темір жобасының талаптарын өрескел бұзған. Әмір Темір жобасы бойынша орта ғасыр шеберлері кесене қабырғаларының ұлтанына мал қиын салып, үстіне қамыс төсеген, бұл материалдар екі түрлі қызмет атқарған. Бірінші – жер асты суларын жоғары өткізбеген, екіншісі – жер сілкінісіне төтеп берген. Түрік құрылысшылары қи мен қамысты алып тастап, кесененің астына өте жоғары қысыммен 14 метр тереңдікке свай фундаменттерін құйғанда, қабырғаға горизантальдық гидролизация жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдарынан кесененің қабырғалары ылғалданып, құзданып жатыр, намаз кезінде имам отыратын орын (михраб) құлап түскен.

Бүгінгі таңда қазандық төбесіндегі гипс құймаларынан жасалған әсем оюлардың (сталактиттер) жобалық салмағы 300 тоннадан жоғары. Егер де жерасты су мен тұз әсем оюларға және қазандық күмбезіне өтіп кетсе, гипс құймаларының салмағы бірнеше есе үлкейіп, күмбез құзданып, құлап түсері анық.

Түркияның «Вакиф Иншаат» құрылыс фирмасы техникалық сараптамадан өтпеген көптеген жобалармен жұмыс істеп, кесененің зақымдануына, келбетін бұрмалауға әкелген және тарихи түпнұсқасынан бөлек, орынсыз өзгерістер енгізген. Сонымен, Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі №1488-XII «Мәдени мұраны қорғау» Заңындағы баптар өрескел бұзылған және ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы №1044 Қаулысындағы көрсетілген талаптар орындалмаған. Құрылыс материалы ретінде бұрын мүлдем тәжірибеден өтпеген ангидрит ерітінділерін пайдаланған. 

Бұдан шығатын қорытынды, ғалымдар кесененің қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында құрылыс реставрация заңдылығы және пайдалану нормативтері сақталмаған, керісінше өрескел бұзылғандықтарын анықтап көрсетті. Атап айтқанда, кесененің қазандық бөлмесіндегі күмбездің қыштары, гипс оймалары сталактиттер және оларды ұстап тұрған ағаштардың ылғалдылығы өткен жылғыдан да бетер көбейіп 29,9 пайызға дейін жеткен және күмбез материалдарына, ескерткішке өте қауіпті «сульфат калий тұзы» екі қабат болып түзілгендігі анықталды. Бұл өте қауіпті жағдай. Осының салдарынан кесенедегі құздану процесі күннен-күнге күшейіп барады. Дуалдары қалың болған соң, дуал ішімен жүретін ауа айналым режимі жасалған. Ол режим жоғарыдан дуал ішіндегі тесіктер арқылы ауаны өткізіп, қабырға ішін церкуляция жасап отырған. Ал, жаңбыр сулары арнайы тесіктер арқылы кесенеден 200-300 м жердегі шұңқырға жиналып, жерге сіңіп отырған. Кесене ұлтанындағы жұмсақ жастықтарға орналасқан. Яғни, ұлтанның асты мал қиы мен қамыстан жасалған. Сол себептен, кесененің ұлтанына бетон құюға болмайды. Бетон құйылғаннан соң, дуал ішіндегі барлық тесіктер жабылып, үстінен аққан жаңбыр суымен толып, дуал ішіндегі  кірпіштердің мүжілуіне әкеліп соқтыруда.     

Аталған жағдайға байланысты ғалым Л.В.Дубровская 2010-2011 жылдар аралығында күз, қыс, көктем, жаз мезгілдерінде зерттеулер жүргізіп, кесенеде реставрация заңдылықтары сақталмай, керісінше, өрескел бұзылғандығын анықтады. Сонымен бірге, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің техникалық ғылымдардың докторы И.С.Бровко бастаған ғалымдар тобы барлық бөлмелерге, құжыраларға, мұнарадағы ылғалдылық мөлшерлерінің құрылыс конструкциясына тигізген әсерлерін зерттеп, кесененің 1 және 2 қабаттарында 17 дуалдар аралық ауа желдеткіш құбырларының бірде-бірінің жұмыс істемейтіндігін, 6 құбырдың құрылыс қалдықтарымен тығындалғандығын, құбырлар оймасына электрокабельдерді орнатып, 17 сыз ауа тартқыш құбырдың тек асхана бөлмесіндегісі ғана алғашқы жобаға сәйкес келетіндігін дәлелдеді.                                        

Бұдан   шығатыны,  кесенеде сан ғасырлар бойы ауа айналымын реттеп, ылғалдылық мөлшерін бірқалыпта ұстап, құрылыстың тыныс жолдары есебінде қызмет атқарып келген арналардың барлығы бітеліп, тығындалып тасталған. Ал бұл кесене кірпіштерінің үгітілуіне, күмбездердің ылғалданып, бұзылу қаупінің артуына соқтырып отыр. Арнайы жүргізілген осы ғылыми-зерттеулердің қорытындысы кесенедегі қалпына келтіру жұмыстарының қай бағытта өрбуі тиіс екендігін толығымен айқындап берді. «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігінің өтінішімен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың  №1-73 09.04.2010 жылғы Өкімімен Қ.А.Ясауи кесенесіндегі реставрация жұмыстарына сараптама жасау үшін облыстық деңгейдегі мамандардан (15 жауапты қызметкер) түзілген жұмысшы топ жіберіп, 17 баптан тұратын орындалуға тиісті өрескел қателіктерді көрсетіп, Акт жасаған болатын. Бұл Акт ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жеткізіліп, ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің №61-23.07.2010 жылғы бұйрығымен Қ.А.Ясауи кесенесінің техникалық жағдайына сараптама жасау үшін Республикалық деңгейдегі маман, қызметкерлерден құралған арнайы комиссия  келіп, кемшіліктер түгелдей көрсетіліп, 23.08.2010 жылы хаттама жасалынды. Хаттамада, оған қосымша құжаттарда облыстық жұмыс тобының Актісінде көрсетілген қателіктердің түзетілгенін анықтау үшін 2011 жылғы мамыр-маусым айларында көшпелі комиссияның 2010 жылғы форматта кесенеге келіп, бақылау жүргізетіндігі көрсетілген. Бірақ, көрсетілген кемшіліктер әлі күнге дейін жөнделмей отыр. 2011 жылы мамыр-маусым айындағы келетін комиссия қазіргі күнге дейін ұйымдастырылған жоқ. Оның себебі, «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік мекемесі тарапынан Республикалық деңгейдегі комиссия Актісі мен хаттамадағы мәселелердің бірде-біреуі шешімін тапқан жоқ. Ал жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына тікелей жауапты «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорнының осындай шалағайлықтарды түзетуге деген ниеті байқалмайды. Кесенені жөндеу үшін мемлекет тарапынан бөлінген қаржы бей-берекет және мақсатсыз жұмсалып, кесененің қалпына келтіруді қажет ететін бөліктеріне емес, сау тұрған тұстарын «жөндеуге» жұмсалып жатыр.

Қазіргі таңда, Үкімет 317 млн қаржы бөлдіріп кесенені күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Мақсаттары  кесенеге сыртқы күштің әсерінен қандай қауіп төніп тұрғанын анықтау. 

Біздің ұсыныс: кесененің табанына құйылған бетонды гидроизоляция жасамаған, яғни қорғасын құйылмай кеткен соң, оның зардабын анықтау үшін сараптамадан (экспертизадан) өткізу керек деген талабымыз бар. Мәселен:

1) Кесене маңында 5-6 метрден су шығады, онда неге 14 м тереңдікке свай бетондары құйылды?

2) Төменгі кірпішпен бетонның арасына жоба бойынша сұйық қорғасын құйылу керек еді, неге құйылмады?                                         

3) Кесененің дуалдарымен жерасты суы қай деңгейге көтеріліп бара жатыр?                                                        

4) Кесененің астына бетон құйған соң, төбеден су ағатын тесіктер бітеліп қалған, (кесененің дуалдарының қалыңдығы 1,5-3 м) зәм-зәм су  ішетін құдық жабылып қалған, онда кірпіштер суға мүжіліп,  не болып жатыр?.. 

Тез арада осы көрсетілген жайттарды анықтау үшін, кесенені ЮНЕСКО-ның мамандарының қатысуымен, әлемдегі ең үздік реставрацияға маманданған компанияға, халықаралық құрылыстық-техникалық сараптамадан өткізу керек. Себебі, Республикалық комиссияға Қ.А.Ясауи кесенесі бүгінгі таңда өте қауіпті жағдайда тұрғаны дәлелденді. Егер де жәдігерімізді жоғалтсақ, ұлтымызға – ұят, тектігімізге – таңба, досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз. Осы мүмкіндікті уақытылы пайдаланбасақ, орын алған кемшіліктерді жедел түземесек, алдағы уақытта керемет мұрамыздан айырылып қалу қаупі туындап тұр. Бұл ертеңгі ұрпақ алдында кешірілмес күнә болары сөзсіз.

2003 жылы 3 шілде күні Әлемдік Мұралар комитетінің 27-сессиясында Қ.А.Ясауи кесенесі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш ЮНЕСКО-ның «Әлемдік Мұралар» тізіміне енген бірден-бір ғажайып ескерткіш. Мавзолей ЮНЕСКО жанындағы ICOM мүшесі, дүниежүзілік музейлер каталогына енген. Киелі кесененің әлемдік мұралар тізіміне енгендігі, бізге бүкіл әлем халқы алдында үлкен жауапкершілікті артады.

Біздерді әлемдік деңгейдегі мәдени мұраның көз алдымызда күйреуі қатты алаңдатып отыр. Түркі әлемінің мақтанышы, жарық жұлдызы, ғажайып тұлға, Ұлы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың күмбезі халқына нұр-шапағатын төгіп, ұзақ жылдар жарқырап тұра беруіне және киелі кесененің мұрты бұзылмай, келер ұрпаққа мирас болып қалуына Үкіметті атсалысуға шақырамыз.

Ясауи кесенесін аялайық ағайын!

Бақытжан Сүлейменұлы, 
«Қожа Ахмет Ясауи» қоғамдық қорының президенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here