Күшіміз бірлікте: Асарға қандай тосар бар?

0
1153

Бала кезімізде ауыл-аймақта қандай да бір оқыс оқиға бола қалса, бәрі бір кісідей жұмылып, қиындық түскен ауылға немесе сол шаңыраққа ауыл тұрғындары жаппай жылу жинап, көмектесуге барынша тырысатын. Халқымыз мұндай дәстүрді «асар» деп атаған. Дәл осы «асар» сөзінің мән-мағынасына үңіліп, көпшілік боп сезініп жатқандаймыз. Бұған дәлел, еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқындарынан зардап шеккен жандарға тұтас халық болып көмек қолын созуымыз. Әркім хал-қадіріне қарай ақшалай немесе заттай қол ұшын беруде. Наурыз айында басталған көктемгі су тасқыны қазақстандықтардың басын біріктіріп, ынтымағын танытты. Табиғи апаттан залал тартып, зардап шеккен өңірлерге ел-жұрт жаппай жәрдемін көрсетуде. Десе де, адамдар мен компаниялар қаржы аударатын қорларға деген сенімге селкеу түскендей. Соңғы кездері ақшалай қаражат аударған қорларда бәрі бірдей ашық емес деген сыбыс шығуда.

Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуде Үкімет мұқтаждарды қиындыққа қалдырмайды деп уәде берді. «Қазірдің өзінде 10 АЕК мөлшерінде төлемдер, біржолғы жәрдемақылар басталды, бұл 369 мың теңге. Баспанасынан айырылған адамдар мемлекеттен көмек алады. Біз жаңа үйлер саламыз, қайта жөндеуге жататын үйлер жөнделеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге вице-премьер, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және соңғы су тасқынын жою жөніндегі Республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев «Қазақстан халқына» қоры қазақстандық су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 400-500 үйдің құрылысын қазірдің өзінде бастауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ ол азаматтарға әлеуметтік желілерде зиян көргендерге көмек көрсету үшін ақша жинау туралы хабарландырулардың тым жиілеп кеткеніне ерекше тоқталып өтті. Демек, гуманитарлық жүктер бүгінде әр қалада жиналып жатқанына қарамастан, оның бәріне бірдей сенбеу керек.

«Ресми түрде жұмыс істейтін және әкімдіктер де, жергілікті белсенділер қауымдастығы да бақылайтын облыстық қайырымдылық қорлары бар. Республикалық деңгейде Қазақстанда 2 қор белгілі – «Демеу Қазақстан Қоры» корпоративтік қоры және «Қазақстан халқына» қоры», – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, Қазақстаннан тыс жерлерден немесе ірі компаниялардан аймақтарға келетін барлық гуманитарлық көмекті Төтенше жағдайлар министрлігі үйлестіреді және қоғамдық бақылауда болуы тиіс!

БҰЛ ҚАНДАЙ ҚОРЛАР?

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 11 қаңтарда денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру туралы тапсырма берген болатын. Оның қызметіне ешкім күмән келтірмейді. Қордың сайтында қайырымдылық көмек туралы есептер бар, қайда және қанша қаражат жұмсалғаны анық.

Қор қызметтің ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарын ұстанады. «Есеп беру» бөлімінде сіз қордың есептерімен, жасалған келісімдерімен және меморандумдарымен таныса аласыз.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша
Бекітілген қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының жалпы құны 185 069 990,4 мың теңге
Жасалған шарттардың жалпы құны 130 588 843,7 мың теңге
Қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары бойынша іс жүзінде төленген қаржы көлемі 112 784 508,9 мың теңге

Қор донорлар мен қайырымдылықтардың мөлшері көрсетілген егжей-тегжейлі есеп, сондай-ақ құрылыстың барысы туралы ақпарат оның сайтында орналастырылатынын хабарлайды. Сонымен қатар, қоғамда «Демеу Қазақстан Қоры» қорына қатысты оғаш сипаттағы қауесеттер пайда болды, олар кәсіпкерлер ақша аударған, бірақ сәлемдеме де, жауап та алған жоқ деп болжайды. Айтылған қауесеттерге сену керек пе, басты мәселе бұл емес, бірақ қор туралы білу қызықты. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қор 6-10 адамнан тұратын жеке шағын кәсіпорын ретінде есептеледі.

Қор Астана қаласында тіркелген. Контрагенттердің сенімділігін тексеру жөніндегі «Бизнес-аналитик» қызметінің мәліметі бойынша, «Басқа топтарға кірмейтін өзге жеке қызметтерді көрсету» бағанында оның қызмет түрлері көрсетілген. «Демеу Қазақстан Қорының» филиалдары мен байланыстары арасында «Астана – 20» Мемлекеттік қоры мен «Астана Даму» Даму Қоры» Корпоративтік қоры бар.

Бір қызығы, statsnet.co порталында «Демеу Қазақстан Қоры» компаниясының салық шегерімдері мен қаржысы туралы ешқандай ақпарат жоқ, бірақ қор 2023 жылы тіркелгені хабарланады.

«Демеу Қазақстан Қоры» қоры 2024 жылы ғана 47 мың теңгеден астам салық төлей бастағаны белгілі болды. statsnet.co мәліметіне сәйкес, қордың құрылтайшысы «ҚР Президентінің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

Бұл жеке қордың басшысы – Ерболат Садырбаев. Желідегі жарияланымдарға қарағанда, Садырбаев жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне маманданған және философия докторы (PhD). Ол 2016 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында бола отырып, әкімдерге ауылдық деңгейдегі бюджеттерге өз табыс көздерін қалыптастыру құқығын беруді ұсынды. Алайда, бұл идея жаңа болған жоқ және бұрын талқыланған болатын, ал 2017 жылы БАҚ ауыл әкімдеріне бюджет пен коммуналдық меншікті жүргізуді үйрететіні туралы жазды, ал мәжілісмендер «жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын сынға алды.

БАРЛЫҚ ТҮСІМДЕР БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ ТИІС

Бізді қызықтыратын нысан туралы тұщымды ақпарат алу мүмкін болмады. Және бұл біраз таңғалдырады. Әрине, салықтар туралы ақпаратты қордың жас ұйым болуымен және жоғарыда хабарлағанымыздай, өткен жылы ғана ашылғанымен түсіндіруге болады. Бірақ, ұйым туралы мардымды мәліметтерді интернеттен табу қолжетімсіз, бұл аталмыш ұйымның бұлыңғырлығын тікелей көрсетеді. Дегенмен, қордың жеке болуының өзі көп нәрсені түсіндіретіндей. Бірақ, екінші жағынан, адамдар мен компаниялар зардап шеккендерге көмектесу үшін қорға ақша аударады, сондықтан олардың қаражаты қайда кетіп жатқанын білуге ​​құқығы бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 2 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық бақылау туралы Заңға қол қойды. Оның міндеттерінің бірі – республика азаматтарының қоғамдық бақылау объектілерінің қызметіне деген сенім деңгейін арттыру. Ал келесі күні Қанат Бозымбаев гуманитарлық көмектің барлық түсімдері бақылауда болуы тиіс екенін растады. Осы жерден гуманитарлық көмек түсетін қорлар жеке болса да, олардың қызметі ашық болуы керек және қаражаттың қалай бөлінгенін, қайда әрі не үшін жұмсалатынын білгісі келетіндердің барлығына қолжетімді есеп беру оларға зиян тигізбейді деп болжауға болады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созған ірі компаниялар.

Отандық компаниялар мен банктер, қорлар

1 «Самұрық-Қазына» қоры 15 млрд теңге
2 «Қазақстан халқына» қоры 10 млрд теңге
3 «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ 3 млрд теңге
4 «Теңізшевройл» ЖШС 2 млрд теңге
5 Chevron 1,3 млрд теңге
6 Halyk тобы 1 млрд теңге
Freedom Holding Corp 1 млрд теңге
Air Astana тобы 1 млрд теңге
7 Kazakhmys Пен Kaz Minerals 800 млн теңге
8 Болат Өтемұратов қоры 680 млн теңге
9 Kaspi Bank 620 млн теңге
10 Astana Motors 500 млн теңге
BI Group 500 млн теңге
Allur, Qaztehna, Qarmet 500 млн теңге
Eurasian Resources Group 500 млн теңге
11 Jusan Bank 300 млн теңге
12 Банк ЦентрКредит 200 млн теңге
Еуразиялық Банк 200 млн теңге
13 Bank RBK 150 млн теңге
PTC Holding 150 млн теңге
Qazaq Oil 150 млн теңге

«Қазақстан халқына» қорына су тасқынынан зардап шеккендерге көмек үшін 71 компаниядан 1,85 млрд теңге түсті.

Ең ірі көлемде қаржы аударған компаниялар
1 «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ БАНКІ» АҚ 500 млн теңге
2 Н. НАЗАРБАЕВТЫҢ МӘДЕНИЕТ, БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ҚОРЫ 300 млн теңге
3 B&A CONTRACTORS SA 250 млн теңге
MABCO CONSTRUCTIONS S.A. 250 млн теңге
4 «ИСТКОМТРАНС» ЖШС 100 млн теңге
5 «KBI ENERGY GROUP» ЖШС 50 млн теңге
5 ТТС САУДА ҮЙІ 45 млн теңге
«ТЕМІРТРАНССЕРВИС» ЖШС 45 млн теңге
7 KAZVAGONBUILDING 40 млн теңге
8 «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ 12,4 млн теңге

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созған тұлғалар.

Кәсіпкерлер мен танымал тұлғалар
1 Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе 20 млрд теңге
2 Арман Тосқанбаев 150 млн теңге
3 Ерлан Қожасбаев, Ораз Жандосов, Nan Yi 100 млн теңге
4 Димаш Құдайберген 15 млн теңге
5 Өнер жұлдыздары 30 млн теңге (қаражат жиналуда)
6 Марғұлан Сейсембай БҚО-ға гуманитарлық көмек пен арнайы техникалар жіберді
7 Бетперде киген жігіт 450 млн теңге

Қаражат жеке және заңды тұлғалардан 30 сәуірге дейін жиналады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жақында ғана Қазақстанның бірқатар өңірлеріндегі тұрғын үй және инфрақұрылымдық нысандарға елеулі залал келтірген бұрын-соңды болмаған және жойқын су тасқынына байланысты Тимур Құлыбаев Атырау облысын қалпына келтіруге 30 млрд теңге бөлетінін хабарлады.

Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын беріп жатқандар тізімі бұнымен шектелмейді. Десе де, қазіргідей алмағайып жағдайда қаржының керекті жерге жұмсалуы үшін барлық мәліметтер ашық, жария түрде хабарланып тұрғаны маңызды.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here