Президент Үкіметке мемлекеттік резервтегі қаржыны жұмсауға рұқсат берді

0
251

Халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін дәл әрі нақты білдіретін осы үш ұғымды ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өтті.

Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты жеті жүзден астам сессия қатысушылары өз өңірлерінен байланысқа қосылды.

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев бастаған бір топ депутаттар, «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының мүшелері Парламент қабырғасынан сессия жұмысына қатысты.

Алқалы жиынның күн тәртібі әрине бүгінгі таңда табиғаттың тосын мінезінің салдарынан келген зардаптың орнын толтыру және қиындыққа ұшыраған отандастарымызға қол ұшын берудегі Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөліне арналды десек болады.

Мемлекет басшысы су тасқыны кезінде Ассамблеяның атқарған ауқымды әрі үйлесімді жұмысына ерекше тоқталды.

Зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету бойынша жедел түрде ҚХА республикалық және өңірлік штабтары құрылғанын атап өтті.

Шын мәнінде де атқарылған тірлік аз емес. Бүкіл елді қамтыған «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясы аясында апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеден астам 1 500 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлар жіберілді. Оған этномәдени бірлестіктердің 12 мыңнан астам еріктілері қатысты.

Мемлекет басшысы атап өткендей Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.

Ассамблея Төрағасы тоқталған аса маңызды бағыттың бірі – ҚХА жұмысын жаңа ұлттық идеология Доктринасымен үйлестіру.

Президент идеологиялық реформа мәселесінде: «Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет.

Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды», – деп атап өтті.

Қоғамымыздағы ауызбіршілікпен берекелі ынтымағымызға сызат түсіргісі келетін теріс пиғылдылар мен әлеуметтік желілерде алауыздық туғызуға тырысатындардың құйтыртқы әрекетіне алданбауға шақырды.

Сонымен қатар, қарғын су зардабынан шығынға ұшырағандардың барлық шығыны толықтай өтелетінін, бұл үшін еш қандай үнемдеу болмайтынын атап өтті. Үкіметке мемлекеттік резервтегі қаржыны жұмсауға рұқсат бергенін мәлімдеді.

Алишер САТВАЛДИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here