Әрқайсы өз қолында барымен бөлісуде – сенатор

0
83

Бүгін елордамыз Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтіп жатыр. Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, шараны онлайн-форматта өткізуге шешім қабылдағанын білеміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессиядағы сөзін еліміз үшін ең басты мақсат азаматтарымыздың амандығы екеніне баса назар аударды. Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін және Президент ретінде алдында тұрғын маңызды міндет екенін айтты.

«Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет», – деп бастады сөзін Мемлекет басшысы.

Расымен де, бүгінде еліміз Президентіміздің ұйымдастыруы мен жұмылдыруы, арнайы тапсырмалары мен шақыртулары нәтижесінде су тасқынынан болған зардаптарды өткеруде жұдырықтай жұмылып, бірлігі мен берекесін, отаншылдығы мен жомарттығын танытуда. «Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға» дейін демекші, тұрғындар мен еріктілер, блогер, өнер майталмандары мен бизнес өкілдері, Үкімет пен депутаттар, барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, әрқайсы өз қолында барымен және бағыттарында аянбай еңбек етуде.

Осы бірлігіміз сейілмей, апаттың зардаптарын толығымен еңсеріліп, еліміз амандықты, жұртымыз тыныштықта, Мемлекетіміз өсіп-өркендей берсін.

Амангелді ТОЛАМИСОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here