Ұлт тұтастығы немесе қауіпсіз қоғамға қарышты қадам

0
1300

Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Ата Заңда айқындалған осы тармақтың астарында терең тағылым, үлкен мағына бар. Бірлігімізге сына қағып, байтағымызда бүлік шығаруды көздегендер қай уақытта да болған. Пиғылы бөлек қаскөйлермен қатар адам саудасы, діни экстремизм, терроризм, сыбайлас жемқорлық, нашақорлық, браконьерлік сынды кеселдердің мемлекетке тигізетін зардабы ауыр, залалы орасан болып тұр бүгінде. Қоғамды аздырып, азаматтарды тоздыратын өзекті мәселелермен күрес бір сәтке де толастамаған. Бұл – елдің амандығы мен жердің тұтастығын сақтаудың бірегей жолы, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың нақты қадамы.

Былтырғы жылдың қараша айында ел Үкіметі адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы, оның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті…

ТАУАРҒА АЙНАЛҒАН ТАҒДЫРЛАР

Тірі тауарға айналып, тағдыры талқан болған азаматтардың қарасы көбейіп келеді. Айдың-күннің аманында құлдықтың қамытын кигендердің саны елімізбен қатар әлемде де алаңдатарлықтай деңгейде. Ресми статистикалық сандар осылай деп ой түюге мәжбүрлейді. Жаһандық ұйымның дерегіне сүйенер болсақ, жыл сайын 25 миллионнан астам адам құлдық қамытын киіп, еркінен айырылады. Сарапшылар бұл көрсеткіштің бірнеше есе жоғары болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Көп жағдайда адам саудасының құрбанына айналғандар физикалық қоқан-лоққыдан үрейленіп, құзырлы органдарға жүгінбейді немесе ізім-ғайым жоғалады. Қыруар қаржыға саудаланғандардың 70 пайызын балалар мен әйелдер құрайды. Нәзікжандылар жезөкшелікке жегілсе, ер азаматтар мен жеткіншектер еңбек күші ретінде немесе ағза донорлығына пайдаланылады. Айдың-күннің аманында тұтқынға айналғандардың басым бөлігі – тұрмысы төмен отбасыдан шыққандар, тұрақты табысы жоқ адамдар, тұрмыс тауқыметін тартқан бейбақтар…

Бүгінде адам саудасы өркениетті қоғамды алаңдатып отырған басты мәселенің бірі. Бейресми деректерге қарағанда, көлеңкелі бизнестің жылдық қаржы айналымы 150 миллиард долларды құрайды. Оңай олжаға дәніккендерге тосқауылға қоюға халықаралық қауымдастық асқан ынта танытып, қолда бар мүмкіндікті толығымен пайдалануда. Алайда, нәтиже көңіл көншітпейді.

Адам сатуды табыс көзіне айналдырып, байлыққа белшеден батуды көздегендермен күрес Қазақстанда да қарқынды жүргізілуде. Бұған себеп те жоқ емес. Елімізде жыл сайын орташа есеппен 100-ден астам адам сату фактісі орын алады. Құрбандардың көбі – әйелдер мен кәмелет жасына толмағандар. Мәселен, 2023 жылдың алғашқы алты айының өзінде 111 адам сату оқиғасы анықталған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Әйелдердің басым бөлігі сексуалды құлдыққа алынған. Талдау нәтижесі осы тараптағы қылмыстар Алматы қаласында және Қызылорда мен Ақмола облыстарында көптеп орын алатындығын анықтады. Сонымен қатар, ел азаматтарын өз еркінен тыс шетел асыру да азаймай тұр. Қазақстандықтар негізінен Сауд Арабиясы, Бахрейн Корольдігі және Оңтүстік Кореяда еңбек күші ретінде пайдаланылады. Бұдан бөлек, өзге мемлекетке нәпақа табу мақсатымен барып, еріксіз бас бостандығынан айырылатындар да аз емес. Мамандар қомақты табыс табуды көздеп шекара аспастан бұрын хабарламалар мен ұсыныстарды мұқият зерделеу қажеттігіне кеңес береді.

Қазақстан билігі адам саудасына түбегейлі тосқауыл қою мақсатында бірқатар кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Жақында Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы адам саудасымен күресті күшейтіп, бұл істі кәсіп қылғандарға жазаны қатаңдатуды көздейді. Төрт негізгі бағытты қамтитын заң жобасы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. Жаңа заңда адам саудасы құрбандарының құқығы егжей-тегжейлі қарастырылған. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға да жете назар аударылып, интернет арқылы сексуалдық қызмет ұйымдастырғандарға қылмыстық жаза күшейтілмек.

Бұдан бөлек, былтырғы жылдың қараша айында ел Үкіметі адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы, оның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Кешенді жоспар 55 түрлі бағытты қамтиды.

 Бүгінде Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам халықаралық шарттардың қатысушысы. Құжаттардың 13-і адам саудасымен күреске бағытталған. Қазіргі күнде мемлекеттің басты міндеті – адам саудасына түбегейлі тосқауыл қою, құлдыққа тап болғандарға жан-жақты көмек көрсету.

ҚОРА ЖАҒАЛАҒАН ҚОРҚАУЛАР

Діннің атын жамылып арам пиғылын жүзеге асырып жүрген қаскөйлер мен ел арасына іріткі салуды көздейтін залымдармен ымырасыз күрес – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың басты тетіктерінің бірі.

2023 жылы Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қатысты 122 қылмыстық іс қозғалған. Бас бостандығынан айырылғандар ел арасында теріс ағымдарды кеңінен насихаттап, терроризмді дәріптеген. Ranking деректеріне сүйенсек, қоғамға лаң салуды көздейтіндер Астана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында көптеп кездескен.

Әккі әрекеттері іске аспай тұтылғандардан мыңдаған дана экстремистік сипаттағы кітаптар мен үнпарақтар тәркіленген. Қолымен от көсейтіндердің қатарында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бар. Олардың басым көпшілігінің тұрақты жұмысы жоқ. Жүргізілген талдау қорытындысы көрсеткендей, қылмыскерлердің жасы 30-дан жоғары, орта немесе орта арнаулы білімі бар.

Бүгінде Қазақстан түрмелерінде 25 адам азаматтарды террористік әрекеттер жасауға үгіттегені үшін жазасын өтеуде. Ал, 17 қылмыскер тыйым салынған діни және қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырғаны үшін абақтыға жабылған. Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру себебімен 13 адам бас бостандығынан айырылды.

Қазақстанда діни экстремизм және терроризммен күрес бәсеңдеген емес. Әсіресе, биылғы наурызда Ресей астанасы Мәскеуде 144 адамның өмірін қиған лаңкестік әрекеттен кейін бұл тараптағы іс-шаралар одан әрмен күшейтілді.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде аймақтарда арнайы зерделеу орталықтары ашылып, онымен қоғам болып күресуге жұмылдыратын жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. «Терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңдар уақыт ағымы мен сұранысына сай жаңартылып, толықтырулар енгізілді.

Сонымен бірге жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы даярланды. Бұл құжат Қазақстандағы дінаралық келісімді сақтауды және діни экстремизмге жол бермеуді қамтамасыз етпек.

Ведомство басшысы Аида Балаева интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстардың күшейгенін, қоғамда мемлекеттің құндылықтарын дәріптеу кең көлемде жүргізу қолға алынғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге басымдық беріліп отыр. 2023 жылы діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып, бұғатталған. Әлеуметтік желілерде діни радикалды топтардағы 20 мыңнан астам адам дұрыс бағытқа бет бұрған.

«РАҚМЕТІМДІ» АЙТЫП, КЕЛІСЕМІЗ ҒОЙ»

Халықаралық Transparency International ұйымы жыл басында Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша түзілген тізімде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 92 орында тұр. Рейтингтегі еліміздің баллдық көрсеткіші – 39. Биыл Қазақстан 2023 жылмен салыстырғанда үш сатыға жоғарылап, оң көрсеткішке қол жеткізген.

Қазақстанның бұл тараптағы позициясын нығайта түсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Олардың қатарында Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаматтық қоғамның белсенділігі, жемқорлыққа қарсы реформалардың табысты жүргізілуі, мемлекеттік активтердің жаппай қайтарылуы және жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың жақын туыстарының тұтқындалуы аталған.

Соңғы он жылдықтағы Қазақстандағы атышулы жемқорлық кейстерінің қатарында «ЭКСПО-2017» төңірегіндегі былықтар, «Қорғас» кеден бекетіндегі жемқорлық схемалары, Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қомақты қаржының жымқырылуы, «Астана LRT» жобасындағы дау-дамайлар, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында бөлінген қаражаттың талан-таражға түсуі сынды фактілер бар.

Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, мемлекет дамуын тежейтін, жастардың болашағына балта шауып, келешектен үміт үзетін тажалдың бірі һәм бірегейі. Қазақстанда қоғамның жегі құртына айналған бұл кеселмен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұны ресми сандардың өзі аңғартады. Мәселен, 2015-2023 жылдары аралығында 19 778 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 14 мыңнан астам іс сотқа жолданыпты. 7 539 адам бас бостандығынан айырылған. Қалтаның қамын күйттеп, тұтылғандардың қатарында облыс, аудан, қала әкімдері, вице-министрлер, басқарма басшылары мен өзге де лауазымды азаматтар бар.

Антикордың ақпараты бойынша, бір ғана 2023 жылы жемқорлыққа қатысты 1 692 қылмыс тіркеліп, 1 324 адам ұсталған. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар.

Ел Президенті сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресу қажеттігін үнемі айтып келеді.

«Жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым», – деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Антикордың бастамасымен Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді. Бұл құжат індетті одан әрмен өршітпей, мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құзырлы орган денсаулық сақтау, білім беру сынды маңызды салаларға жүйелі түрде талдау жүргізіліп, кемшіліктерді анықтау механизмі іске қосылды. Бюджеттік өтінімдер, есеп-қисап жүргізу, еңбекақы төлеу жүйесі сынды коррупциялық тәуекелдер жоғары салалар толығымен автоматтандырылды. Спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне де мониторинг жүргізіліп, Ұлттық банктің «Цифрлық теңге» жобасы арқылы «ақшаны бояу» тетігі іске қосылды. Қазіргі уақытта Цифрлық теңге пилоттық режимде Алматы қаласындағы мектептердің бірінде іске асырылып жатыр.

Мемлекеттік сатып алу порталына да бақылау күшейтілді. Бұл тәсіл миллиардтаған бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуының алдын алуға септесуде.

Жамбыл облысының полициясы есірткі заттарын өткізетін арнаны жойды, тыйым салынған заттардың аса ірі көлемі 58 жастағы әйелден тәркіленді…

ЕСІРТКІ ЕЛІТЕДІ, ЕСЕҢГІРЕТЕДІ…

Басында елітеді, есеңгіретеді… Соңына қарай естен тандырып, орны толмас өкінішке алып келеді. Қазақстанда есірткіге аңсары ауғандардың саны 19 мыңға жуықтайды. Бүгінгі күннің көрсеткіші осындай. Өкініштісі – жыл сайын нашақорлар қатарындағы жастардың саны айтарлықтай артуда.

World Population Review ұйымының 2024 жылғы талдауының қорытындысы бойынша Қазақстан есірткі тұтынудан әлемде сегізінші орынға шыққан. Сарапшылардың пайымдауынша, нашақорлық азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 3,7 жылға қысқартуда. Әсіресе, соңғы уақытта синтетикалық есірткіге есі кеткендердің саны күрт көбейген.

Мемлекет талай жанның тағдырын тәлкекке салған тажалмен күресті күшейтуде. Мәселенің одан әрмен ушығуына жол бермеу мақсатымен ел Үкіметі нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Биліктің бұл бастамасы есірткіні өндіру, тасымалдау және таратуға түбегейлі тосқауыл қойып, нашақорлар санын азайтуды көздейді.

Соңғы бірер жылда Қазақстанда синтетикалық заттарды жасырын өндіру белең алып отырғандығы байқалады. Мәселен, 2023 жылы 75 есірткі зертханасы анықталып, 100 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленген. 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылып, жүздеген келі синтетикалық есірткі табылған. Былтыр арнайы жүргізілген операция барысында 37 тоннаға жуық қарасора қолға түсті. Бұл – соңғы 6 жылда тәркіленген рекордтық мөлшердегі есірткі. Мұнымен қоса, апиын тасымалдау, каннабис тобының есірткі заттарының айналымына да түбегейлі тосқауыл қойылып, бақылау күшеюде.

Жүйелі жоспар мен нақты істер Қазақстандағы есірткі тұтынушылардың санын азайтуға, нашақорлыққа шалдыққандарды оңалтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Айтқандай, есірткімен күреске ел қазынасынан 53,1 миллиард теңге қарастырылған.

СУЫТ ЖҮРІС, АРТЫ – ҚУЫС

Тұмса табиғаттағы түз тағыларын қынадай қырып, тыйым салынған тосқауылдарды елемейтіндер ескертумен ғана құтылмайды. Сайын даладағы суыт жүрісті браконьерлер Қазақстанның экожүйесіне айтарлықтай зардабын тигізуде. Саладағы сарапшылардың пайымдауынша, оңай олжаға дәндегендер хайуанаттар әлеміндегі тепе-теңдікке елеулі нұқсан келтіріп, биоалуантүрлілікті бұзуда. Зардап құны қыруар соманы құрайды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр табиғи ресурстарды пайдалануда 300 мыңнан астам әкімшілік бұзушылық анықталған. Келтірілген залал мөлшері 12 миллиард теңгеден астам.

Сирек кездесетін немесе жойылудың алдында тұрған аңдарды заңсыз аулау фактілері де азаймай тұр. 2023 жылы 130 осындай оқиға тіркеліп, браконьерлерден келген зардап шығыны 19,5 миллиард теңгеге жеткен. Әсіресе, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында браконьерлердің белсенділігі жоғары екендігі байқалған.

Мамандардың айтуынша, түз тағылары құны қымбат мүйіздері мен терілері үшін аяусыз ауланады. Кейіннен астыртын жолмен шекара асып, шетелдің қара нарығында қыруар қаржыға саудаланады.

Бүгінде Экология министрлігі қоршаған ортаға кесірін тигізетіндерге жазаны одан әрмен қатаңдатуды, жауапкершілікті барынша күшейтуді мақсат етіп отыр. Бұл тараптағы заңға өзгерістер мен толықтырулар да жиі енгізіліп келеді.

Мәселен, сайғақты заңсыз аулағаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұдан бөлек, қылмыскердің бар дүние-мүлкі тәркіленеді.

Сондай-ақ, құзырлы ведомство Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жыл сайын «Сайғақ» акциясын өткізеді. Браконьерлікке қарсы күреске бағытталған іс-шара барысында сексеуілді сиретіп, «Қызыл кітапқа» енген хайуандарды қынадай қырған жүздеген адамның жолы кесілуде. Заңға қайшы іс қылып, қоршаған ортаға зиянын тигізуді әдетке айналдырғандармен күрес алдағы уақытта да бәсеңдемек емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бел астында». Ұлтымыздың ұлағатты ұғымы қай кезеңде де өз маңызын жоймаған. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік жайында сөз қозғағанда бұл есті сөз тіптен мәнді бола түспек. Атқарылып жатқан жұмыстардан, қолға алынған істерден аңғарғанымыз ұлт тұтастығына сызат түсіріп, ел арасын ірітуді көздейтін арам пиғылды адамдармен ымырасыз күрестің ешқашан да толастамайтынын айқын аңғарамыз.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here