Орталық Азия қадым замандардан бері Шығыс пен Батысты байланыстырып, адамзат дамуында айырықша рөл атқарып келе жатқан өзгеше өңірдің бірі. Тоғыз жолдың торабында сан түрлі өркениеттер тоғысты, білім мен ғылымның шамшырағы жағылды, мәдени-рухани һәм экономикалық байланыстар жанданды. Ұлы Жібек жолы бойындағы тілі мен түрі ұқсас, діні мен ділі бір мемлекеттер қазір де аймақтағы ахуалдың басты барометрі болып отыр. Геосаяси жағдай шиеленіскен тар кезеңде энергетикалық ресурсы көл-көсір Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатуға ынталылар саны артып келеді. Сәуірдің соңғы күндері Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің аймаққа арнайы ат басын бұруы соның айқын үлгісі. Дэвид Кэмеронның саяси салмағы бөлек сапарының нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол қойылып, ұтымды жобаларға жол ашылды. Ал Ресей мен Қытай «ортаазиялық достарына» батыстың ерекше қызығушылық танытуын яки алпауыт Англияның қамқорлық көрсетуін оң қабылдамағаны анық.
«ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БАСЫ»: КЭМЕРОН САПАРЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Моңғолияға бұл жолғы келуінің маңызы бөлек, жосығы ерек. Батыстың бірқатар беделді бұқаралық ақпарат құралы бұл – Орталық Азия мен Ұлыбритания арасындағы жаңа дәуірдің басы деп баға берді.
Сарапшылардың бұлай деп пікір білдіріп, ой топшылауына себеп те жоқ емес. 2023 жылдың қарашасында британ парламентінің Сыртқы істер комитетінің Ұлыбританияның Орталық Азиядағы іс-қимылы бойынша арнайы баяндамасы жарияланды. Бұл жолғы жаңа саяси құжатта Англияның аймақпен ынтымақтастығын арттыру егжей-тегжейлі тәпсірленіп, назар аударылуы тиіс мәселелер жан-жақты екшелген.
Сәуірдегі сапарда Дэвид Кэмерон қарым-қатынастың жаңа кезеңі жайында сөз қозғап, ресми Лондон аймаққа көл-көсір көмек көрсетуге ниетті екендігін жеткізді.
Ең алдымен сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресу, БҰҰ және ЕҚЫҰ-ның қағидаларын қатаң сақтау және Ресейдің Орталық Азия елдері арқылы санкцияларды айналып өтуіне түбегейлі тосқауыл қою басты назарға алынып отыр.
Екіншіден, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды арттырып, аймаққа инвестициялар тартуға және коммерциялық қарым-қатынастарды дамытуға серпін берілмек.
Үшіншіден, Орталық Азия елдері мен Моңғолиядағы білім сапасының артуына қарқынды қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, Chevening Scholarship стипендиясы бірнеше есеге арттыру арқылы ортаазиялық жастардың Англияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында қосдипломды бағдарлама бойынша білім алуына мүмкіндік жасалмақ.
Төртіншіден, Британияның ауыл шаруашылығы секторындағы маусымдық жұмысқа рұқсат беретін квота саны көбейтілмек. Бұл ортаазиялық еңбек мигранттары үшін үлкен қолдау болмақ. Себебі, өңірдегі бірқатар елдерде жұмыссыздық деңгейі жоғары.
Кэмерон Астана мен Ташкентте арнайы мәлімдеме жасап, аймақ елдеріне тек Британияны ғана таңда деген талап қойылмайтындығын айтты. Дипломаттың сөзінше, мақсаттары – серіктестікті нығайтып, бірлесе жемісті жұмыс істеу, азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
«Орталық Азия – әлем үшін маңызды өңір. Сіздердің көршілеріңіз әлемдік саяси сахнада ықпалды әрі үлкен беделге ие. Бұл мемлекеттермен көп жылдардан бері тығыз ынтымақтастық орнатып, алыс-беріс жасап келесіздер. Сіздерге бізді немесе оларды таңда деген сарындағы үзілді-кесілді шарт қоюдан аулақпыз. Өздеріңізге қолайлы, қауіпсіз әрі дамуға мүмкіндік беретін жолды таңдарсыздар деп сенемін», – деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі.
Сарапшылардың пайымдауынша, Орталық Азия елдері батыстың алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен серіктестік орнатуға аса ынталы. Аймақта геосаяси ахуалдың күрделене түсуі және дамудың оң динамикасының байқалмауы – бұған басты себеп.
АНГЛИЯДА ОҚЫП ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ…
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдан бастау алады. Бүгінде екіжақты сауда көлемінің жылдық айналымы 3 миллиард доллардан асады. Лондон үшін Қазақстан Орталық Азиядағы басты стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы тығыз байланыстар мұнай-газ секторындағы жобалардың жүйелі жүзеге асуына түрткі болып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Британияның жетекші оқу ордаларында мыңдаған қазақстандық жастың сапалы білім алуына жол ашты. Бүгінде Астана мен Лондонның білім беру, энергетика, климат өзгерісі, пайдалы қазбаларды игеру, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша байланыстары айтарлықтай тереңдеген.
Әсіресе, мемлекеттер арасындағы білім беру саласындағы байланыстардың маңызы ерекше. Егемендіктің елең-алаң кезінен бері Ұлыбританияның маңдайалды университеттерінде отандастарымыздың білім алып, біліктілігін жетілдіруі – осы сөзімізге айқын дәлел. Бұдан бөлек, Британияның De Montfort және Heriot-Watt сынды университеттерінің филиалдарының ашылуы – Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналуына септігін тигізді. Магистр дәрежесін алуға ниетті қазақстандықтар санының артуына байланысты Chevening Scholarship стипендиялық бағдарламасындағы квота көлемінің көбеюі де осы тараптағы байланыстардың берік екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар, әйелдер үшін технология, инженерия, математика және жаратылыстану ғылымдары саласында жаңа стипендиялық бағдарлама іске қосу көзделуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дэвид Кэмеронның кездесуінде елдер арасындағы қарым-қатынастың қарқындап келе жатқанына назар аударылды. Соның ішінде тараптар энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты одан әрмен нығайтуға ниетті екендігін жеткізді.
Бұл – Дэвид Кэмеронның Қазақстанға екінші рет келуі. Алғаш рет 2013 жылы Ұлыбританияның Премьер-министрі ретінде табан тіреген болатын.
«Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз», – деді британиялық дипломат.
Осы ретте айта кетерлігі, сапар аясында қол қойылған Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің тарихи мәні зор. Бұл құжатты қазақ-британ ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашады деп бағалауға толық негіз бар. Бірнеше басым бағыттар айқындалған келісім саяси, сауда және инвестициялық байланыстардың одан әрмен нығаюына соны серпін бермек.
Ақордадағы әңгіменің ауанынан аңдағанымыз алдағы уақытта мәдени-гуманитарлық байланыстар да тереңдемек. Әсіресе, білім беру саласы мен жастарды жан-жақты қолдау ісіне ерекше назар аударылмақ. Астанадағы кездесуде Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Орталық Азиядағы қоршаған ортаны қорғау, шағын және орта бизнесті дамыту және экономикалық реформаларды іске асыру үшін алдағы үш жылда 50 миллион фунт стерлинг бөлу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, білім беру бағдарламасына 6,5 миллион, өңірдегі климатты қорғау бағдарламасына 19,5 миллион фунт стерлинг қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, сапар шеңберінде қазақ тілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға да қол қойылды. Келісімдерге сәйкес алдағы уақытта Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосылып, Нархоз университетінде Queen’s University филиалы ашылмақ. Бұл бастамалар мемлекеттік тілдің керегесін кеңейтіп, қазақ жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор мүмкіндік береді деп күтілуде.
«С5+1»: АЙМАҚТА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуінде Дэвид Кэмерон елдегі жұмыссыздықты бірлесе жоюдың тетіктерін таразылап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ортақ іс-шараларды екшеді. Кездесу нәтижесінде Лондон мен Душанбе арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүмкіндік беретін келісім жасалды. Сонымен бірге, Тәжікстан азаматтарын Ұлыбританияда маусымдық жұмыстарға тартуды жеңілдететін механизмдер де кеңінен талқыланды. Кэмерон еңбек мигранттарына арналған квота көлемін арттыруға ықпал жасайтынын жеткізді. Бұл наурыз айындағы Мәскеудегі террорлық әрекеттерден кейін ксенофобиялық көңіл-күйдің әсерінен қағажу көріп отырған Ресейдегі миллиондаған тәжікстандық еңбек мигранттары үшін ақжолтай жаңалық екендігі анық.
Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен жүздесуінде Британия Форин-офисінің басшысы энергетика, көлік және сауда-экономикалық салалардағы мүмкіндіктерді тереңдету жайын қозғады. Қырғызстанның су ресурстарына бай екендігіне назар аударған Дэвид Кэмерон экологиялық жобаларды жан-жақты қолдауға әзір екендігін жеткізді. Ұлыбритания аталған шараларды іске асыру үшін Бішкекте жарғылық капиталы 19,5 миллион долларды құрайтын инвестициялық қор ашпақ. Қордың басты міндеті – шағын және орта бизнесті дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін өркендету. Бұдан бөлек, Ош қаласында құрылыс материалдарын өндіретін британдық зауыт салынатын болады.
Өзбекстанға сапар нәтижесінде екі ел өкілдері аймақтық және халықаралық байланыстар мен инфрақұрылым туралы өзара сенім жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, терроризмен күрес, қорғаныс, климаттың өзгеруі және адам құқығы салаларындағы көпжақты ынтымақтасты қарастыратын бірлескен декларация мақұлданды. Аталған келісімдерге сәйкес алдағы уақытта Өзбекстанда жоғары жылдамдықтағы темір жол желісі жобасы жүзеге асырылмақ. Жалпы алғанда, Өзбекстандағы инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлыбритания тарапы қолдау білдіруге даяр екендігін мәлімделді.
Түркіменстан Президенті Сердар Бердымұхамедовпен кездесуде сауда айналымын арттыру, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері қаузалды. Өз кезегінде ресми Ашхабад ағылшын тілін оқыту бағдарламасын Түркіменстанда енгізуге мүдделі екендігін жеткізді.
Ал Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Дэвид Кэмеронға Ұлыбританиямен 60 жыл бұрын басталған дипломатиялық қатынастардың одан әрмен дамыту – елдер арасындағы ынтымақты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Сапар аясында сирек металдар мен минералды ресурстарды бірлесе игеру, геологиялық және техникалық ғылымдарды дамыту туралы келісімдерге қол қойылып, арнайы Жол картасы қабылданды.
«СЕРІКТЕСТЕР АРАСЫНА СЫЗАТ ТҮСІРУДІ КӨЗДЕЙДІ»
Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің Орталық Азияға сапарын ресейлік сарапшылар аймақтағы Мәскеудің ықпалын жоюға бағытталған қадам деп бағалады.
Биліктің көзқарасы да осы төңіректе. Мәселен, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михайл Галузиннің пікірінше, Кэмеронның бұл келісінің астарында Ресейге ойсырата соққы беру және Мәскеуді ежелгі одақтастарынан айыру жатыр.
Соңғы уақыттарда Орталық Азияға Еуропа мен АҚШ тарапынан қызығушылықтың артқанына қарамастан, аймақтағы елдер Ресей және Қытаймен де байланысын нығайтып келеді. Өңірдегі алпауыттардың шетелдік инвестицияларының басым бөлігі де «ортаазиялық достарына» бұйырады. Мамандардың пайымынша, келешекте стратегиялық әріптестіктің көкжиегі одан әрмен кеңей түспек.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ресей мен Украина арасындағы соғыс – Орталық Азияға көптеген мәселелердің туындауына алып келгені жасырын емес. Осы аралықта аймаққа оң қабақ танытып, өңірдегі елдермен етене араласуды көздейтіндердің қарасы күрт көбейді. 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте алғаш рет АҚШ пен Орталық Азия елдері басшылары С5+1 форматындағы саммитте бас қосса, ізін ала Германия канцлері Олаф Шольц «С5+Германия» диалогын өткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға арнайы ат басын бұруы да былтырғы жылдың басты саяси оқиғасына айналды. Ресей мен Қытай басты ойыншы саналатын аймаққа амбициясы артқандардың санатында Жапония да бар. Күн шығыс елінен жеткен ақпарға қарағанда, ресми Токио биыл жазда Орталық Азияның бес мемлекетімен өтетін саммитке қызу дайындықты бастап кеткен.
Жандар ТҰРАРҰЛЫ