Бір Олимпиадада жеті медаль алған тарихтағы екінші әйел биыл Парижде бағын сынайды

0
3662

Эмма Маккеон – бес дүркін Олимпиада чемпионы. Суда жүзуден түрлі дистанциядан 4 алтын, 3 қола медаль алып, бір Олимпиада ойындарында жеті медаль алған тарихтағы екінші әйел атанды. Аустралия спортшысына дейін бір Олимпиада ойындарында ең көп медаль алған әйел ретінде кеңестік гимнастшы Мария Гороховскаяның (1921-2001) есімі аталып келді. Ол 1952 жылғы Хельсинки Олимпиадасында 2 алтын, 5 күміс медаль алған болатын.

Әрине, ерлер арасында бұл көрсеткіш бойынша атақты америкалық суда жүзуші Майкл Фелпс алдына ешкімді салмайды. Айталық, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында сегіз алтын медаль алған. Дегенмен, бір Олимпиада ойындарында сегіз медаль алған тағы бір спортшы бар. Ол – кеңестік гимнастшы Александр Дитятин. Оған 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының 8 медалі (3 алтын, 4 күміс, 1 қола) тиесілі.

Сөзсіз, төрт Олимпиададан барлығы 28 медаль (23 алтын, 3 күміс, 2 қола) жеңіп алған 38 жастағы Майкл Фелпс рекордының қашан жаңаратынын ешкім айта алмайды. Себебі, үш Олимпиададан 18 медаль алған Лариса Латынина 89 жаста, яғни спортпен баяғыда қоштасқан. Спортпен әлі қоштаспаған Изабель Верттің қана еншісінде 12 медаль бар. Бірақ, ат спортында дәл суда жүзудегідей көп медаль алуға мүмкіндіктің жоғын ескерсек, 54 жастағы неміс спортшысының Майкл Фелпс жетістігін қайталауы мүмкін емес. Ал, мұндай мүмкіндік жоғарыда сөз болған Эмма Маккеонда бар. Неге десеңіз, оның еншісінде Олимпиаданың 11 медалі бар. Ол Рио Олимпиадасында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алған болатын. Бұл – бір. Екіншіден, аустралиялық спортшы алдағы 24 мамырда 30 жасқа толады. Биыл жазда өтетін Париж Олимпиадасына қызу дайындалып жатыр.

«Менің ойымша, жүзу әрқашан менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Дегенмен, бұл менің соңғы Олимпиадам болатыны сөзсіз, сондықтан мен Парижде бұрынғыдан да жылдам жүзгім келеді», – деген спортшы америкалық әріптесінің жетістігін қайталамаса да, оған тір табан жақындайтыны даусыз.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here