Сенат Төрағасы: ESG қағидаларын елемеу экономика мен экологияға айтарлықтай қауіп төндіреді

0
2022

Бүгін, 17 мамырда Парламент Сенатында Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында қатысушылар бизнес-ортада Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ESG қағидалары – экологиялық, әлеуметтік және басқару тәжірибелерін енгізу мәселелерін талқылады.

Отырыста Комиссия мүшелері мен сарапшылар ESG қағидаларын енгізу Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Өйткені олар кәсіпорындар қызметінің экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерін қамтиды. Нақты айтқанда, аталған қағидалар бизнеске белсенді қатысуды қарастырады. Соған қарамастан, қазіргі таңда Қазақстанда оларды өндіріске енгізу мүмкіндіктері мен перспективалары туралы бірыңғай түсінік жоқ. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 88 пайызы бұл қағидалармен таныс емес екені белгілі болып отыр.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, компаниялардың экологиялық жауапкершілігі төмен. Мұндай үрдіс өзінің теріс салдарын тигізетіні анық.

«ESG қағидаларын елемеу кәсіпорындармен бірге тұтас елдің де экономикасына, беделіне және қаржылық тұрақтылығына түрлі қауіп төндіреді. Жақында Маңғыстау облысында болған өрт пен «Қазцинк»-тің қалдықтар қоймасында болған апат айтарлықтай экологиялық зардабын тигізді. Бұл дегеніміз метанның ауаға шамадан тыс бөлінуіне және өзендердегі нитрат концентрациясының артуына әкеліп соқтырады. Осы ретте өнеркәсіп орындарының экологияға теріс әсерін азайтуға арналған заң нормалары қаншалықты тиімді іске асырылып жатыр деген сұрақ туындайды. Отырыста сарапшылармен және бизнес өкілдерімен бірге осы мәселелерді мазмұнды әрі жан-жақты талқылаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде ESG-дің адам құқықтарын қорғауды және тең мансаптық мүмкіндіктер мен гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді көздейтін әлеуметтік қағидалары да сөз болды. Аталған қағидаларды интеграциялаудағы көшбасшы компаниялардың жартысында орнықты дамудың осы саласына жауаптылар жоқ. Отырысқа қатысушылар бұл үрдіс халықаралық тәжірибеге қайшы екенін айтты.

Талқылау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қозғалған тақырыпқа қатысты өз пікірлерін білдіріп, ұсынымдарымен бөлісті. Сенат Төрағасы айтылған барлық ұсыныстың іске асырылуы Палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мен жұртшылықтың бақылауында болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Парламенттік комиссияның алдағы отырыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.

«Алдағы уақытта жаңа Салық кодексін қарау барысында орнықты даму күн тәртібі мен ESG қағидаларын белсенді енгізетін компаниялар үшін ерекше жағдайлар қарастыруымыз керек. «Жасыл қаржыландыру» да маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан Парламент депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге «жасыл қаржыландыру» үшін барынша тиімді заңнамалық негіз қарастыруға тиіс. Осы іске «Астана» халықаралық қаржы орталығы, KASE, еліміздегі кейбір жүйе құраушы банктер белсенді жұмылуы қажет. Бұл – бәріміз атқаруға тиіс ауқымды жұмыс. Жалпы, қазіргі таңда бизнес орнықты даму мақсаттары мен принциптері және ESG стандарттары туралы көп біле бермейді. Осыған байланысты бизнесті ақпараттық және әдіснамалық тұрғыдан жүйелі қолдау қажет. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша бұл бағытта нақты қадамдар жасаймыз деп сенемін», – деген Сенат Төрағасы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін отырыста көтерілген мәселелерді алдағы жұмыста ескеруге шақырды.

Комиссия отырысында Парламент депутаттарымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады. Сонымен қатар ESG KPMG Caucasus and Central Asia бағытының жетекшісі Ғабит Мүсірепов, «ESGQ рейтинг агенттігінің» директоры Ерлік Қаражан, «Атамекен» ҰКП Орнықты даму және ESG жөніндегі кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаева, Freedom Holding Corp. компаниясының орнықты даму жөніндегі директоры Бағлана Мусина, «Қазақмыс» корпорациясының орнықты даму дирекциясының басшысы Сәкен Шаяхметов, ERG компаниясының бас директоры Серік Шахажанов және тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, ESG қағидаларын енгізуге қатысты өз пікірлерін білдірді.

ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here