18 мамыр – Халықаралық музей күні. Елімізде бұл күн 2006 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Даталы мерекелер қатарына кірген күн болғандықтан бұл іс-шараға барлық музейлер ай бұрын тыңғылықты дайындыққа кіріседі.
Сонымен, Алматы қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіндегі «Музей түні» қалай өтті, осыған тоқталайық.
Биылғы Халықаралық музейлер күні сенбіге тура келді. Алматының ақ жауынына малшына жүріп, жәдігерлер мекеніне ат сабылтқан ағайынды толық дайындықпен қарсы алуға ниеттенген ұжым таңғы сағат тоғызда-ақ жұмыс орнында болды. Күні бойы бірлестік басшыларының нұсқауына сай, мерекелік жұмыстар қызу атқарылды. Күндізгі сағат онда басталған ашық есік науқаны түнгі сағат он екіге дейін жалғасты.
Апта бұрын жарияланған бағдарламаға сай, кешкі сағат 18.00-де музей түніне арналған игі шара басталып, әлеуметтік желі арқылы хабардар болған алматылықтар уәделесіп алғандай дер кезінде топ-тобымен жиналып жатты. Тіпті нөсерлеткен жауынға да қарамастан Алаш көшбасшысы тұрған үйге ағылған адамдардың санында есеп болған жоқ.
Дүбірлі шараға зиялы қауым өкілдері, алаштанушы, тарихшы ғалымдар, өнерпаздар, университеттер мен мектеп түлектері, сондай-ақ, сәтті күнді таңдап келген қонақтар қатысты. Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы, Алматы қалалық Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы кешке арнайы қатысып, ел руханияты мен мәдениетінде аса маңызды орын алатын осынау шараға сәттілік тілеп, жыл бойы үздіктер қатарынан көрінген азаматтарды марапаттады.
18:00 – 23:00-де «Музейге түнде барғанда» атты квест бірлестікке қарасты музейлер арасында жалғасын тапты. Жасырылған жәдігерлерді дәл тапқан келуші жастар сый-сияпатпен марапатталды. Музейлер бірлестігіне қарасты 8 музейді қамтитын бұл интерактивті ойынның қызығы мерекенің салтанатын асырды.
Сонымен қатар театрландырылған экскурсиялар жүргізілді. А.Байтұрсынұлы мен жұбайы Бадрисафаның және бауырына басқан үш баласы Қазихан, Аумат және Шолпан рөлін сомдаушылар қонақтардың назарын айырықша аударды.
Кеш шымылдығы Ахметтің «Арман» күйімен ашылып, белгілі әнші Шәба Әденқұл ұлт ұстазының «Екі жирен» әнін әуелетіп көпті сүйінтті. Музыкалық шашу арасында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын қамтыған интеллектуалдық-танымдық ойын жүргізіліп, дұрыс жауап берген қонақтарға сыйлықтар берілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 1-курс студенті Аманқұл Салтанат арнау өлеңін оқыса, ұлы мен қызының рөлін сәтті сомдаған Төребек Оспан мен Төребек Жәмила ақын өлеңдерін оқып, көптің алғысына бөленді.
Абай атындағы педагогикалық университеттің студенттері Әбілғазы Шәкәрім, Мұстафа Жүсіп, Мәулен Бекзат, Бижанова Дәрия, Айданалар тұлғаға арнап жазған өз өлеңдерін жатқа оқып, кештің шырайын аша түсті.
Мерейлі кештің беделін көтерген қуаныш – жаңадан ашылған өнер мектебінің тұсауының кесілуі болды. Белгілі күйші, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі Аршын Кәсімбайұлының жетекшілігімен құрылған «Кәсімбай» өнер мектебі ұжымы «Музей түні» шарасына арнап күй қоржынын көтере келіпті.
Бұл мектептің негізін қалаушы Аршын Кәсімбайұлы, Нұрбосынұлы Ақеділ, Айбек Айдын, Ерікқызы Дәрия, Абай Ерасыл Әлиұлы, Жандәулет Медет, Нұрлан Мерей, Бексерікұлы Мерей, Ерғалиева Ұлдай, Біржан Құлшын, Қазыбек Бекзат, Сабыр Бейбарыс, Кәмілжан Нұрғиса Қайратұлы қатарлы шәкірттерімен бірге өзінің «Ұлт ұстазы Ахмет» күйінен бастап, Бейсенбі Дөненбайұлының «Көш келді», Қайрақбай Шәлекенұлының «Майда қоңыр», Қожеке Назарұлының «Раушан», Әшім Дұңшыұлының «Күй басы», Кәсімбай Құсайынұлының «Шабыт шақыру» күйлерін бірінен кейін бірін күмбірлетіп ойнап берді. Шараға қатысушылардың ықыласына бөленген өнер тобының қадамына шашу шашылып, сый-сияпат та көрсетілді.
Шара аясында «Музей қорының жауһарлары» таңдалып, Ұлт ұстазының көзінің қарашығындай болған құнды жәдігерлер арнайы таныстырылды.
Бұл кеште келушілер музейдің тарихымен танысып қана қойған жоқ, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінді деуге толық негіз бар.
Әділет Ахметұлы