Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өрлеуі, ұлттың өркендеуі. Ежелден еркіндік пен бейбіт күнді мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнердің шоқтығында жатыр.
Өркениетке қол созған елімізде егемендік жылдарында экономикалық өсіммен қатар рухани құндылықтарды да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынды, түрлі бағдарламалар шеңберінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы осы саланың озық деңгейде дамуы қарастырылды. Әлбетте өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған жайдарлы Жамбыл жерінде де осы саланы дамыту мақсатында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамытып, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуды көздейді.
Жыл сайын айтулы даталар мен мерейтойлардың елеусіз қалмауына назар салып, ұлттық өнер мен құндылықтарымыздың өшпеуіне, кеңінен қанат жаюына жол ашып жүрген мәдениет саласындағы көрсеткіштер 2024 жылы да өз қарқынын жоғалтқан жоқ. Аймақта Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды. Мемлекеттік мекеме өңіріміздегі айтыс өнерін, ақын-жазушылардың еңбектерін зерттеп, рухани өнерді дамыту мақсатында құрылды. Орталықтың ашылуы ауқымды түрде ұйымдастырылды. Сонымен бірге өңірде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы дәстүрлі түрде жалғасын тауып, сегізінші мәрте республиканың түкпір-түкпірінен келген айтыскер ақындардың басын қосты. Сөз барымтасының нәтижесінде, бас жүлдені жерлесіміз, жамбылдық ақын Қанат Мырзахан жеңіп алды. Ал павлодарлық Аспанбек Шұғатаев І орынды, жерлесіміз Дархан Әбдіманат жүлделі ІІ орынды иеленді. Жүлделі ІІІ орын жамбылдық ақын Алтынкүл Қасымбекова және Абай облысының намысын қорғаған Әсем Ережеқызына бұйырды. Жамбыл жеріндегі жазба ақындар мен жазушылардың шығармашылығын насихаттап, дүйім жұртшылыққа паш ету ісі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. 15 ақпан күні халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, ақын Хамит Есеманның «Сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті. Ақынның шығармашылық кешінде «Фәни-Құбылыс» атты кітабының тұсауы кесіліп, Ұлықбек Есдәулет, Нұржан Қуантайұлы, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржанов, Маралтай Райымбекұлы және Ерлан Жүніс сынды құрметті қонақтар кешке куә болды.
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық кітапханасы «Ел болып оқимыз» жоба аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері қаламы қуатты ақын Шырын Мамасерікованың «Өлең құсы биіктерге самғаған ақын» жыр шашу кешін, «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының 65 жас мерейтойына арнап «Көсемәлінің көркем әлемі» тақырыбында шығармашылық кешін өткізді. Жыл басынан бері атқарылған ауқымды іс-шаралар қатарында 23 сәуір – дүниежүзілік кітап күніне орай өткен «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалін атап өткен жөн. Фестиваль барысында төрт ақын-жазушының кітабының тұсауы кесілді. Нақтысын айтсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» кітабының, жергілікті ақын Мақсым Бохаевтың «Арал – әлем тағдыры» кітабының, ақын Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» кітабының және Нұржан Әлішовтің «Ақ қыз» кітаптарының лентасы қиылды. Мерекелік фестивальде кітап баспалары мен сауда үйлері өкілдерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі өтіп, әулиеаталық кітапсүйер оқырманға түрлі жанрдағы кітаптарды жеңілдікпен сатып алудың сәті түсті. Сонымен қатар, «Оқуға құштар оқырман» кітап оқу марафонының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Яғни, өңір кітапханаларында 2023 жыл ішінде ең көп кітап оқыған 12 оқырманға «Үздік оқырман» статуэткасы табысталды. Кітап фестиваліне Татарстандағы және Ресейдегі кітапхана саласында қызмет етіп жүрген мамандар арнайы қонақ ретінде шақырылды және олардың қатысуымен кітапханашыларға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылып, тәжірибе алмасулар болды. Екіжақты меморандумға қол қойылды.
Ақын-сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жырла, жүрек» поэтикалық кеші «Баласағұн» ОКЗ-да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, думанды кешті белгілі ақын Бақыт Беделхан тізгіндеді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма…» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі өтті. Байқауда әр облыстан келген 14 халық театры өнер көрсетіп, өзара сайысқа түсті. Өнерпаздар Шона Смаханұлының шығармаларынан көріністер қойды. Халық театрларының республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған сала мамандары өз бағасын берді. Фестиваль нәтижесінде әулиеаталық «Талас» халық театры бас жүлдеге лайық деп танылды. Бұл жеңіс те – өңірдегі мәдениет қызметкерлерінің тек ұйымдастыру ісінде ғана емес, сахнада өнер көрсетуде де үздіктер қатарында екендігінің бір көрінісі. Басқармаға қарасты Облыстық халық шығармашылығы орталығының жыл басынан бері атқарып жатқан ауқымды істері мұнымен шектелмейді. Өңірдегі жас таланттарды іздестіру, үлкен сахнаға шығарып, өнерлерін өрестетіп қолдау көрсету мақсатындағы «Жаңа есім» жобасы да биыл дәстүрлі түрде жалғасын тауып, үздіктер анықталды. Ауылдық, аудандық және облыстық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, 4 номинация бойынша жеңімпаз деп танылған өнерпаздардың қатысуымен маусым айында «Жаңа есім» жобасының Гала-концертін өткізу жоспарланып отыр.
2024 жыл Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы үшін елеулі, мерейлі жыл болып отыр. Өйткені, орталықтың ашылғанына биыл тура 5 жыл. Аталмыш 5 жылдың ішінде орталық мәдениет саласының ішіндегі жұмысы бірден-бір жанданған орталық болып отыр. Орталық ашылғалы Жамбыл өңіріндегі көне тарихымызды зерттеуге, тануға бағытталған жұмыстар алға тартылып, халықаралық деңгейдегі тарихшы ғалымдармен байланыс орнатылды. Мәселен, күні кеше ғана әлеуметтік желілер мен ресми ақпараттық сайттарда кеңінен айтылған Ақтоғай петроглифтері де бірнеше жылдан бері мәдениет саласы мамандарының назарында болып келді. Бүгінгі таңда оны зерттеу, таныту бағытында нақты жұмыстар жүзеге асуда.
Орталық қызметкерлерінің дайындауымен 2022-2023 жылдары жазушы, ұлт руханиятының абызы болған Шерхан Мұртазаның 1949-2012 жылдар аралығындағы күнделік жазбалары жүйеленіп, баспадан жарық көрді. Бүгінде 4 томдық кітап облыстық кітапхананың үйлестіруімен қалың оқырманға жол тартты.
Сан өнердің басын бір арнаға тоғыстырған театр, филармония және музейлердің жағдайы да көңіл көншітеді. Мәселен, 2024 жылы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы 80-нен астам концерт ұйымдастырып, 30-дан астам гастрольдік концерттер берді. Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім» ғимаратының мәжіліс залында Алғыс айту күніне арналған «Алғысым – Отанға» атты мерекелік концерт берілді. «Баласағұн» ОКЗ-да «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» арналған салтанатты жиында «Рақмет, Ана!» атты мерекелік концерт тарту етілді. Мереке аясында «Анадан асқан бар ма адам!?», «Әлемнің көркі – арулар!», «Анаға құрмет» атты т.б. концерттер ұсынылды. Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай «Алатау» фольклорлық ансамблінің концерті берілді. Концертке филармония әншілерімен қатар Сүндет Байғожин, Ержан Максим қатысты. Игі шараға Кенен атаның ұрпақтары, ардагер ұстаз, әншi, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту iсiнiң үздiгi», «Мәдениет қайраткерi» белгiсiнiң иегерi Төрткен Кененқызы, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер, Қордай ауданының құрметті азаматы Бақытжан Кененұлы, «Кенен» қорының басшысы, өнер шебері Мұхтар Бақытжанұлы, сонымен қатар аудан тұрғындары қатысты.
Еліміздің бай мәдениетін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын Оңтүстік Корея жұртшылығы арасында ілгерілету мақсатында, екі елдің достығын, түрлі салалардағы ынтымақтастығын нығайту бағытында Пусан Кимхэ қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен Оңтүстік Кореяда «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне арналған Ұлттық фестивальге облыстық филармония әртістері қатысты. «Кәусар» вокалдық ансамблінің хормейстері Мақсат Ділтан Жаманбаев атындағы хор дирижерларының ашық І Республикалық «Алтын камертон» байқауының ІІ дәрежелі лауреаты атанды.
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры жыл басынан бері 90-нан астам қойылым сахналап, 12 513 көрермен қамталды. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Сарысу аудандарына гастрольдік сапармен барды. Театр ұжымы Жамбыл облысының 85 жылдығына және 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Театр – халықпен бірге» атты мерекелік думанды кеш ұйымдастырды. Ерекше форматта өткен кеште театр әртістері облыстық кәсіподақ, ішкі кәсіподақ ұйымының, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының алғыс хаттарымен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Айта кетейік, театр актрисасы Айжан Атымтаева дәл осы одақтың «Дара» төсбелгісіне ие болды. Ал өзге әртістерге әр түрлі номинациялар бойынша диплом, статуэтка және қаржылай сертификаттар бұйырды. А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма тетары «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы идеяларын насихаттау мақсатында алдағы уақытта Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» жаңа қойылымын, Мұқағали Мақатаевтың «Қош махаббат» мелодрамасын сахналау жоспарлануда.
Жамбыл облыстық орыс драма театры 2024 жылы Александр Володиннің туындысы негізінде сахналанған «С любимыми не расставайтесь» қойылымын, Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының негізінде хореограф Вадзим Дубовикпен бірге қойылым қоюды жоспарлап отыр.
Басқарма жұмысы тек мәдениет саласы, ән-бимен ғана шектелмейді. Архив, кино, кітапхана, музей, дирекция қызметкерлері де осы саланың көкжиегін кеңейтуде. Облыс бойынша бүгінде 12 мемлекеттік архив жұмыс істесе, ондағы 4 585 қорда 964 238 сақтау бірлігі бар. Өңірде архив қызметінің барлық бағыттары бойынша белсенді түрде жұмыстар атқарылуда.
Сарқылмас парасаттың сарайы саналатын кітапханалар қашанда адамды рухани байытып, өткен мен бүгінге алтын көпір орнатуда. Бүгінгі күні өңірімізде қызмет етіп отырған 274 мемлекеттік кітапхана, соның ішінде үш облыстық кітапхана: Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық кітапханасы, Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы аймақты ауқымды істер атқарып, игі шаралардың ұйытқысы болып отыр.
Биылғы жылдың алдағы айларында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды жобалар жоспарланып отыр. Олар:
– Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы;
– Танымал музыканттар мен белгілі әншілердің қатысуымен «Күзгі әуен» классикалық өнер кеші;
– Халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Кененнің ізбасарлары» атты І республикалық өнер фестивалі.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» демекші мәдениетсіз қоғам болмайды. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан-дүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймай, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды. Себебі, қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ерен, қоғамдағы рөлі зор.
Мемлекетіміз де осы салаға көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – саланың тынысын кеңейтіп, сенім үдесінен шығу. Өйткені, мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер
және құжаттама басқармасының басшысы
Қос