Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ қызы

0
1773

Таулары көкпен таласқан, шыңдары бұлттан әрі асқан өлкенің қасиетті топырағынан алыс-жақын шетелге елімізге танымал тұлғалар аз шыққан жоқ. Соның арасында киелі жердің суын ішіп, ауасымен тыныстап өскен қыздарымыз да жоқ емес. Тіпті, қазақтың батыр қыздары жайында тарихымызда деректер де жетерлік. Әрісі Тұмар ханшайымнан бастап, берісі Айбике батыр, Ақбикеш, Айтолқын сынды батыр аруларымыздың есімдеріне бәріміз қанықпыз. Өткен жиырмасыншы ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыста жап-жас өрімдей күйінде ерлікпен қаза тапқан қазақтың қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың батырлықтарының өзі кез келген тірі пенденің таңдайын қақтырмай қоймайды.

Осы мақаламыздың кейіпкері Анар Бурашеваны жоғарыда есімдері аталған жаны мен жаратылысы нәзік батырлардың қатарына қосуымыздың өзіндік себебі бар. 

Анар – әлемнің ең биік нүктесі Гималай тауының шыңы аталып кеткен Эверестке шықты. Бұл дегеніңіз, қыз баласы түгіл, ер-азаматтардың қолынан келе бермейтін батылдық. Қайтпас ерлікке пара-пар қадамға барған қайсар қызымыз діттеген сапарын аяқтап, Қазақстанға – Алматыға аман-есен оралды. Қала жұртшылығы шыңды бағындырған шынарын әуежайдан гүл шоқтарын ұсынып, арнайы әзірлеген дәмнен ауыз тигізіп, ерекше құрмет-қошеметпен күтіп алды.

«Аспанмен тірескен 8 848 метр биікке көтеріліп, Көк Туды Гималайдың ең биік шыңында желбіреткеніме дән ризамын. Қауіп пен қатері қатар тұрған қадамымның сәтті аяқталғанына сене алар емеспін. Ең бастысы, еліме, жеріме, отбасыма дін аман оралғаныма қуаныштымын. Бізді сый-сыяпатпен күтіп алуға келген жандардың бәріне алғысымыз шексіз. Эверест шыңы өз ойлағанымдай оңай болған жоқ. Тау да, шыңы да өте суық. Басында жел болды, түнделетіп бораны соғып, біраз әбігерге салды. Сосын күндіз күн шыққанда ауа райы жақсарды. Біздің экспедициямызға қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен барлық отандастарымызға рахмет», – дейді альпинист-спортшы Анар Бурашева.

Иә, альпинист ару бұл сапарға жалғыз аттанған жоқ. Эвересті үш рет бағындырған шебер, тәжірибелі маман, экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев және осы саланың маманы Әлмір Қымбатбайұлы да экспедиция құрамында болды.

«Ең қиын сын-сағат 6 сәуірде басталды. Бұл физикалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр сапар болды» дейді альпинистер. Олар тау түбіндегі 5 300 метрде орналасқан Эверест базалық лагеріне аялдап, біршама уақыт таулы өңірдің ауасына бойларын үйретіп алды.

Спортшыларымыз Эверестің ащы күніне күйіп, жүздері боранның аязы шалғаны көрініп-ақ тұр. Бір жарым айға созылған жауапты сапарды жеңіспен аяқтаған олардың отандастарына айтары көп. Белгілі бір тынығудан соң сапар жайына арнайы тоқталып, көпшілікке сұхбат беретіндерін жеткізді.  

Осы арада айта кетейік, күні бүгінге дейін Эверест шыңына дүние жүзілік статистика бойынша 799 әйел шыққан екен.

32 жастағы Анар Бурашева скайраннер спортына дейін банк менеджері болып еңбек еткен. Табанды еңбегі, тиянақты ісімен көп сеніміне бөленген, жасқа тән қажыры мен қайратын, білімі мен білігін танытқан қаржы саласын артқа тастаған альпинистің биіктерді бағындырып жүргеніне он жылға жуық уақыт болыпты. Алматы марафонының тұрақты қатысушысы ол осыған дейін Талғар шыңы, Хан тәңірі, Монблан және Килиманджаро сынды биіктіктерді еңсерген.

Эвересті бағындырған қазақ қызына «Бақ пен абыройың Гималай тауынан да биік болсын!» деген елдің тілегін жеткізгіміз келеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

РЕДАКЦИЯДАН:

Ғаламшардың ең биік шыңы Эверест шыңына (8 848 м) шыққан қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева және Әлмір Қымбатбайұлына қазақстандық ірі құрылыс компаниясы Алматыдан екі бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here