Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Талдықорған қаласы маңындағы стихиялық қоқыс орындары тазартылды.
Елімізде стихиялық қоқыс орындары мен көлемі спутниктің көмегімен, аэро түсірілім арқылы анықталған болатын. Қазіргі таңда сол орындарды тазарту жұмыстарымен айналысуда. Жалпы, стихиялық қоқыс орындарын тазалау жұмыстары мердігер мекемелердің күшімен жыл бойы атқарылмақ.
Талдықорған қаласы бойынша аталған жұмыстарды «Жақсымбет» ЖШС жүзеге асырады. Жыл басынан бері облыс орталығында 12 орын анықталып, 273 м3 қоқыстан тазартылды. Бүгінгі күнге 2 стихиялық қоқыс орнында тазалық жұмыстары жүргізіліп, 35 м3 қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, қаланың 100 жуық еріктілері, студенттер мен «Жетісу жастары» орталығының қызметкерлері қала көшелерін тұрмыстық қоқыс пен бос бөтелкелерден тазартты. Тазалық акциясы барысында жиналған қоқыстар қайта өңдеу орталықтарына жіберілетін болады. Жастардың жоспарына сәйкес, қайта өңдеуден түскен қаражат 1 маусым – Балалар күні мерекесіне орай, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлауға жұмсалатын болады.