Көші-қон туралы заңда қандай өзгерістер бар?

0
3979

Өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен жасалған заңға Қазақстан Республикасының 7 кодексіне және 13 заңына өзгерістер енгізілді. Айталық, бірқатар заңға, яғни Қазақстанға кіруге тыйым салу, балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және біздің азаматтығымызды алуға рұқсат беруден бас тарту, шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екендігі туралы мәліметтер болса, елге кіруге тыйым салу бойынша нормалар енгізілді. Сондай-ақ, ұйымдасқан топтардың көшбасшылары болып табылатын, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын негіздер қатаңдатылды. Демек, көші-қон талабы күшейеді. Көші-қон туралы Заңда тағы қандай өзгерістер бар? Соны ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лесбек Айдашевтан сұраған едік.

«Бүгін көші-қон заңнамасын жетілдіруге бағытталған өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталсам артық болмас. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда жаңа баптар енгізілді. Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Отбасымен қауышу институтын нығайту мақсатында енді Қазақстан Республикасына келуге визаны ресімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға ғана қатысты болатын. Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары кеңейтілді. Олар қажетті кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай берілетін болады», – деп түсіндірді Лесбек Айдашев.

Аға инспектордың айтуынша, бірнеше визасы бар инвесторлар үшін Қазақстанда тұрақты тұру үшін жағдайлар кеңейтілді және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту немесе рұқсаттың күшін жою үшін қосымша негіздер әзірленді. Олар:

  • қажетті кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, бірақ бір жылда 183 күн ішінде мамандық бойынша жұмыс істемегендердің рұқсаты өз күшін жояды;
  • көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылғандардың тұрақты тұруға рұқсаттан бас тартатын немесе күшін жоятын мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім «жыл ішінде» деп айқындалды;
  • ел аумағында 183 күннен аз тұратын адамдарға тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою шарттары нақтыланды.

«Іссапар, оқу, ауру және басқа да нақты себептер болса, шетелдікке тұрақты тұруға берілген рұқсат өз күшін жоймайды. «Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері енгізіліп, нақтыланды. Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді», – деп нақтылады Лесбек Айдашев.

Аға инспектордың сөзінше, тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай қабылданды.

«Көптеген елдерде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет. Мысалы, Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға жоғары талаптар қойылады. Канадада тарихты және жергілікті тұрғындардың міндеттерін білу, сондай-ақ провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білетіндігін растайтын тест тапсыру қажет. Түркияда азаматтық алу кезінде  жалпыға ортақ негізде түрік тілін міндетті түрде білу қажет», – деді Лесбек Айдашев.

Оның түсіндіруінше, қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілді. Ел азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспорттарын пайдаланған жағдайда біздің еліміздің азаматтығы тоқтатылады.

«Бұған дейін шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығы тоқтатылатын. «Төтенше жағдай туралы» заңға қолданылу мерзіміне қарамастан, төтенше жағдай кезінде жеке басты куәландыратын құжаттардың және өзге де құжаттардың жарамдылығын көздейтін нормалар енгізілді. Сондай-ақ, заңнамалық деңгейде интегралды микросхемасы және сәйкестендіру нөмірі бар құжаттар тізбесі босқындарға берілетін «жол жүру құжатымен» толықтырылады. Бұдан басқа, қылмыстық-атқару жүйесі бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Айталық, пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камераларын қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сотталғандар өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында бейнебақылау камераларын қасақана істен шығарады. Соңғы уақытта мұндай фактілер көбейген. Сондықтан Қылмыстық кодекске «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру» деген 428-1-бап енгізіледі. Бұл жауапкершілік сотталғандарға да, ҚАЖ қызметкерлеріне де қатысты қарастырылған», – деп мәселенің мәнісіне тоқталды аға инспектор.

Міне, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лесбек Айдашев қабылданған заңның негізгі ережелеріне тоқталды. Көші-қон туралы туралы заң – бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы үшін өте өзекті мәселе. Демек, аталған заңға енгізілген өзгерістер – заман талабы.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here