Күшті мен әлсіздің текетіресі

0
2103

36 050. Бұл былтырғы жылғы қазаннан бері Газа секторындағы қырғында қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны. Израиль армиясының әуеден жасаған үздіксіз соққылары мен ауыр артиллериясының қиян-кескі шабуылынан ажал құшқандардың қатарында әйелдер мен балалардың саны айтарлықтай көп. Бұдан бөлек, бүгіндері 81 мыңнан астам палестиналық өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр. Тағдыры тәлкекке түсіп, өз жерінде өгейдің күйін кешкен Палестинаның көнтерілі халқы 240 күн қатарынан оқ пен оттың арасында өмір сүріп келеді.

Әлемдік өркениеттің алтын бесігі, дәстүрлі діндердің ошағы саналатын Таяу Шығыстағы зобалаң бұдан әрмен созыла берсе, тұтас бір ұлттың жер бетінен ізім-ғайым жойылып кетуі де ғажап емес. Алғаш рет ізгіліктің шамшырағын жағылған өзгеше өңірдегі өрескел істер өзекті өртейді…

Адамзат тарихындағы ұзаққа созылған бұл қырғынға кім немесе кімдер кінәлі? Мыңдаған жазықсыз жанды жер жастандырған қан-қасаптың астарында қандай гәп болуы мүмкін? Ежелгі ата қоныс, қастерлі мекенінен ауа көшкен миллиондаған палестиналық босқын қайда барып күнелтпек?

Таяу Шығыстағы зардабы ауыр, залалы орасан жанжал жаңа мыңжылдықтағы қасиет пен қасіреттің, күшті мен әлсіздің текетіресі.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТТЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Әлемдік қауымдастық Газа секторында бой тасалап, жасырынып жатқан теріс пиғылдағы террористердің көзін түбегейлі жоямыз деген желеумен жүргізіп келе жатқан Израильдің әскери операциясын түбегейлі айыптайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаагадағы соты Израильге Рафахтағы үздіксіз шабуылдарды біржола тоқтатуды бұйырды. Халықаралық қылмыстық сот бұл шешімін Израильді Палестина халқына геноцид жасады деп айыптаған Оңтүстік Африка Республикасының апелляциялық шағымының нәтижесінде шығарды. Биылғы жылдың қаңтарында Гаагада Оңтүстік Африка Республикасының шағымы бойынша тыңдаулар өту басталған болатын. Бірнеше айға созылған тыңдау ісінің нәтижесінде Халықаралық соттың жаңа төрағасы, Ливан өкілі Нафам Салам Израильдің Рафахтағы әскери шабуылын және Газа секторындағы Палестина халқын толық немесе ішінара жоятын жағдайға әкелуі мүмкін кез келген әрекеттерін тез арада тоқтатуы тиістігі баяндалған шешімді жария етті. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша Израиль құрсауда қалған палестиналықтарға гуманитарлық көмек жеткізу үшін Газа секторы мен Мысыр шекарасы маңындағы Рафах қаласына өткізу бекеттерін ашып, БҰҰ тағайындаған тергеушілер тобын Газа секторы аумағына кіргізуі тиіс. Гаагада шығарылған сот үкімі 24 мамырда өз күшіне енді. Енді бір ай ішінде ресми Иерусалим бұйрықты орындап, талаптар бойынша нақты есеп беруі қажет.

Десе де, Биньямин Нетаньяху әскери операцияларды тоқтатпайтынын мәлімдеді. Израиль Премьер-министрі ХАМАС тобының мүшелерінің Рафахта бой тасалауы мүмкін дегенді негізгі желеу етіп отыр. Халықаралық сот шешімі шыққаннан кейін екі күннен соң, яғни 26 мамырда Израильдің әуе күштері Рафахтағы босқындар лагеріне бірнеше дүркін шабуыл жасады. Нәтижесінде 60-қа жуық палестиналық қаза тауып, 250-ден астам адам жарақаттанды. Дені балалар мен әйелдер. Соңғы бірер күнде ауыр артиллерия қалаға еніп, террористер бой тасалауы мүмкін деген аумақтарда әскери операциялар жүргізілуде. 27-28 мамыр аралығында танктердің атқылауынан тағы да жиырмаға жуық бейбіт тұрғын мерт болды. Босқындар лагеріндегі апшыны қуыратын аптап ыстыққа шыдамаған миллиондаған палестиналық теңіз жағалауына жаппай кетіп жатыр. Алайда, теңіздегі израильдік катерлер босқындардың одан әрмен үрейін алуда.

Жалпы алғанда, биылғы мамырдың басында Израиль билігі Газа секторындағы Рафах қаласының тұрғындарын жаппай кетуге үндеген болатын. Себебі, Нетаньяху үкіметі бұл қалада ХАМАС-тың мыңдаған сарбазы тығылып отыр деп күдіктенеді және Рафахты алмай жеңіске жету мүмкін емес деп санайды. Алайда, бір жарым миллионнан астам палестиналықтың өз ата қонысынан өзге «барар жер, басар тауы жоқ».

Соңғы күндердегі Израильдің Рафах қаласындағы шектен шыққан әрекетіне Иерусалимнің жақын одақтастары да шетін қарап, наразылығын білдіре бастады.

Осы ретте айта кетейік, Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Хан Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Йоава Галантты тұтқындауға ордер беруді талап етті. Оның пайымдауынша, израильдік шенділер Палестина мемлекеті аумағында жосықсыз жүргізілген әскери операциялар мен адамзатқа қарсы жасаған қылмыстары үшін лайықты жазасын алуы тиіс.

АЛПАУЫТТАР ИЗРАИЛЬДЕН СЫРТ АЙНАЛДЫ

Израильдің Рафах қаласындағы босқындар қоныстанған лагерьді әуеден атқылап, жазықсыз жандарды жер жастандырғаннан кейін Еуропалық Одақ Иерусалимнен қарым-қатынасын қайта қарауға шешім қабылдады. Мәселен, Ирландия мен Испания Израиль Газадағы әрекеттерімен адам құқықтарын аяққа таптап, оны түбегейлі бұзып отыр деп санайды. Брюссельде бас қосқан Еуропалық Одақ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде аталған ұйымның сыртқы және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелль Рафахтағы жауыздық әлем халқын үрейлендіргенін, Израиль Халықаралық соттың шешімдерін орындауға міндетті екендігін мәлімдеді.

Сауд Арабиясы, Иордания, Катар, Египет және Біріккен Араб Әмірліктері де Израиль Рафахтағы әскери шабуылды дереу тоқтатуы тиіс деп санайды. Ал, Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желіде: «Бұл әскери іс-қимылдар тоқтатылуы тиіс. Бүгіндері Рафахта Палестина азаматтары үшін қауіпсіз жер қалмады десе де болады. Мен, Израиль билігінен халықаралық құқық талаптарының қатаң түрде сақтауға шақырамын және жазықсыз адамдардың одан әрмен құрбан болуына қарсымын», – деп Израильдің әрекетін айыптап, жазба жариялады.

ҚҰНЫ ҚЫМБАТ ТӘУЕЛСІЗДІК: ПАЛЕСТИНАНЫҢ ЕГЕМЕНДІГІ МОЙЫНДАЛУДА

Норвегия, Испания корольдіктері мен Ирландия Республикасы Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындады. Аталған Еуропа елдерінің Үкімет басшылары 22 мамырда тиісті құжатқа қол қойды. Құжат 28 мамырда заңды күшіне енді.

Ирландияның Үкімет басшысы Саймон Харрис Палестинаның ғасырға жуық уақыт бойы азаттық үшін күресін қолдайтынын және оның егемендік алуына барлық жағдайды жасауға ықпал ететінін айтты. Ал, Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар палестиналықтардың ондаған жылдар бойы соғыстан көз ашпағанын айтып, титықтаған халыққа көмек беру қажеттігін және Газа секторының тұрғындары бейбіт өмір мен бостандыққа лайықты екендігін мәлімдеді. Испания Үкіметінің басшысы Педро Санчес Израиль мен Палестина арасындағы соғысты тоқтатуға мүдделі екендігін тілге тиек етті.

Сауд Арабиясы, Иордания, Мысыр мен Түркия билігі Дублин, Мадрид және Ослоның ресми мәлімдемесін құптады. Ислам әлеміндегі алпауыт мемлекеттердің кейбірі өзге елдерді де Палестинаның дербестігін мойындауға үгіттемек. Атап айтқанда, Түркия Палестинаны егемендігін тану үшін көптеген мемлекеттерге қысым жасауды көздеп отырғанын батыл түрде жеткізсе, Иордания тарапы Палестина дербес мемлекет болмай, өңірде тыныштық орнамайтындығын жоққа шығармады.

«Таяу Шығыстағы ахуалды шешудің жолы – тәуелсіз Палестина мемлекетін құру». Бұл – Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің пікірі. «Аспан асты елінің» көшбасшысының ойынша, осы қадам арқылы түйіткілдің түйіні түбегейлі тарқатылмақ.

Израиль Норвегия, Ирландия және Испаниядағы төтенше және өкілетті елшілерін кері шақырып алды. Көп ұзамай Премьер-министр Биньямин Нетаньяху арнайы мәлімдеме жасап, Палестинаны тәуелсіз ел ретінде мойындау – «террористерге жасалған үлкен сый» деп баға берді. Оның ойынша, Палестинаға тәуелсіздік беруге болмайды. Азаттық алған жағдайда бұл мемлекет лаңкестер шоғырланған, қитұрқы іспен айналысатын ел болмақ.

Қазіргі күнде Палестинаның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 143-і  мойындайды. Олардың арасында Қытай және Ресей бар.

ҒАСЫРҒА СОЗЫЛҒАН ТЕКЕТІРЕС

Палестина мен Израиль арасындағы текетірестің туындағанына ғасырға жуықтады. 1948 жылдан бері үздіксіз соғыс ошағына айналған аймақта 2023 жылғы қазанда жанжал өрті қайта тұтанды. Осы уақыттан бері Израиль қорғаныс күштері Газада «Темір қылыш» операциясын жүргізуде.

Бұл жолы Иерусалимнің қаһары қатты. Шетелдік сарапшылар Израиль тарапы қарымта шабуылға жеткілікті жауап бермесе, ауыр саяси дағдарысқа тап болуы мүмкін екендігін айтады. Сонымен қатар, мамандар, шиеленіс басталған кезеңде бұл жолғы қақтығыс ұзаққа созылатынын әрі одан әрмен күшейе түсетіндігін болжаған болатын. Қанды қырғын ірі халықаралық алпауыттардың делдалдығы арқылы тоқтауы мүмкін. Биньямин Нетаньяху жергілікті телеарналарға берген сұхбатында әскери операцияның ХАМАС түбегейлі жойылғанға дейін жалғасатынын мәлімдеді.

«Олардың сыбайластарының да көзін жоямыз. Бізді тоқтайды деп ойлайтын адам қателеседі. Алға қойған барлық мақсатқа жеткенше, соғыс қимылдарын тоқтатпаймыз. Біз Газа секторының аймағына аямастан шабуыл жасаймыз», – деген-тін Израиль Премьер-министрі.

ИЗРАИЛЬ МЕМЛЕКЕТІ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

XIX ғасырдың соңында дүние жүзінің әр қиырындағы еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы пайда болады. Осы кезеңде жазушы Теодор Герцль құрастырған «The Jewish State» атты кітап жарық көреді. Бұл кітап жер-жаһанның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған еврейдің Палестинаға жаппай ағылып келуіне түрткі болды. «Саяси сионизмнің әкесі» саналатын Герцль өз еңбегінде Таяу Шығыста Израиль мемлекетін құрылуы тиістігін еврейлердің санасына сіңіруді көздеген.

Бастапқыда еврей қоныстанушылары әлемдік сионистік ұйымдардың қаржылай қолдауымен Палестинаның байырғы тұрғындарынан тұрмысқа қолайлы, жанға шұрайлы жерлерді көптеп тиімді бағамен көптеп сатып ала бастайды. Нәтижесінде еврейлер аймақтың басым бөлігіндегі жерлердің құжат түрінде рәсімделген ресми қожайыны атанып шыға келеді. Палестиналықтар олардың түпкі мақсаттарын кеш аңғарып, орны толмас олқылыққа жол бергенін түсінеді.

1947 жылы БҰҰ-ның 181-қарарымен Палестина жері екіге бөлініп,  Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылданды. 1948 жылғы мамырда Израиль өз тәуелсіздігін жариялады. Алайда, әділетсіздікке көнбеген Сауд Арабиясы, Иордания, Ирак, Йемен, Сирия, Ливан сынды араб елдері тізе қосып, Израильге қарсы соғыс жариялайды. Десе де, арабтар АҚШ-тың қолдауына сүйенген еврейлерді біржола жеңе алмады. Есесіне Палестина халқы 78 пайыз территориясынан айырылып қалды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы алты күндік қиян-кескі соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, мемлекеттің астанасы деп жариялады.

Бүгіндері көздің құртына айналған Газа секторы – Израиль мен Египеттің ортасында орналасқан жалпы аумағы 360 шаршы шақырымды құрайтын аумақ. Газа секторы әу бастан Палестинаның меншігіндегі территория болып саналады. Бүгінде Израиль аталған аймаққа толық бақылау орнатып үлгерді. Онсыз да жұмыссыздық пен титықтаған тұрмыстан зәрезап болған тұрғындардың басым көпшілігі былтыр күзден бері жалғасқан әскери операциялардан мерт болды. Аман қалғандары Рафахқа тықсырылды. Ондағы ахуалды жоғарыда қаузадық.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Израильдің Палестина халқына жасаған әрекеті – геноцид». Әлем халқының пікірі осыған саяды. Бүгіндері жер-жаһанның басқа қиырын айтпағанда, Израильдің өзінде соғысқа қарсы халықтық бас көтерулер дүркін-дүркін өтіп тұрады. Десе де, еврейлердің арасында жеңіске малданған кесірлі көзқарастағылар да кездеседі… Жоқ емес. Бар. Көп болуы да мүмкін. «Нетаньяху – оспадар, опасыз адам. Тек қара басының қамын күйіттейтін ол Израильді апат құрдымына тартып бара жатыр. Нетаньяхудың көксеген мақсаты – мәңгілік соғыс». Бұл – мыңдаған еврейдің жаппай наразылығы кезінде айтылған пікірдің бірі. Аңдатпадағы ойымызды қайыра қайталаймыз. Таяу Шығыстағы жауыздық жаңа мыңжылдықтағы қасиет пен қасіреттің, күшті мен әлсіздің текетіресі.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here