Қазақ тілі мен мәдениетіне ғашық болған жапон қызы

0
2455

Қазақ елін егемендік алғаннан кейін барып дүние жүзі шындап тани бастады. Яғни, тәуелсіздік республикамыздың және шетел мемлекеттерінің арасындағы саяси және дипломатиялық байланыстардың дамуына зор ықпал етті. Мұндай елдердің қатарында Жапония да бар. Соңғы жылдары Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығы күшейіп, жыл сайын қос ел арасындағы түрлі саладағы байланыстар пәрменді қарқынмен даму үстінде.

Білім және ғылым саласы жөнінде айтар болсақ, білім саласындағы екі ел арасындағы серіктестіктің нығаюында жапонтану ғылымының іргетасы қаланған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орны ерекше.

Отыз жылдан астам уақыт бойы жұмысын жалғастырып келе жатқан ҚазҰУ-дағы жапонтану бөлімі күншығыс елінің бірқатар жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Мысалы, 2007 жылы ҚазҰУ және Жапонияның алдыңғы қатарлы ЖОО-лары болып табылатын Цукуба және Васэда университеттері арасында екі жақты келісім-шарттар жасалды. Нәтижесінде қос елдің білімгерлері мен ұстаздары үшін түрлі академиялық алмасулар, тілдік тағылымдамалар, шәкіртақылар және гранттық бағдарламаларды игеруге құнды мүмкіндіктер пайда болды. Ал жапон университеттерінде білім алып жатқан отандастарымыз және керісінше күншығыс елінен ҚазҰУ-ға оқуға келген шетелдік студенттердің саны жыл санап көбеюде. Соның бірі елімізге 2023 жылдың жазында келген Жапония азаматшасы, Цукуба университетінің студенті – Икедзоэ Риса. 

Риса бұрыннан өзі үйреніп жүрген орыс тілінен өз білімін тереңдетіп жетілдіремін деген мақсатпен қазақ өлкесіне оқуға келеді. Бұрын-соңды еліміз туралы ақпараттардан хабарсыз Риса Қазақстанға алғаш келгенде жергілікті халықтың ділі мен тілі, тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне қатты қызығып сүйсінеді. Тіпті, келген бойда мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылады. «Қазақтың төл мәдениетімен танысамын, тілін үйренемін» деп ниеттенген Риса небәрі бір жыл уақыт ішінде еңбекқорлықпен, табандылықпен өзі бұрын білмеген, тіпті естімеген тілді жақсы игеріп шығады. Ол сабақтан тыс кезінде өзге білімгерлермен, такси жүргізушілерімен, сатушылармен қазақша сөйлесіп, қоғамдық көлікте, дүкенде, асханада қазақ тілінде пікір алмасуға барынша дағдыланады. Сондай-ақ, қазақ әншілерінің әндерін тыңдап, жаттап,  білімін одан әрі шыңдайды. Сөйтіп, жапон қызы қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын еркін жеткізе алатын дәрежеге жетеді. Халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне ғашық болған Риса жаңа тілді игеріп қана қоймай, аз уақыт ішінде қазақтың ұлттық аспаптарына аңсары ауып, домбырада күй тартып үйренеді.

Риса жаңа өмір салтына, жаңа ортаға сіңісу үшін жергілікті халықпен жақсы араласады. Содан айналасында жаңа орта мен жаңа достары, түрлі жастағы адамдар мен түрлі маман иелері пайда болды. Мәселен, жапон қызы Алматы қаласындағы №209 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің оқытушысы Шағатаева Аяулым Бауыржанқызымен танысады. Ол шетелдік студентті Алматының көрікті орындарына апарып, қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен етене таныстырып, екеуі араласып-құраласып, құрбы болып кетеді.  Осылай жапон студенті қазақтың ұлттық мәдениетіне қызықса, қазақ қызы күншығыс елінің ділін, тұрмыс-тіршілігін, ұлттық құндылықтарын зерделеп, зерттеуге құлшынады.

Риса қазақ құрбысынан қазақ халқының тарихына қатысты көптеген ақпараттар сұрап, біліп отырады. Өз кезегінде мұғалім Аяулым да шығыс өркениетіне қатысты өзінің және шәкірттерінің білімдерін жетілдіруді қалайды. Содан, ұстаз Әзімжан Бекарыс және Орал Нұржан атты 6-сынып оқушыларымен бірге қазақ және жапон мәдениеттеріне салыстырмалы зерттеу жүргізуге бағытталған мектепшілік ғылыми жобалар сайысына қатысуға бел байлайды.  

Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында Аяулым Бауыржанқызы шәкірттерімен бірлесе жұмыс жасап, жапон студентін оқушыларымен таныстырады. Олар Рисадан күншығыс елінің мәдени ерекшеліктері жөнінде арнайы сұқбат алып, қазақ және жапон халықтарының тілдеріндегі, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарын қарастырып, зерттейді. Нәтижесінде берілген жоба мектепшілік ғылыми жобалар байқауында бас жүлдеге ие болып, аудандық сайысқа жолдама алады. Міне, Рисаның қазақ халқының ұлттық болмысы мен тұрмыс-салтына деген ерекше ықыласы отандық университеттің студенттеріне үлгі-өнеге болып қана қоймай, мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін шабыт көзіне айналады.

Сайып келгенде, жоғарыда айтылған жаңалықтардан ойға түйетін, көңілге тоқитын дүниеміз мол. Соның алғашқысына қатысты айтар болсақ, бұл қазақтың ұлттық болмысына ғашық болған жапон қызының еліміздің жас буын өкілдеріне үлгі болуы. Қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, жанына серік еткен қаршадай жапон қызының бұл әрекетін халқымызға деген ерекше қошемет-құрметі деп түсінеміз. 

Өз тілі мен ділін құрметтеп, өзге елдің мәдениетін үйреніп жүрген жапон қызының әңгімесі тыңдаған қауымды шабыттандырмай қоймайды. Тіл мәселесінің көкейкестілігі арта түскен қазіргі заманда Икедзоэ Рисаның әрекеті өскелең ұрпақ үшін, қазақ жастары үшін ғибрат алатын, үлгі тұтатын  ғажап дүние.

«Өз тілін біліп барып, өзге тілді білсе – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, өзге тілді білсе – күйініш», – деп ұстаз әрі ғалым Халел Досмұхамедұлы айтқандай, қазіргі кезде ұлттық құндылықтарымыздың қадіріне жетпей жүрген жастарымыз мемлекеттік тілді шұбарлаудан арылып, қасиетті ана тілінің асыл қазынасынан сусындап, тіліміздің абыройын асқақтатса дейміз.

Екіншіден, Отанымыздың жоғары оқу орындарының студенттері үшін де, мектеп оқушылары үшін де Икедзоэ Риса секілді шетелдік білімгерлермен танысып, өзара білім алмасып, бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Себебі, жастарымыз мемлекеттік тілді терең меңгеріп, оның қыр-сырын ұғынса, содан соң жапон тілі сияқты Қазақстанда сирек кездесетін, бірақ сұранысқа ие шығыс тілдерін үйренсе, міне, болашақта білімді де білікті қазақ жастарының келбеті, саналы да зерделі ұрпақ болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек.

А.Б. Шағатаева,
№209 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің оқытушысы.

Г.Б. Тазабекова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here