«Қазақ – қазақ болғалы» небір алмағайып заманды бастан өткерді. Соның бірі – өткен ғасырдың бас кезіндегі ашаршылық, одан кейін – жазықсыз жаппай қудалану. Міне, осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын егемен ел болғалы «өлі риза болмай…» дегенді ұмытпай, құрмет көрсетіп келеміз.
Елімізде 31 мамыр тоталитарлық жүйеден зардап шегіп, ашаршылық пен зұлматтарды бастан кешіргендер мен аштықтан қайтыс болғандарды еске алу күні!
Саяси құрбандардың арасында қазақтың зиялы өкілдері көп болды. Сол зұлматтан 25 мыңға жуық қазақстандық ажал құшса, 125 мыңнан астам жерлесімізге саяси айып тағылып, сотталған…
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Шерлі тарих: ХХ ғасырдың I жартысындағы қуғын-сүргін сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Талғар ауданы Жаңалық ауылында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде ғылыми жиынға арнайы келген халық жауы атанып, атылған азаматтардың ұрпақтары естеліктерімен бөлісті.
«Зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болған арыстардың есімі ұрпақ жадынан өшпей, үнемі ұлықталуы керек», – дейді шараға қатысушылар.
Айта кетейік, айтулы шараға Өзбекстанның мемлекеттік саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің директоры Бахтиер Хасанов, Қырғыз Республикасы Ош өңірлік мұрағат қызметі басқарма бастығының орынбасары Нұрғазы Есенбайұлы және еліміздің Алматы, Астана, Атырау, Түркістан, Шымкент өңірлерінен тарихшы-ғалымдар қатысты. Конференцияны филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес жүргізді.
«Олар біздің санамызда, саясатымыз бен идеологиямызда болу керек. Қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан келген зардап пен залал қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қасірет. Осы қасіреттен тағылым алуымыз керек. Тарихымызда қасіретті беттер аз емес, соның бәрінен саяси-практикалық, идеологиялық қорытынды шығарып отырсақ, жаман болмас едік», – деді тарихшы Хангелді Әбжанов.
Халықаралық конференцияның өтуіне Алматы облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы демеушілік жасап, қолдау көрсетсе, жиынға басқарма басшысы Данияр Әлиев арнайы қатысып, төмендегідей ойын жеткізді:
«Бұл қарашаңырақта қазақтың ғана аты аталып, түсі түстелген жоқ. Сонау Еуропа төріндегі поляктар, кавказдықтар, славян ұлт өкілдері, түркілерден өзбек, ұйғыр, қырғыз ағайындардың да ата-бабаларының сүйектері жатқан мекен. Екінші залымыздағы 4 425 тізім – ол анықталғаны. Әлі талай боздақтарымыздың тегі анықталмаған күйі бауырлар зиратында жатыр. Бүгінде археологиялық жұмыстың нәтижесінде табылған 50 құрбанның мәйітін қайта жерлемекпіз. Оның төртеуі әйел адам, басқасы еуропалық және азиялық азаматтардың сүйектері екені анықталды. Солақай саясаттың қанды іздерінің сызы қазақтың даласында сайрап жатыр. Бүгінгі күнді қаралы күн, ауыр күн деп санаймыз. Бабалар рухы разы болсын! Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұмытылмақ емес».
Алғашқы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан мемлекетінің саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Бахтиер Хасанов жасады, одан соң Қырғызстаннан келген Ош өңірлік мұрағат қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Әлімбаев жалғастырды.
Конференцияда оқылған баяндамаларда саяси қуғынға ұшыраған ұлттардың тағдыр-теперіштері еске алынды. Олардың көрген қиындықтары мен жергілікті халықтың оларға деген қамқорлықтары туралы да кеңінен мәліметтер келтірілді. Және жиында 10-ға жуық кітаптың тұсауы кесілді.
Өткен жылы Қазақстанда алғашқы рет репрессия құрбандарының сүйек қалдықтарын анықтауға арналған археологиялық қазба жұмыстар жүргізіліп, жаңа термин-сот медициналық археология енгізілген болатын. Бұл қазба жұмыстарына сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен еді. Осы жұмыс барысында табылған сүйектерді қайта жерлеу рәсімі конференция соңында өтті. Саяси құрбандарға арнайы құран оқылып, дұға бағышталды.
«Қазба жұмысы кезінде табылған 50 мәйіттің сүйегіне ДНҚ сараптамасы жүргізілді. Бүгін соларды қайта жерледік. Бұл жұмыс қуғын-сүргін тарихын зерттеуде археологиялық сот-медициналық сараптама, генетикалық зертхана, музей саласын біріктірді», – деді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Раилқызы.
Тарихи дерек бойынша сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 22 мың адам атылған. Оның бес мыңға жуығы осы Жаңалық ауылы маңындағы орынға көмілген.
Конференция соңында саяси құрбандардың ұрпақтарына естелік сыйлықтар берілді.
Индира БІРЖАНСАЛ