ҚазҰУ филиалын Омбыда ашу келісілді

0
1134

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы Ресей Федерациясында Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында ашылады. Бұған ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевскиймен және Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен кездесуі барысында қол жеткізілді.

Бүгін екі жоғары оқу орнының басшылары ОМУ базасында ҚазҰУ филиалын құру және оның жұмысы туралы келісімге қол қойды. Бұл Ресейдегі халықаралық құқық, кеден ісі және филология саласында екі ел үшін мамандар даярлайтын алғашқы қазақстандық филиал.

Қол қою рәсіміне Омбы облысының үкімет төрағасының орынбасары және білім министрі Иван Кротт, ҚР Омбы қаласындағы бас консулы Керім Қожамбердиев, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Замятин, Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Қонақтарды қарсы ала отырып, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко өңірдің Қазақстан қалаларымен түрлі салалардағы қарым-қатынасы туралы айтты. Өз сөзінде губернатор Омбы облысының әкімшілігі тарапынан ҚазҰУ-дың ОМУ базасындағы филиалына үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізді.

ҚазҰУ ректоры губернаторға ілтипат білдіріп, жылы қабылдағаны үшін алғысын айтып, жүзеге асырылып жатқан бастаманың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың шетел университеттерінде филиал ашу бойынша тәжірибесі мол екенін айтты.

«Шетелдерде филиал ашу арқылы ҚазҰУ өзінің әлемдік аренадағы беделін арттырып келеді. Бүгінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының филиалы Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғызстанның Бішкек қаласында ашылды. Енді Ресейдің Омбы қаласында ашылғалы жатыр. Бұл – ЖОО-ның үшінші филиалы.  Сондай-ақ ҚазҰУ базасында «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша Ресейдің МИФИ филиалы өзінің білім беру қызметін табысты жүргізуде. 2023 жылдың 12 қазанынан бастап оқу ордасында Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді», – деді ҚазҰУ ректоры.

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде филиалда алғаш халықаралық құқық, кеден ісі  және шет тілі сияқты білім беру бағдарламалары іске қосылатынын жеткізді. Аталған мамандықтарды бітіргеннен кейін түлектер екі елдің қарым-қатынасын нығайту үшін жұмыс істейтін болады.

Өз кезегінде РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары бұл оқиға екі елдің ғылымы мен білім үшін маңызды екенін атап өтті. Константин Могилевский ҚазҰУ-дың Ресей Федерациясының аумағында білім беру және ғылыми қызметті жүргізуге лицензиясын тануға көмектесетінін жеткізді. Сонымен қатар вице-министр ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарының қызметін дамыту жоспарымен бөлісті.

Кездесу барысында тараптар ҚазҰУ филиалы орналасатын ғимарат жөнінде және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, ОМУ – көпфункционалды білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту кешені. Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті 1973 жылы құрылған. Бүгінгі таңда жоғары оқу орнында 1056 оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді, 5740 студент оқиды. Университетте тоғыз факультет бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here